Заң бұзған 30 мың шенеунік жазадан құтылды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2025

Ел қаржысы мен мемлекеттік мүліктерді ту-талақай еткен, бірақ онысы әшкереленіп қалған соң, "ішкен-жегенін" кері қайтарған 30 мың шенеунік жазадан босатылыпты.

Заң бұзған 30 мың шенеунік жазадан құтылды

Бұл туралы бүгін парламент мәжілісінде өткен "үкімет сағатында" қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті. Бұл жиын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды жетілдіру мәселелеріне арналған болатын.

"Жоспарлы тексерістер саны азайды, бірақ олардың нәтижелілігі жоғарылады. Осы жылдың 9 айында тексерулермен 1,4 триллион теңге қамтылды, оның 40 пайызы бойынша бұзушылықтар анықталған. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда, 30 пайызға жоғары. Жұмыс тиімділігі жойылған бұзушылықтардан да көрініп тұр. Егер 2015 жылы 1 тексерушіге келетін жою 285 миллион теңгені құраса, ағымдағы жылы 1 аудитор жарты миллиард теңгеге жуық бұзушылықты жойды", – деді министр.

Ревизорлар тексерулері бойынша 13 материал құқық қорғау органдарына жіберілген.

Объектіге баруды қарастыратын "жоспарлы" түрімен қатар қолданылатын "кабинеттік тексеру" камералдық бақылау деп аталады: онда қаржы министрлігінің шенеуніктері бизнесмендер мен кәсіпорындарды "ревизорлық сапарлар" арқылы емес, өз кабинетінде отырып, интернет пен компьютер арқылы тексереді екен.

"Бұл тексерулер тікелей объектілерге шығу арқылы емес, жұмыс орнында ақпараттық жүйелерге сүйеніп, жүзеге асырылады. Бұзушылықтарды алдын ала анықтау, оларға жол бермеу және мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік ауыртпалықты азайту үшін ақпараттық жүйелер деректері негізінде объектіге бармай, ішкі мемлекеттік аудит комитеті және оның аумақтық бөлімшелері камералдық бақылау жүргізуде. Осы жұмыстың арқасында 2017 жылдың 9 айында 1 аудиторға шаққанда мемлекеттік сатып алулардың 935 рәсімдері тексерілді. Бұған дейін осы бағытта 1 аудитор тек 12 тексеруді жүзеге асыра алатын", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Осы орайда 2017 жылы 597 миллиард теңгенің, ал екі жыл ішінде 1 триллион теңгеден артық соманың заң бұзушылықтары алдын ала анықталыпты.

"Бұл заң бұзушылықтарды өз еркімен жойғандары үшін шамамен 30 мың лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершіліктен босатылды", – деді қаржы министрі. 

"Камералдық бақылау заң бұзушылықтардың алдын алу элементі ретінде ендірілген болатын. Ол бақылау объектісіне бармай-ақ жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде табылған заң бұзушылықтарды бақылау объектісі жойса, жазалаудан босатылады. Сондықтан бұл тетік өзін жақсы жағынан көрсетіп отыр. Камералдық бақылау арқасында уәкілетті органдардың ішкі аудит бойынша бұрынғы жоспарлы тексерулері қисынды түрде қысқаруға тиіс еді. Алайда біз оны көріп отырған жоқпыз. Биылғы жылы бизнес субъектілерін тексеру екі есе артты", – деді түсініктеме берген мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова.

Ал бас қаржыгер бақылау-қадағалау органдарының "дерті асқынған" жерін атады:

"Шынында, коррупция мәселесі тұтастай алғанда, мемлекеттік басқару жүйесінің де, сондай-ақ бақылаушы органдардың да "аса дертті тұсы" болып табылады. Тексеруші органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері зор. Өйткені әлі күнге дейін олар бақылау объектілерімен тікелей қарым-қатынаста, байланыста болады. Бұл ретте ондай фактілер анықталса, дереу ден қоюға тырысамыз. Биылғы 9 ай қорытындысы бойынша шаралар қабылданып, біздің жүйедегі қызметтің абыройын төккен 6 лауазымды тұлғаға "қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту" жасалды, 3 лауазымды тұлғаға сөгіс жарияланды. Өткен жылы біз тіпті комитет төрағасының орынбасарын да жұмыстан қудық", – деді Бақыт Тұрлыханұлы.

Сонымен бірге ол жасалып қойған бұзушылық үшін жазалау – "кейінгі ден қою" болып табылатынын және ол арқылы жемқорлықтың тамырына балта шабу мүмкін еместігін мойындады: "Мұндай шаралармен коррупциялық құбылыстарды жеңу – беймүмкін жайт. Сол себепті біз жүйелі шараларды қарастырудамыз, соның ішінде камералдық бақылауға салмақ түсіреміз, тікелей байланыстарды азайтамыз", – деді ол.

Қаржы министрі осы тұрғыда бұрын-соңды болмаған жаңа рейтинг түрін енгізу мәселесін қолдады:

"Мемлекеттік аудиторлар қызметінің тиімділігі рейтингін енгізу – бізде де қолдануға болатын шаралардың бірі деп санаймын. Бірақ бұл – рейтингі төмендерді жазалау үшін емес, біздің аудиторлардың қызмет сапасы мен рөлін арттыру, олардың қызметін бағалау үшін қажет. Біз алда әкелінетін жаңа заң жобасын қарау аясында бұл рейтингті ендіру мәселесін қарауға дайынбыз", – деді Бақыт Сұлтанов.

Ал депутат Омархан Өксікбаев болса, ревизорларға ара түсті. Ол кезінде есеп комитетін басқарып тұрғанда, мемлекет басшысы қабылдап, "тексерушілер әкімнің астына түсіп қалмасын" деп ескерткенін, бірақ кейін олардың сондай күйге түсіп қалғанын айтты.

"Қазіргі кезде бізде екі мыңнан астам тексеруші бар. Есеп комитетінде – 130-ы, 500-ге жуығы – ішкі қаржы аудиті құрылымында, 600-ден астамы тексеру комиссияларында жұмыс жасауда. Міне, осылардың жұмысын бірін-бірі қайталайтындай етпей, әрқайсысының жолын нақтылап беру керек. Әйтпесе, біз осы саланың тиімділіктен алыс жатқанын көріп отырмыз. Мұны есеп комитеті өз қолына алуы керек", – дейді депутат.

Айтқандай, бұрын тексеру комиссияларының мүшелері "саяси мемқызметшілерге" жататын, "оларды қазір аумақтық қызметкерлер деңгейіне дейін түсіріп тастапты": "Олардың дербестігі, тәуелсіздігі тіпті жоқ. Қазір оларды әкім қалай реттеймін десе, солай реттеп отыр", – деген депутат жергілікті бюджеттерді әкімқаралардың қалай жұмсап отырғанына тәуелсіз сыртқы бақылау болуға тиістігін нықтады.

Өз кезегінде есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков квазимемлекеттік сектордың, яғни ұлттық компаниялардың және министрліктер жанынан құрылған кәсіпорындардың қанша миллиардын бақылаумен қамти алып отырғандарын әңгімеледі. 2015 жылға дейін есеп комитеті тек мемлекеттік органдарды ғана тексере алатын да, "Самұрық-Қазына" жағына аяқ басуға құзыры болмайтын.

"Квазимемлекеттік субъектілерді аудит арқылы тексерумен қамту мәселесінің заң жүзінде шешілуі арқасында былтырғы жылдың ұқсас мерзімінде жалпы алғанда, 3 триллион 267 миллиард теңгені тексерсек, биылғы жылғы 9 ай ішінде 22 триллион 808 миллиард теңгені бақылауға алдық. Мұның көбісі квазимемлекеттік секторға тиесілі. Көрдіңіздер ме, үкіметтік активтер мен қаражаттарды тексерумен қамту 7 есе өсіп отыр. Бұл мүмкіндік 2015 жылы күшіне енген заң арқасында пайда болды. Нәтижесінде, біз бұл секторды тексеруге кірістік", – деді ол.

Есеп комитетінің басшысы қаржы не актив талан-тараж болған жағдайда, ол туралы алдымен соған жол берген басшылардың өздеріне жеткізетіндерін айтты:

"Анықталған заң бұзушылықтар туралы алдымен объектілердің басшыларына хабарлаймыз, өйткені олар аудит қорытындысы бойынша әшкереленген заң бұзушылықтарды жоюлары және өздерінің жауапты тұлғаларын жауапқа тартулары қажет. Екіншіден, біз тексерістер нәтижелерін және комитет қорытындысын үкіметке тапсырамыз. Үкімет те оны қарай отырып, тиісті шаралар қабылдайды деп ойлаймыз. Болашақта да біз осы саланы өз құзырымызда ұстап, кеңауқымды түрде қадағалап отырамыз", – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.   

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу