banner

Зейнетақы қорындағы қаржыны шетелдіктер басқаруы мүмкін

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4758

2016 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке жүгінсек, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 5,83 трлн теңгеге жетті.

Зейнетақы қорындағы қаржыны шетелдіктер басқаруы мүмкін

Бүгін Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамында бірқатар өзгеріс болатынын жеткізді.

"БЖЗҚ-дағы кемшіліктерді жоямыз, ақшаны пайдалануда ішкі бақылау жүйесін күшейтеміз. Алайда ең маңыздысы – қазір халықтың жинақтау жүйесіне деген күмәні сейілмей тұр", – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Бас банкирдің айтуынша, қазіргі таңда салымшыларда таңдау еркіндігі жоқ. Жалғыз қор, жалғыз басқарушы. Осы орайда, бір кездері бірнеше зейнетақы қорын біріктіріп ұйымдастырылған бірыңғай қордың активтерін қайтадан бірнеше компанияға бөліп беру мәселесінің қаралып жатқанын айтты.

"Инвестиция салу моделін таңдауда бәсекелестік принциптерін қалпына келтіргендей, зейнетақы активтерін басқару институттарын да солай ету керек. Қазір салымшылар алдында таңдау жоқ. Зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға аударылады. Зейнетақы қаржысын басқаратын ұйымды таңдау және инвестициялық стратегия таңдау мүмкіндігі қарастырылмаған. Мемлекет салымшылар үшін де барлығын өзі реттеп, тәуекелге барады. Сондықтан біз зейнетақы активтерін басқару функциясын жеке немесе шетелдік компанияларға беру жөніндегі елбасы тапсырмасын жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ұлттық банк зейнетақы активтері нарығында бәсекелестік болуын, салымшыларға таңдау ұсыну мәселесін қолдаған. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", – дейді Данияр Ақышев.

Дегенмен бас банкир бұл жерде бір нәрсені ескермей отыр. Халықтың наразылығын тудырған зейнетақы жүйесінің монополиялығы емес, оның активтерінің бәсекелестік ортаға берілуі. Сондықтан да қор активтерін бірнеше компанияның басқаруына бергенімен, қаржының жұмсалуындағы мәні өзгермейді. Оның үстіне басқарушы компания ретінде шетелдік ұйым тартылатын болса, онсыз да даудан арыла алмай жүрген БЖЗҚ мәселесі тіпті шиеленісіп кетуі мүмкін.

Жалпы зейнетақы қорындағы қыруар ақшаны айналымға шығарып, одан табыс табу жөнінде президент тапсырмасы шығысымен, қаржы секторы "батпан құйрықты" таласқа сала бастады. Алдымен қор басшылығы айыпталып, бір кездері жасалған заңсыз келісімнің беті ашылды. Артынша, БЖЗҚ" АҚ директорлар кеңесінің шешімімен қордың төрағасы болып бір кездері Ұлттық банкте жұмыс істеп кеткен Нұрбибі Наурызбаева тағайындалды.

Ал бірер апта бұрын акционерлік қоғам өзінің миллиардтаған теңге шығынға ұшырағанын мойындады. Оған кінәлі бірер жыл бұрынғы теңгенің девальвациясы екен. Стратегиялық маңызды ұйымның активтерінің теңгемен сақталуын сарапшылар қор басшылығының кәсібилігінің төмендігі деп бағалайды.

Жалпы зейнетақы қоры басшылығының жұмысына халық қана емес, парламент депутаттары да наразы. Өткен аптада бірыңғай жинақтаушы жүйесінен бас тартып, бірнеше ірі зейнетақы қорын құруды ұсынды. Ал мұндай жүйеден осыдан айналасы 4-5 жыл бұрын ғана бас тартқанымыз белгілі. Бүгін енді депутаттар осыған қайтып келу керектігін айтып отыр.

"Ақ жол" фракциясының депутаты Дания Есполова: "Ақ жол" партиясының фракциясы БЖЗҚ монополиясынан бас тартып, бірнеше бәсекелес зейнетақы қорын құру керек. Оларды мемлекет пен үкімет қатаң бақылауға алып отырады", – десе, "Халықтық коммунистер" партиясының өкілі, депутат Айқын Қоңыров қордың инвестициялық стратегиясы жоқ екенін айтып: "Көптеген проблема шешусіз қалған, халық толығымен жинақтау жүйесімен қамтылмаған. Сараптама көрсеткендей, жинақтау жүйесіндегі ақпарат пен оған шынайы қатысатын адам саны бір-біріне сәйкес келмейді. Заңды тұрғыда БЖЗҚ әрекетін реттеп, инвестициялық стратегия құрастыру керек", – дейді.

Қор қаржысының желлге ұшуына тек девальвация ғана кінәлі емес екен. Құнсызданған теңгені инвестициялауда да өрескел қателіктер кеткен. Қаржыны айналдыруда қор басшылығы жеке компания есебінен емес, тікелей өз атынан инвестициялаған. Соның салдарынан 9 млрд теңге тағы шығындалған.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Марк Хортон елдегі қаржы секторына қатысты жасаған баяндамасында Ұлттық банк пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметіне де тоқталған еді. Хортон екінші деңгейлі банктердің мемлекет қаржысына ортақтасуын доғару керектігін айтып, зейнетақы қорындағы қаражатты банктерге сеніп тапсыруға болмайтынын айтқан болатын.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу