Зейнетақы жинағын қалаған уақытта ала алмайсыз

7576

БЖЗҚ 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға шолу жасап, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,78 трлн теңгені құрағанын жариялады.

Зейнетақы жинағын қалаған уақытта ала алмайсыз

"2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,78 трлн теңгені құрады. Сөйтіп 2017 жылдың басынан бері 1,1 трлн теңгеге артты. Яғни бір жыл ішіндегі өсім 16,4%-ға жетті. 2018 жылдың 1 қаңтарында шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,12 млн, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,64 млн бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу бойынша салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ саны 443 мың, ал ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу (ЕЗЖ) бойынша 39 мың бірлікті құрады", – деп жазды БЖЗҚ-ның ресми сайты.  

Белгілі болғандай, 2017 жылы зейнетақы жарналары бойынша түсімдердің жалпы сомасы 756,5 млрд теңге болған. Бұл зейнетақы жарналарының жалпы түсімі бір жыл ішінде 8,3%-ға ұлғайды дегенді білдіреді. 

"2017 жылы БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 550,6 млрд теңге болды. Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 %-ды құрады. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 7,1% болғанын еске саламыз", – деп хабарланды зейнетақы қорының ресми парақшасында.

Жалпыға жария болған ақпаратқа сәйкес, 2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 211,12 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 26,06 млрд теңге болған. 2016 жылдың сәйкес кезеңінде қордан 169,69 млрд теңге төленіп, оның 22,69 млрд теңгесі сақтандыру ұйымдарына аударылған.

2017 жылы орта есеппен 1 адамға берілген зейнетақы төлемдерінің сомасы шамамен 576,5 мың теңгеге жеткен.  

Айта кетейік, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға 2015 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемдері ай сайынғы негізде жүзеге асырылатын болды. Егер алушы өтініш берген күні, оның жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Бүгінгі уақытта оның мөлшері - 404 940 теңге. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді.

Біле жүріңіз, ай сайынғы төлемнің мөлшері "Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне" сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде белгіленеді. Бұл ретте ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан төмен болмайды. Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері: 28 284 теңге. Мұның 54%-ы ақшаға айналдырғанда 15 274 теңге болады.

"Бұл нормалар зейнетақы жүйесінің тиімділігі мен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру ұзақтығын арттыру мақсатында енгізілді", – деп хабарлады зейнетақы қорының порталы.

Ал БЖЗҚ АҚ-ның басқарушы директоры Жанар Төлегенова осыдан екі күн бұрын биылдан бастап салымшыларға ай сайын төленетін ең төменгі сома 15 274 теңге екенін ресми мәлімдеп: "Бұл цифр заңмен бекітілген нормаға сәйкес алынып отыр. Яғни төлем көлемі ең төменгі күнкөрістен 54%-дан төмен болмауы тиіс. Мұндай ақшаны БЗЖҚ-дан төлем алуға құқылы қазақстандықтардың негізгі бөлігі алады. Олар зейнеткерлікке шыққан кездегі жинақтары 900 мыңнан 2 млн теңгеге дейінгі соманы құрайтын адамдар. Олардың саны 62 мың адам. 2 млн теңгеден астам жинағы бар 7 мыңнан астам адам БЖЗҚ-дан ай сайын 15274 теңге алып отырады", – деді.

Естеріңізге салайық, 2040 жылға қарай зейнетке шығатындар ынтымақты зейнетақы алмайды. Қоғамда базалық зейнетақы мен БЖЗҚ төлемдері ғана қалады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу