Үнемдеудің швейцариялық үлгісі

2230

Швейцарияның қаржыгерлері мемлекеттік бюджетті жоспарлау жөніндегі тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Үнемдеудің швейцариялық үлгісі

Швейцарияның бұрынғы президенті, федералдық қаржы министрлігі Швейцария федералдық кеңесінің мүшесі (қаржы министрі) Ули Маурер халықаралық қаржы мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшы Йорг Гассермен бірге Орталық Азия республикаларына жасаған сапары аясында Астанаға келді.

Қазақстандағы әріптестерімен іскерлік кездесулер өткізуден бөлек, олар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін де назардан тыс қалдырмады.

"Мен өз басым Қазақстанның "Нұр Әлем" павильонының ауқымы мен сәулетінен ерекше әсер алдым. Қазақстан көтеріп отырған тақырып – "Болашақ энергиясы" Швейцария үшін де етене жақын, бұл одан әрі тығыз қарым-қатынас жасауға үлкен мүмкіндік береді", – деді Ули Маурер отандық журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.

Ол Орталық Азия елдерін аралаудың мақсаты – мұндағы дамушы елдерде қандай өзгерістер орын алғанын өз көзімен көріп, болашақта Швейцария оларға қандай пайда әкеле алатынын түсіну екенін айтты.

"Бізді Орталық Азияның барлық елі тартылған "Бір белдеу, бір жол" атты ауқымды мемлекетаралық жобасы қызықтырып отыр. Швейцария осыған қандай көмек, қолдау көрсете алатынын түсіну біз үшін маңызды", – деп баса айтты Ули Маурер.

Әзірге Швейцария тарапында "Бір белдеу, бір жол" бастамасына қатысуға арналған нақты жобалары жоқ. Олар әлі бұл мәселені зерттеп жатыр, бірақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да елдердің билігі тарапынан кез келген ұсынысты қарастыруға дайын екенін білдірді.

Халықаралық қаржы мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшы Йорг Гассер сан түрлі қатерден сақтандыру жөніндегі Швейцарияның тәжірибесін үлгі ретінде келтірді. Ал нақты Қазақстанға келетін болсақ, екі ел қаржы саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға 2012 жылы қол қойған болатын. Бұл құжат Швейцария қаржыгерлерінің "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстанның Ұлттық банкіне кеңес беріп, көмек көрсетуде негізге алынды.

Журналистер қазіргі кезде бір ірі банк ауқымы жағынан одан кем түспейтін екінші банкті жұтып алып жатқан Қазақстанның банк саласындағы жағдайға баға беруін сұрап Ули Маурерге жүгінді.

Ол басқарушылардың жаңа ұрпағы қажетті стратегиялық шешім қабылдауға тиіс деп үміттендіріп қойды.

"Біз жағдайды зерттей келе соңғы уақытта сіздерде мемлекеттік қарыздың мөлшері артып, қайтарымсыз несиелер санының өскенін көріп отырмыз. Мүмкін бұл басқарушылардың  бұрынғы ұрпағының әрекетінен туындаған шығар. Жаңа басқарушылар келіп жағдайды түзету үшін стратегиялық шешім қабылдайды", – деді Ули Маурер.

Ол мемлекеттік бюджетті жоспарлау жөніндегі Швейцарияның тәжірибесі туралы да сөз қозғады.

"Елдің бюджеті мен экономикасын жоспарлауда біз таза ғылыми әдіске сүйенеміз, мұнда халықтың талпынысы, өсіп-өну көрсеткіші, маңызды тауарларға қойылған әлемдік баға сияқты көптеген фактор ескеріледі. Біздің ғылыми әдісіміз барлық әлемге танымал және біз сіздермен тәжірибемізбен қуана-қуана бөлісеміз", – деді Ули Маурер.

Ол швейцариялық әдістің сырын ашты. Мәселе мынада, үнемділік Швейцарияның негізгі заңында жазылған.

"Біздің Конституциямызда аталмыш "борышқорлық тежегіш" деген ұғым бар, яғни мемлекет түсірген пайдасынан артық жұмсауға құқығы жоқ. Үкіметке артық шығын жасауға мүмкіндік бермейтіндей қорғаныс механизмі іске қосылады, қаржы жүйесі осылайша жұмыс істейді", – деп баса айтты федералдық кеңесші.

Журналистер одан криптовалютаның болашағы туралы пікірі қандай екенін сұрады.

"Бұл тақырып бүгінде Швейцарияда да талқыланып жатыр. Біз криптовалютаның белгілі бір рөл атқаратынын байқап отырмыз, бірақ оны пайдалану жөніндегі технологиялар алға баса қойған жоқ. Олар енді ғана дамып келеді, сондықтан болашақта мұның барлығы қалай болатынын дөп басып айту қиын", – деп жауап берді Ули Маурер.

Оның пікірінше, америкалық доллар әлі де күшін жоғалтпай келеді.

"Долларға қарсы тұра алатын одан да мықты валюта қажет, бірақ оған қаншалықты жылдам қол жеткізетініміз жаңа валюта неге негізделетініне байланысты болады, себебі кез келген валютанының құны нақты экономикаға тәуелді. Бұл ұзаққа созыларына  күмәнім бар", – деп түйіндеді Ули Маурер.

Әйгерім Сүлейменова, Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу