WSB шаршы алаңында өзбектер жоқ, Үндістан қосылды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3224

Бүкіләлемдік бокс сериясы сегізінші маусымына қатысатын командалар тізімі мен биылғы өткізілу тәртібін жариялады.

WSB шаршы алаңында өзбектер жоқ, Үндістан қосылды Фото: astanaarlans.kz

WSB жобасының сегізінші маусымы ақпан айының басында басталады екен. Биыл бас бәйгені 11 команда сарапқа салатын болыпты. Олар жағрафиялық орналасуларына байланысты үш топқа бөлінген. Әуелі соған тоқталайық.

Азия: "Astana Arlans" (Қазақстан), "China Dragons" (Қытай), "Patriot Boxing Team" (Ресей) және Үндістан (команда атауы әлі белгісіз).

Еуропа: "British Lionhearts" (Ұлыбритания), "France Fighting Roosters" (Франция), "Italia Thunder" (Италия) және "Croatian Knights" (Хорватия).

Америка: "Cuba Domadores" (Куба), "Colombia Heroicos" (Колумбия), "Venezuela Caciques" (Венесуэла).

Өздеріңіз байқап отырғандай, биыл AIBA-ның осы жобасына қатысатындар арасында Өзбекстан командасы жоқ. Ала тақиялы көршілеріміз WSB шаршы алаңындағы жекпе-жектерге қатысудан ресми түрде бас тартпағандарымен, өтініш білдіргендер қатарында жоқ...

AIBA-ның уақытша президенті (бұрынғы вице-президенті) Франко Фальчинелли WSB жобасына Хорватияның қайсар қырандары мен Үндістан командасының қатысатындығын айрықша атап өтіп, олардың шаршы алаңдағы жекпе-жектерді шиеленістіре түсетіндігіне сенім білдіріпті.

Биылғы маусымда әр команданың сапында шетелдік боксшылар аз болмайтын сияқты. 42 мемлекеттен 196 боксшы тіркеліп, осы жоба аясында бақ сынауға ниет білдіріпті. Енді олардың ішінен өздеріне қажеттерін жоғарыдағы 11 команда таңдап алуы керек сияқты. Қаңтардың ортасында әр команданың сапы толықтай бекітілуі керек екен.

Биылғы маусымның өткізілу тәртібі – былтырғыдай. Әуелі топтық (аймақтық) кездесулер өтіп, үздік командалар плей-оффта бақ сынау құқығына ие болады. Ширек (немесе жартылай) финалға шығу тәртібі әлі жарияланбаған.

Жалпы, WSB жобасы қазақ боксшылары үшін жаман болған жоқ. Керісінше, көптеген тарланбоздарымыздың бағын ашты. Ел ішінде бәсекелестік шектен тыс қызу болғандықтан, ұлттық құрамаға ілікпей қалған қаншама жігітіміз осы жоба арқылы көзге түсті. Алды кәсіпқой боксқа ауысып, өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр.

Осы ретте айта кеткеніміз жөн болар, тіпті ұлттық құрама сапындағы кейбір боксшыларымыз WSB жобасының бес руандтық жекпе-жектерінде шыңдалып, тәжірибелерін толыстыра түсті. "Астана Арландары" қазақ боксының талантқа бай екендігін бүкіл әлемге паш етіп, аталмыш жобада үш рет чемпион атанды.  

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу