Жағымды болжамдар негізгі мөлшерлемені төмендетеді

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
2407

Данияр Ақышев шешім ҚР ҰБ жанындағы  ақша-несие саясаты жөніндегі техникалық комитеттің маусым айындағы отырысында қабылдануы мүмкін екенін айтты.

Жағымды болжамдар негізгі мөлшерлемені төмендетеді

Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Данияр Ақышев маусым айында техникалық комитеттің отырысында мамыр айының қорытындысы талқыланып, базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі туралы шешім қабылданатынын айтты. Ұлттық банк басшысының айтуынша, инфляциялық болжам мен инфляцияның қазіргі деңгейі бойынша айтарлықтай оң болжам бар, яғни инфляциялық процестер баяулап, халық баға өсуінің азайғанын байқайтын болады. Ал бұл инфляциялық процестердің тұрақталуына әкеліп, ақыр-соңында базалық мөлшерлемені қайта қарауға негіз болмақ.

Еске салар болсақ, 10 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 11% деңгейінде сақтап қалды, ал бұл деңгей ақпан айында белгіленген болатын.  Техникалық комитеттің кейінгі отырыстарында да Ұлттық банк ақша индикаторын сол қалпында қалдырды.

Данияр Ақышевтың пайымдауынша, валюта нарығындағы жағдай тұрақты, сонымен бірге маңызды сыртқы және ішкі факторларды көрсетіп отыр. Жыл басынан бері теңге 6,7%-ға нығайып, 310,89 теңге (23 мамыр күнгі мәлімет) болды.

"Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Ұлттық банк доллар бағамына әсер ету мақсатында валюта нарығында интервенция жасамай отыр. Қазіргі баланс сұраныспен және нарық қатысушыларының ұсынысымен белгіленіп отыр", – деді Ұлттық банк басшысы.  Осының нәтижесінде халықтың теңгеге деген сенімі артып, ақша айырбастау пунктерінде доллар сатып алу 2017 жылдың наурыз айымен салыстырғанда 70%-ға қысқарып, 88,4 млн долларды құраған.

Ұлттық банк басшысы соңғы кезде теңге  құбылмалық танытып отыр дегенмен келіспейтіндігін айтты.

"Қазіргі орын алып отырған еркін айналым бағамы мен Ұлттық банктің теңге бағамының ауытқуына араласпауы  түсінікті. Олар сыртқы факторларға әсер етеді. Теңгенің тиянақталған бағамына жақын болған уақыттан кейін қайта қалыпқа келуі оңай емес екенін жақсы түсінемін. Халық пен бизнес теңгенің тұрақты бағамына көшуге жақын, ал ол болса күн сайын өзгереді.  Сонымен бірге теңгенің еркін айналымдағы бағамы ғана кәсіпорын мен халықты теңгерімдер үйлесімсіздігінен құтқарады. Ал бұрын бұл айналым бағамы өзгергенде халықты әуре-сарсаң ететін. Сондықтан теңгенің құбылмалығы үйлесімсіздік-ақ нарықтың дер кезінде реттелуіне мүмкіндік береді", – деді Данияр Ақышев abctv.kz сауалына жауап берген кезінде.
Қазіргі көрсеткіштер туралы сөз қозғасақ, сәуір айының қорытындысы бойынша инфляция деңгейі – 0,5%, биылғы жылдың басынан бастап – 2,7%, жыл бойынша – 7,5%-ды құрады. Осылайша, жылдық инфляция 6-8% мақсатты шектің деңгейінен шықпай отыр. Ішкі нарықтағы пайыздық мөлшерлемелердің көрсеткіші – TONIA индикаторы құрылып жатыр. Ұлттық банктің ақша нарығындағы операциялары артық теңге өтімділігін шығаруға бағытталды. Ұлттық банктің бұл бағыттағы негізі құралы қысқамерзімді ноталар болып қала бермек, сәуір айында мұндай ноталар 4144,8 млрд теңгеге шығарылды.Сәуір айының соңында ноталардың жалпы көлемі 2889,9 млрд теңгені құрады. Инвесторлар үшін ноталардың табыстылығы кезең-кезеңмен төмендейді. Ұлттық банк басшысының пікірінше, бұл инвесторлардың, оның ішінде банктердің қаражатын нақты экономика секторына өтуіне алғышарт жасайды. Сәуір айында әртүрлі мерзімді ноталардың табыстылығы 0,023%-ға төмендеді.

Екі ай қатарынан теңгемен сақталған депозиттердің үлесі шетелдік валютадағы депозиттерден асып түсті. Долларсыздандыру деңгейі сәуір айында 49,8%-дан 48,8%-ға дейін төмендеді. Теңгемен сақталған депозиттер 2,6%-ға, 9090,2 млрд теңгеге дейін артты. Ал шетел валютасындағы депозиттер бір айдың ішінде 1,4%-ға, 8654,7 млрд теңгеге дейін қысқарды.

Банктердің несиелік белсенділігі сәуір айында әлсіз болды, өсім 0,7%-ды құрап, 12588,9 млрд теңгеге дейін жетті. Оның ішінде жеке тұлғалардың қарыздары (1,1%) корпоративті сектор (0,5%)  мен ШОБ-қа(0,5%) қарағанда жылдамырақ өсті. Тұтынушылық несиенің артуын Ұлттық банктегілер халықтың төлем қабілетінің қалпына келуімен байланыстырады:  биылғы жылдың төрт айында тұтынушылық мақсаттағы несиенің мөлшері 63%-ға өсіп, 750 млрд теңгеден асып түсті. Ұлттық валютадағы несиенің үлесі 70%-ды құрады. Несие бойынша орташа есептелген мөлшерлеме 14,6% болды: халық үшін – 18,7%, банктік емес корпоративті борышкерлер үшін – 13,9%.

Әдеттегідей  банктен алынған қарыздардың негізгі тұтынушылары: сауда-саттық  (19,7%), өнеркәсіп (14,2%), құрылыс (7,6%), ауыл шаруашылығы (5,9%), көлік (4,5%).  Ұзақмерзімді несиелеу 1,2%-ға өсіп, 10489,4 млрд теңгені құраса, қысқамерзімді несиелеу 1,8%-ға төмендеп, 2099,4 млрд теңгені құрады.

2017 жылдың I тоқсаны бойынша төлем теңгерімінің алдын-ала қорытындыларында 2016 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда айтарлықтай ілгерлеу байқалады. Күнделікті шоттың тапшылығы 1,1 млрд долларды құрады, бұл Ұлттық банктің болжамынан әлдеқайда жақсы. Жалпы құжат бойынша, ұлттық экономика мен сыртқы нарықта жағдайдың жақсарғаны көрінеді, бұл, Данияр Ақышевтың пікірінше, валюта саясатының дұрыс таңдалуын және тұрақсыздықтың орын алуына жол бермей отырған теңге бағамының номиналды және нақты бағамының  сәйкес екенін дәлелдейді.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу