banner

Жақиянов чемпиондық белбеуінен айырылып қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2983

ZZ Белфасттағы "The SSE Arena" төріне керілген рингке чемпиондық белбеуімен шығып, белбеусіз түсті.

Жақиянов чемпиондық белбеуінен айырылып қалды

Кеше жеңілдеу салмақта әртүрлі тұжырымдағы әлем чемпиондары өз белбеулерін ортаға салып, екі чемпиондық атақты сарапқа салды. Атап айтқанда, 118 фунт (53,525 келі) салмақ дәрежесінде Солтүстік Ирландия мен Қазақстан боксшысы кездесті. WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жанат Жақиянов (27-1, 18 KO) және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Райан Барнетт (17-0, 9 KO) Белфаста көпшілікке тартысты бокс жекпе-жегін сыйлады.

Негізі, екеуі бұрыннан таныс. Бірін-бірі өте жақсы біледі. Себебі 2011-2012 жылдары екі боксшы Рикки Хаттонның қол астында бірге жаттыққан. Спарринг-серіктес болған. Бірақ кейіннен Барнетт кетіп қалып, басқа жаттықтырушыны таңдаған. Яғни екеуі бір-бірінің артықшылықтары мен кемшіліктерін әжептәуір білетін.

Бұл жекпе-жек Солтүстік Ирландия боксшысының отанында өтті. Яғни Жанатқа тек айқын басымдықпен жеңу керек болатын. Әйтпесе жеңіске жетуі қиын еді. Сондықтан гонгтің үні шыққан бетте Жақиянов алға қарай ентелеп, қарсыласын тықсыра түсті. Әрине, Райан Барнетт те қарап қалған жоқ. Бойы – биіктеу. Қолдарының ұзындығын пайдаланып отырды.

Жанатқа өзін алыс қашықтықтан ұрғызбай, тек қарсыласымен бетпе-бет келіп, бас түйістіріп, төпелеу керек болды. Алғашқы екі раундта Жақиянов дәл осылай жұдырықтасып, сәл-пәл басымдық танытқандай болды. Өкінішке қарай, 3-5 раундтарда қарсыласы жылдамырақ қимылдай бастады. Оның да соққылары өте бастады. Жанаттың қолдарын қысып, ұстап алады. Алыс-жұлыс көбейді.

Алтыншы раундта Райан Барнетт мойнын ұстап, тұрып қалды. Жанаттың жойқын соққысынан ба, әлде оқыс қимылдағанында ауыртып алды ма? Белгісіз. Жақиянов дәл осы кезде оны ұрмады. Өзіне-өзі келіп алғанша тосып тұрды. Кім біледі, дәл осы сәтті пайдаланып, жалп еткізу керек пе еді?! Қалай десек те, осы раундта қазақ боксшысы басым түсті.

Енді Жанат екпін алып, қарсыласын төпелей бастайтын шығар деп үміттендік. Алайда 7-10 раундтар шым-шытырық болып шықты. Райан Барнетт те қалыспады. Ол да ұрып жүр. Бірақ Жақияновтың соққылары қуатты екені сезіліп-ақ тұрды. Әрі қазақ боксшысы дамыл таппай, алға ентелеп, шабуылдаумен болды. Қайсыбір боксшы басымдау болды деп, кесіп айту қиын.

11-12 раундтарда, әсіресе соңғысында, екеуі де аянбады. Оңды-солды соққыны қарша боратты. Жанатқа жаны сірі қарсыласын есеңгіретіп, нокдаунға түсірудің сәті түспей қойды. Жойқын соққыларымен Райан  Барнеттің беті-аузын көк ала қойдай қылды. 12 раунд бойы тықсырып, сілікпесін шығарды. Бірақ айқын басымдық таныта алмады...

Ал мұндай жекпе-жекте қарсыласыңның "шаңырағында" тұрып, жеңіс дәметудің өзі қиын. Негізі, екеуі тең түскендей де еді. Әрқайсысын өз белбеулерімен қайтарса, сол қызық болар да ма еді. Бірақ төрешілер жеңісті бірауыздан солтүстікирландиялық жігітке берді. Есеп – 118:110, 119:109 және 116:112.

Соңғысы болмаса, бастапқы екі төрешінің есеп-санақтары шындыққа жанасыңқырамайды, әрине. Райан Барнетт дәл осындай есеппен басым түскен жоқ, мүлде. Керісінше, бет-ауызы қызарып-көгеріп, таяқ жеді. Тіпі осы жекпе-жектен кейін емханаға барып, қаралғанын да естіп жатырмыз. Бірақ айы оңынан туып, екі чемпиондық белбеуді екі иығына асып кетті.

Сөйтіп, жанқияр Жақиянов төрешілер шешімімен жеңілістің кермек дәмін татты. Бірақ ұтылды деп айта алмаймыз. Тіпті ұлыбританиялық қызу қанды жанкүйерлердің өздері әлеуметтік желілерде "қазақтар құрыштан құйылған ба?" немесе "шойыннан жасалған Жақиянов" деп таңданыстарын жасыра алмай, сүйсініп те жатқан көрінеді.

Сәл-пәл "бірдеңе" жетіспеді. Немене сол, жетіспеген? Кесіп айту қиын. Әзірше, деңгейі осы шығар. Бірақ бар қабілеті мен мүмкіндігі осы деп айта алмаймыз. Кім біледі, бәлкім, өте білікті бапкердің қолына түссе, Райан Барнетт секілді жас талантты жеңіп кетер ме еді? Ендеше Жанаттың жарқын жеңістері әлі алда деп сенеміз.

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу