Үлескерлік құрылыстың екінші тынысы

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
10311

Астанада үлескерлік құрылыстың жаңа тәсілдері бойынша үш тұрғын үй нысанын салуға келісім берілді.

Үлескерлік құрылыстың екінші тынысы

Екі жағдайда үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатты елорда әкімдігі беріп отыр. "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ ("Бәйтерек" мемлекеттік холдингінің құрылымына кіреді) тағы бір жоба бойынша кепілдікті желтоқсан айының соңына дейін беруді жоспарлап отыр, бұл үлескерлердің қаражатын тартуға негіз болады.

"Ресми түрде бір өтінім жаңа заң күшіне енгеннен кейін бірден 11 қазанда берілген. Ол бойынша оң шешім қабылданды және келесі аптада шартқа қол қоямыз. Өзге тәсілдер бойынша – екі жобаға  Астана әкімдігі келісім берді", – деді abctv.kz-ке басқарушы директор-Қор басқармасының мүшесі Қанат Ибраев.

Оның айтуынша, тағы бес жоба бойынша әзірше кеңесу жүргізіліп жатыр, құрылыс салушылар өтінім беруге құжат дайындау үстінде.

"Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы" жаңа заңға сәйкес үлескерлердің қаражатын тартуға  рұқсат беретін үш тәсіл туралы бұдан бұрын abctv.kz айтқан болатын. Заң 2016 жылдың 10 қазанында күшіне енді.

Қанат Ибраев Қордан кепілдік алу арқылы іске асырылатын тәсілдердің бірінің қалай жұмыс істейтіндігін айтып берді

"Құрылысты салушы 100-пайыздық еншілес құрылым –  нақты тұрғын үй кешенін салатын уәкілетті компания құруға тиіс. Ол компанияның мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы,  жеке меншігінде немесе жалға алынған құрылыс салуға арналған жер телімі,  жобаның 10-15%  көлеміндегі жеке қаражаты болуы керек. Құрылыс салушы барлық қажетті құжаттарды жинайды, Қорға келіп, кепілдікті алуға өтінім береді. Содан соң 15 жұмыс күні ішінде  біз қаржылық, құқықтық және техникалық мәселелер бойынша сараптама жүргіземіз. Қордың оң бағасын алған кезде салушы бізден кепілдік алады, ол оған үлескерлердің қаражатын заңды түрде тартуға мүмкіндік береді. Бірақ алдымен кепілдік жарнасын төлеуге тиіс, оның мөлшері жоба құнынан екі пайыздан алты пайызға дейінгі соманы құрайды және әдістеме бойынша есептеледі".

Уәкілетті компанияның активтері міндеттер орындалғанға дейін Қорда кепілде болады. Тұрғын үй құрылысының барлық кезеңінде тәуелсіз инжирингтік компания жұмыстың жүруіне және үлескерлердің қаражаты мақсатты пайдаланылуына бақылау жүргізеді. Қор құрылыс салушыға кепілдік бергендіктен, күтпеген жағдай туындаса құрылысты өзі аяқтауға және заңды жылжымайтын мүлкін үлескерлерге тапсыруға міндеттеледі.

"Күтпеген жағдай орын алса, біз уәкілетті компанияны сенімді басқаруға аламыз. Егер мәселе мердігердің кінәсінен орын алса, оны ауыстырамыз. Уәкілетті компанияның басқарушылар құрамын ауыстырамыз. Біз құрылысты кепілді жағдайды реттеуге Ұлттық қордан бөлінген қаражатымызбен аяқтайтын боламыз", – деп түсіндірді Қанат Ибраев.

Қордың жарғылық капиталы – 10 млрд теңге. Аталған қаражат Ұлттық қордан 2016 жылы бөлінген болатын. Қор өкілі келіп түскен өтінімдер саны көбейген жағдайда сома ұлғаюы мүмкін екенін атап өтті.

Қордан кепілдік алған компаниялардың тізімі hgf.kz ресми сайтында жарияланбақшы.

Ибраев мырзаның айтуынша Алматыда үлескерлік құрылыстың жаңа тәсілдерінің бірде-бірімен жұмыс әлі басталмаған. Бірақ оның уәжіне сенсек, алдымыздағы жылы бірнеше жоба бойынша өтінімдерге Қор өз келісімін беруі мүмкін. Аймақтардағы бизнесмендер Қормен қалай жұмыс істеу керегін нақты білмейді, сондықтан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде дейді ол.

Құрылыс салушыларға ыңғайлы болу үшін бизнес-үдерістерді автоматтандыру жоспарлануда, бұл Қордан кепілдік алу үшін өтінімді электронды түрде беруге мүмкіндік береді.

Қазір  екінші деңгейлі банктердің ықтимал қарызгерлерден  салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға ипотека рәсімдеу үшін қосымша кепіл (дербес жылжымайтын тұрғын үй мүлкі жоқ жеке тұлғалар мұны орындай алмайды) талап ететіндігіне қатысты құрылыс салушылардың шағымы қаржы секторымен бірлесіп талқыланып жатыр. "Құрылысының аяқталатындығына Қор кепіл болған үйлердегі жылжымайтын мүлікті тұрақты кепіл деп тану жөнінде келіссөз жүргізілуде", – мәлім етті Қанат Ибраев.

Оның сөзінше, 2017 жылы Қор тұрғын үй құрылысының 15-20 жобасы бойынша кепілдік беруді жоспарлайды. Аталған тәсілмен салынған алғашқы нысандар 2018  жылдан бастап  пайдалануға берілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу