Жәбірленуші жәбірлеп жатыр

7386

Адам еңбегін заңсыз пайдаланды деп айыпталған азаматтар 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Жәбірленуші  жәбірлеп жатыр

"Жаңарқа  ауданында еркімнен тыс құлдықта болдым",  –  деп сотқа шағымданған  Жанат Саликов есімді азамат әу баста қыстауға өз еркімен келіпті. Тіпті бұл жерде 1 жыл жұмыс істепті. Кейін шаруа қожалығы иелерімен жүз шайысып, қыстаудан кетуге бел буыпты. Бұл ойын қыстаудан қашу арқылы жүзеге асырмақ болыпты. Алайда екі рет ұсталып қалып, кері қайтарылыпты. "Маған басында құрылыста жұмыс істейсің деп айтты. Бірақ бұл сөздері өтірік болды, маған мал бақтырып қойды, – дейді Жанат Саликов.

Жәбірленушінің сөзінше, оған тамақпен қоса күнде арақ берген және арасында жазалап,  жұдырық жұмсап отырған.

Жанат Саликовтың жанында өзінен басқа 2 адам болған. Тағдырластардың барлығы жұмысқа заңсыз жегілген. Бірақ олар сотқа  жәбірленуші емес, куәгер ретінде қатысқан.

Алғашқы отырысы Жаңарқа ауданында өткен сот бір жылға созылды. Нәтижесінде аудандық сот Нұртай Ынтықбаев пен ағалы-інілі Рамазан, Ербол Шалғынбаевтарды кінәсіз деп таныды. Сот  шаруа қожалығының иелері Жанат Саликовты жұмысқа мәжбүрлі түрде емес, өз еркімен салған деген ұстанымды темірқазық тұтқан.

Аудандық соттың шешіміне көңілі толмаған  Жанат Саликов пен оның қорғаушысы келесі инстанцияға арызданған. Ал айыпталған шаруа қожалығы иелерінің қорғаушысы Гаухар Ералинова Жанат Саликов бұған дейін де  Ақтоғай, Қарқаралы аудандарындағы қыстауларда жұмыс істеп, көктемде қашып кеткенін, яғни алаяқтықпен һәм ақша бопсалаумен айналысып жүргенін алға тартты.  

"Прокурор сотта айыпталушыларды  бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл жерде Жанат Саликовтың көкейін ақша тесіп тұр.  Ол айыпталушылардан млн теңге сұрап отыр. Ол осындай арам пиғылымен ауылдағы аңғал адамдардан  айласын асырып жүрген адам. Бұған дейін шағымданушы Ақтоғай, Қарқаралы аудандарында жалданып жұмыс істеген. Кейін фермерлерді қорқытып,1 млн  теңге алған. Біз аудандық сотқа ақтоғайлық шаруа Құдайберлі Шакеновті алып бардық. Кезінде Жанат Саликов осы кісінің шаруа қожалығында жұмыс істеген. Құдайберлі Шакеновтің айтуынша, қос тарап өзара келісімге келген, уақыт өте келе Жанат Саликов Құдайберлі Шакеновке жала жауып, үстінен арыз жазған, – дейді қорғаушы  Гаухар Ералинова.

Жанат Саликов  Ақтоғай ауданында жұмыс істегенін мойындайды, бірақ "ол жерде басқа оқиға болған" деп  түсініксіз жауап береді. Айта кетейік, бұған дейін де елді дүрліктірген. Ол тіпті жергілікті телеарна тілшілерінен көмек сұраған. Кейін іс екі жақтың келісімге келуіне байланысты, сотқа жетпей шешілген.

Жанат Саликовты  заңсыз құлдықта ұстады деп айыпталған шаруа қожалығының иелері: "біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз, қаладан жұмыс таппағанын айтып, бізге жұмыс сұрап келді. Малшы болуды ұсындық, ол бірден келісті. Астына мінетін ат бердік, кесімді жалақы белгіледік, ақшаны малмен өтейтін болдық",  – деп шыр-пыр болады.

Істі қайта қараған аппеляциялық  сот  аудандық соттың ақтау үкімін жойып, жаңа шешім шығарды. Соған сәйкес, ағайынды Рамазан, Ербол Шалғынбаевтар мен Нұртай Ынтықбаев "еңбекке  жегу мақсатында бостандықты заңсыз шектеу" бабы бойынша айыпты  деп танылып, 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Бұған қоса  шаруа қожалығының көлігі мемлекет пайдасына тәркіленетін болды.

Бұған дейін ақталып, бостандықта жүрген 3 шаруа сот залында тұтқындалды.  Ал Жанат Саликов болса,  өзін жәбірлегендерден моральдық шығын өндіріп алу үшін тағы да сот жағалайтынын айтып отыр.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу