Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертті

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2819

Қаржылық реттеуші базалық мөлшерлемені 9,75%-ға төмендету туралы шешім қабылдады.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертті

Арнайы брифинг өткізген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев базалық мөлшерлеме +/-1% симметриялық ауытқу шегімен 9,75%-ға дейін төмендегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мөлшерлемелер банктерде өтімділік беру операциялары бойынша 10,75%-ды, ал өтімділік алу операциялары бойынша 8,75%-ды құрады.

"Бір жыл бұрын, яғни 2017 жылғы қаңтарда базалық мөлшерлеме 12% болғанын еске сала кетейін. Базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім 2017 жылғы оң нәтижелерге және 2018 жылы экономикалық ахуалдың оңтайлы дамуын күтуге байланысты қабылданды. Бұл шешім Ұлттық банктің инфляцияны биыл 5-7% жаңа нысаналы дәліз шегінде сақтаудағы және 2020 жылы 4% болатын ортамерзімді мақсатқа біртіндеп жетудегі сенімділігін растайды. Біз ақша нарығындағы дағдарысқа қарсы басқару кезеңін артта қалдырдық. Енді инфляция бойынша түпкілікті мақсатқа жету үшін ақша-несие саясаты трансмиссиялық механизмі арнасының пәрменділігін қалпына келтіру мен күшейту кезеңіне аяқ басамыз", – деді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, Ұлттық банк 2018 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендете түсуі әбден мүмкін.

"Егер сауда талаптары және сауда бойынша әріптес елдердегі жағдай қалыпты болса, 2017 жылы Қазақстан экономикасындағы ахуалдың жақсаруына ықпал еткен үрдіс биыл да жалғасса, сондай-ақ тұтастай алғанда инфляцияның болжамдық және нақты серпіні бір-біріне сәйкес келсе, ақша-несие саясаты әлі жұмсарады", – деді Данияр Ақышев.
Еске сала кетейік, базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2018 жылғы 5 наурызда Астана уақытымен сағат 17:00-де жарияланады.

Данияр Ақышев атап өткендей, 2017 жылдың қорытындысында инфляция 7,1% деңгейінде қалыптасты. Яғни нысаналы дәліз шегінен асқан жоқ. Қалыптасқан көрсеткіш болжанған өлшемнен төмен болып шықты. Өйткені 2017 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 7,5-7,7% шамасында орын алады деп күтілген еді.

"Инфляцияның баяулауы көп жағдайда жекелеген тауарлар мен қызметтер нарығындағы бағаның тұрақталуына байланысты. Атап айтқанда, күз айларында бензин бағасы қымбаттаса, желтоқсанда төмендеді. Тұтынушылық сұраныстың төмендеуі аясында ұзақ пайдаланылатын тауарлар бағасының баяу өсуі байқалады. Теңгенің айырбастау бағамының төмен құбылуы да жылдық инфляцияның баяулауына оң үлес қосты", – деді  Данияр Ақышев.

Төрағаның айтуынша, инфляцияға сыртқы сектор тарапынан шикізат пен тауар нарығындағы ахуал оң ықпал еткен.

"Қазан айының соңынан бері мұнай бағасы тұрақты түрде бір баррель үшін 60 АҚШ долларынан жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің халықаралық нарықтарында әлемдік баға индексі ішкі бағаға проинфляциялық қысым көрсеткен жоқ", – деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының баяндауынша, сыртқы нарықтағы оң серпін ішкі валюта нарығын тұрақтандыруға әсер етті.

2017 жылдың қорытындысы бойынша теңге 0,3%-ға нығайды. Атап өтерлігі, теңге қазіргі уақытта да нығаюын жалғастыруда. 12 қаңтардағы сауда-саттық қорытындысында теңге жыл басынан бері 0,8%-ға нығайды.
"Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері алдын ала деректер бойынша бір жылда 4,7% немесе 1,4 млрд АҚШ долларына өсіп, 31,1 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың валюталық активтері 57,7 млрд АҚШ долларына немесе 5,7%-ға жетті. Елдің халықаралық резервтерінің жиынтығы 88,8 млрд АҚШ долларына тең болды", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу