Владимир Ким Bank RBK-ны иемденуге келісім алды

3084

Еліміздің ең бай бизнесмендерінің бірінен түскен ТОП-10 қатарындағы банктің бақылау пакетін сатып алу туралы өтінішті Ұлттық банк бес ай  қарастырды.

Владимир Ким Bank RBK-ны иемденуге келісім алды

Владимир Кимге "Bank RBK" АҚ-ның (Bank RBK) ірі қатысушысы мәртебесін беруге Қазақстан Ұлттық банкі (ҚР Ұлттық банкі) келісім берді. Бұл туралы сейсенбі, 1 тамыз күні, банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан қор биржасының мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша бизнесменге Bank RBK қарапайым акцияларының 7,26%-ы тиесілі. Владимир Ким ірі акционер мәртебесін қосымша құнды қағаз шығару аясындағы акцияларды сатып алу есебінен алуы әбден мүмкін.Оның тәртібі мен шарттарын әлі анықтау қажет.

Еске сала кетсек, биылғы 12 шілдеде банктің директорлар кеңесінің отырысында акционерлер кворумы 15 тамызда қаржылық институттың меншік иелерінің кезектен тыс жиналысын өткізу туралы шешім қабылдады. Күн тәртібіне банктің жарияланған қарапайым акцияларының санын көбейту және қарапайым акцияларға айырбасталатын тәртіптелген облигациялар шығару мәселелері қойылды.

Bank RBK-ның бақылау пакетін сатып алуға деген ниетін Владимир Ким биылғы жылдың наурыз айында білдірген болатын. Оған қоса мамыр айының соңында банк "Qazaq Banki" АҚ-мен бірлесіп екі қаржы институтын біріктіру бойынша келіссөз басталғанын жариялаған еді.

"Жуырда банктер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады деп күтіледі, бірігудің алғышарты осы болмақ. Меморандумның негізгі ережелерін ҚР Ұлттық банкі мақұлдады. Біріккен қаржы институты Bank RBK брендінің атымен жұмыс істейтін болады. Кезең-кезеңмен бірігудің жол картасында жаңа құрылымның ірі бақылаушы қатысушысы Владимир Ким болады", – делінген Bank RBK-ның баспасөз баянында.

Банктер біріккен жағдайда Bank RBK активтер көлемі бойынша 1,4 трлн теңге көрсеткішпен Қазақстан банктерінің тізімінде тоғызыншы орыннан  бесінші орынға көтеріледі деп күтілуде.

Владимир Ким ең табысты отандық бизнесмендердің бірі болып табылады. Ағымдағы жылы Forbes Kazakhstan журналының рейтингінде елдің ең бай 50 кәсіпкерінің көшін бастады. Басылым оның қаражатын 2,5 млрд долларға бағалады. Бизнесмен байлығының негізін KAZ Minerals PLC тау-кен өндіруші компаниясы мен  "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС-ның бақылау үлестері құрайды.

Соңғы жылы бизнесменнің байлығы шамамен 800 млн долларға ұлғайғанын рейтинг көрсетті. KAZ Minerals PLC компаниясында өндірісті ұлғайту мен мыс бағасын арттыру есебінен капиталдың көбеюі бизнесменнің осынша байлыққа кенелуіне жол ашты. I тоқсанның қорытындысы бойынша KAZ Minerals PLC-дің нарықтық құны 2,7 млрд долларды құрады.

Bank RBK биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында актив көлемі бойынша (997,9 млрд теңге) отандық банктердің ондығына кірді. Банктің қарыз қоржыны 737,3 млрд теңгеге тең, оның ішінде жұмыс істемейтіні – 6,23%.

Маусым айында банк, Халық банкпен бірігудің алдында тұрған Қазкоммерцбанкті есепке алмағанда, мерзімінен өткен және үмітсіз қарыздар мөлшерінің өсімі бойынша көш бастап тұрған. Жарты жылдағы банктің тапқан таза  табысы 2,06 млрд теңгені құрады.

1 шілдеде Bank RBK-ның ірі акционерлері  (яғни қатысу үлесі 10%-дан жоғары) "Фонд-Инвест" мүлікті басқару жөніндегі дирекция" ЖШС (банк акцияларының 20,47 %-ы Ұлт көшбасшысы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорына тиесілі) және Фарид Лихудзяев (акциялардың 10,24%-ы) болды.

Әйгерім Сүлейменова, Сұлтан Биманов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу