Жаңалыққа қанық азамат енді өз бақуатын жақсарта алады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2974

Ұлттық банк ең көп пайда әкелетін қаржылық құралдарды атады. 

Жаңалыққа қанық азамат енді өз бақуатын жақсарта алады

Ал abctv порталы сарапшылар және мамандармен ақылдаса отырып, кіріске кенелтуі мүмкін өзге де құралдарды анықтады. 

Қаржылық реттеуші халыққа арналған түрлі қаржы құралдарының 2017 жылғы кірістілігіне талдау жасай отырып, олардың ұлттық валютаға шаққандағы келтірген пайдасын есептеп шықты. Бұл ретте жеке тұлғалардың отандық банктердегі түрлі валютадағы депозиттері, атап айтқанда, теңге, Ресей рублі, АҚШ доллары және еуро түріндегі салымдары, одан бөлек алтынға инвестициялау, сондай-ақ банктік ұяшықта не үйде сақталатын қолма-қол доллардың, еуроның, Ресей рублінің және теңгенің табыстылығы талданады.  

Ұлттық банк бірінші орынға "ұжымдық Еуропа" шыққанын мойындайды.

"2017 жылы ең көп кірісті бағам айырмасына байланысты еуроға салынған салымдар әкелді. Еуроаймақтағы жағымды өзгерістер нәтижесінде, яғни ЕО экономикасының өсу қарқынының жылдамдауы, инфляцияның төмен деңгейінің сақталуы, Еуроаймақтың бірқатар елдерінде саяси тәуекелдердің төмендеуі арқасында еуро долларға қатысты 12,3%-ға нығайды. Соның нәтижесінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры белгілеген салымдар бойынша сыйақының ең жоғарғы мөлшерлемесін есептегенде еуромен мерзімді депозиттер бойынша кірістілік 15,3% болды. Сонымен бірге еуроны қолма-қол ақша түрінде сақтағандар да 13%-ға (2017 жылы еуроның теңге қатысты нығаюы) тең болатын кіріс көрді", – дейді Ұлттық банк.

Отаншыл азаматтар да қуануына болады. Өткен жылы үлкен девальвация болмағандықтан, ұлттық валютадағы салымдар өте пайдалы екенін көрсеткен.

"Теңгемен салынған депозиттер де жыл ішінде 14,9% мөлшердегі кірісті қамтамасыз етті. Талдау кезінде жеке тұлғалардың ұлттық валютаға салынған депозиттері бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған ең жоғары мөлшерлеме пайдаланылды, ол 2016 жылғы 1 ақпанда 14% болды", – деп ресми растайды Ұлттық банк.

"Үштікті" рубльге салынған салымдар тұйықтайды. Бұған Ресейдегі инфляция деңгейінің неғұрлым төмен болуы, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесімен салыстырғанда, Ресей Центробанкінің негізгі пайыздық мөлшерлемесінің нақты көрсеткіш бойынша неғұрлым жоғары болуы ықпал еткен. Нәтижесінде, солтүстік көршінің валютасына иек артқандар 13,4% кіріске қол жеткізді. Әйткенмен, АҚШ пен Еуропа тарапынан санкциялық қысымның артуына байланысты ең алдымен, биыл рубльдің девальвациясы күтіліп отыр. Егер қаржыгерлердің бұл болжамы расталса, ол тек биылғы ғана емес, бұрынғы табыстарды да жоққа теңестіріп кетуі ғажап емес.

Алтынға салынған салымдар алтын бағасының 13,1%-ға қымбаттауы және теңгенің АҚШ долларына 0,3%-ға нығаюы нәтижесінде 12,8% мөлшерінде кірістілік әкелді. 2017 жылы дүниежүзінде алтынның ірі сатып алушысы ретінде Қытай, алтынды санкциялардың теріс әсерінен қорғау құралы ретінде пайдаланатын Ресей, сондай-ақ Таяу Шығыс елдері және Латын Америкасының кейбір елдері тарапынан үдемелі сұраныс алтын бағасының өсуінің негізгі факторы болды.

"Былтыр теңгенің АҚШ долларына 0,3%-ға нығаюы аясында осы валютаға салынған салымдар инвестициялаудың ең нашар нұсқасы болды. Мәселен, мерзімді доллар салымдары бойынша кірістілік 1,7% болды. Ал АҚШ долларын қолма-қол сақтағандар керісінше, 0,3% мөлшерде теріс кірістілікке ұшырады", – деп мәлімдейді ұлттық банк.

Осы айтылғанды нақты мысал формуласына салсақ, өткен жылдың қаңтарында 10 мың теңгелік депозит ашқан және оны жыл бойы бір теңгеге де толықтырмаған адам жыл қорытындысында 1 493 теңге кіріс алған.

Он мың теңгеге бара-бар көлемде, яғни 30 долларлық салым өз иесіне небары 172,5 теңге, 28,4 еуро – 1 528 теңге, 1 841,6 рубль – 828 теңге, ал алтынға салынған 10 мың теңгелік инвестиция 1 278 теңге кіріс әкелді.

Ал біз сұрау салған қаржыгерлер мен биржа мамандары ең кірісті қаржы құралы криптовалюта болғанын айтады. Оның кірісті болғаны сонша, тіпті осы аптада ҰҚК қаржы министрлігінің кейбір қызметкерлері алтын көрген періштедей жолдан тайып, мемлекеттік ақпарат жүйелері мен жоғары өнімділікті мекеме компьютерлерінде криптовалюта майнингін жасырын жүзеге асырғанын анықтап отыр.

Бірден айта кетелік, осы құралдың бастауында тұрған биткойн қазір құрдымға батып барады. Кезінде бағамы 1 бірлігі үшін 20 мың долларға дейін барған оның құны осы аптада 9 мыңнан төмен түсіп кетті. Осыдан кейін инвесторлар онымен қош айтыса бастаған.

Бірақ басқа криптовалюта түрлері былтыр әлемдегі ең кірісті құралға айналды. Мәселен, Ethereum бір жыл ішінде 9 мың 400%-ға, Ripple – алапат 33 мың 600%-ға қымбаттады. Әрине, дәстүрлі қаржылық құралдардың ешқайсысы мұндай ғаламат табыстылық әкелмейді, сондықтан сарапшылардың көбі мұны "көпіршік" деп атайды.

Дегенмен, әу баста қандай криптовалюта түрі ең арзан түрса, қазір дәл солардың бағасы орасан зор өсім танытуда. Мұны "төменгі база эффектісі" деп атайды, ол бойынша әу баста жете бағаланбаған, бірақ кейін кенет назарға іліккен құралдар құны "ашытқы" қосылған қамырдай көтеріле бастайды.

Айталық, кезінде бүкіл әлемде, әсіресе озық дамыған елдердегі мегаполистерде заңғар ғимараттарда қабат неғұрлым жоғарылаған сайын, олардағы пәтерлер мен кеңселер арзанға түсетін болған. Алайда кейін лифт ойлап табылғаннан кейін және жоғарыдан ашылатын әсем көріністерге сән пайда болысымен, ең жоғарғы қабаттардағы баспана мен кеңселік орынжайлардың қадірі артып, олардың бағасы шарықтай жөнелгені мәлім.

Сарапшылар криптовалюталар котировкаларының өсуі жалғасады деп болжайды. Алайда өсу қарқыны төмендей бастайды. Мәселен, ең ескісі болып есептелетін биткойнның енді 1200%-дық өсім көрсетуі неғайбыл. Оның үстіне криптовалюта нарығында алаяқтар өріп жүр, демек, табан ақы, маңдай термен табылған қаржыны соларға ұстатып қойып, алданып қалмаудың қамын ойлаған жөн. 

Ең кірісті құралдар ретінде S&P 500 қор индексі саналып отыр. Оның тізіміне АҚШ-тағы 500 ірі компанияның акциялары кіреді. Дональд Трамптың жеңісінен кейін дүрк көтерілген АҚШ қаржы нарығы қызуын жоғалтпай, әлі күнге өсуде.

Акцияларға инвестиция салудың оң жағы бар: біріншіден, бұл сала 150 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасайды, яғни жолға қойылған. Екіншіден, бұл елдің дамығандығының көрінісі. Әрбір үшінші америкалық және әрбір екінші жапондық өз активтерінде қандай да бір компанияның акциясын ұстайды. Соның арқасында бұл елдерде зейнеткерлердің көбі өз иелігіндегі акциялардан түсетін табыс пен дивидендтерді өмір бойы алып, жақсы өмір сүруде. Ал зейнеткерлердің тек мемлекет беретін зейнетақыға қарап отыруы дамушы және дамымаған елдерге тән. Үшіншіден, акция сатып алу бірнеше минут қана уақыт алады. Және небары 200 долларлық инвестициядан бастауға болады.

Бұл құралдың теріс жағы да бар. Акцияларға салынған инвестициялар компаниялардың қызметіне ғана емес, беделіне де қатты тәуелді. Жап-жақты жұмыс жасап тұрған әлемдік компанияда жұмыс жасайтын тұлғаға қатысты қандай да бір лас компромат жария болса, кәсіпорын қызметінің қаншалықты тиімділігіне қарамастан, оның құнды қағаздарының бағасы құлдырай жөнеледі. Бұл ақыр соңында компанияның банкрот болуына не оны өзге алпауыттың жұтып қоюына соқтыруы ықтимал. Осыдан шығынға отырған азаматтарға еш мемлекет көмектеспейді, ешбір қор салымның қайтарылуын кепілдендірмейді.

Сол себепті, азамат акцияларға үнемі, тіпті күнделікті талдау жасап, инвестициялық портфель құрып отыруы қажет. Бұл жағдайда бір компания өз позициясын жоғалтса, портфельдегі басқалары оң табыстылық әкеліп, шығынды өтейді. 

TeleTrade қаржылық кеңесшісі Жанна Кулакова Қазақстанда да, Ресейде де, Беларусьте де ең кірісті "депозиттік" құрал – еуродағы салымдар болғанын айтады.

"Ол салымшыларға орта есеппен 16%-дан астам табыс әкелді. Бұл ретте банктердегі еуродағы депозиттердің сыйақы пайызы көп емес, орташа есеппен небары 1-1,6% ғана. Бірақ негізгі кірістілікті еуроның долларға және басқа да әлемдік жетекші валюталарға шаққандағы бағамының өсуі қамтамасыз етті. Дәл осы себептен, долларлық депозиттер аутсайдерлер қатарына қосылды. Ал алтынға келсек, доллар құнының құлдырауы және бірқатар геосаяси қауіп-қатерлердің сақталуы жағдайында, ол біршама қымбаттады. Тиісінше, алтындағы метал салымдары инвесторына 4%-дық пайда берді. Сонымен қатар, банктерден алтын құймаларын алушылар табысы бұдан кем болуы ықтимал. Өйткені екінші деңгейлі банктер халыққа ол құймаларға өз үстемеақысын қосып сатады. Бағадағы бұл айырмашылық "спред" деп аталады", – дейді Жанна Кулакова.

Нәтижесінде, дәл осы жоғарғы спредтер Қазақстанда алтын құймаларын инвесторлар үшін қысқа және орта мерзімді перспективада тартымсыз етіп отыр. 10, 20 және 100 грамдық құймаларды қазақстандықтар негізінен, сыйлық не мақтан үшін сатып алатыны жасырын емес

Тағы бір инвестициялық құрал – жылжымайтын мүлік нарығы енді-енді ғана өсім траекториясына шығуда және әзірше бір мәнді сандарды қанағат етуде. Оның келтірер пайдасының биыл қомақты шамаға жетуі екіұдай. 

Дағдарыс толық еңсерілгеннен кейін бұл сегментте қарқынды өсім күтіледі. Оған халықтың шынайы табыстарының өсуі және "кейінге қалдырылған сұраныс" ықпал етуге тиіс. Яғни, күйзеліс жылдары баспана иелену мәселесін әріге шегеріп келген қазақстандықтар жылжымайтын мүлік сатып алуға жаппай бел буа бастайды деп болжанады. Қазір сатып алушылар баспана бағасының "тереңдікке" жеткеніне және одан әрі арзандамайтынына көздері жете бастады. Осылайша, 2018 жыл тұрғын үй бағасының өсім көрсетер жылы ретінде қабылдануда.

Сарапшылар жылжымайтын мүліктің кез келген адам үшін құнды актив болып табылатынын еске салады. Пәтер, кеңсе, гараж не сауда орталығындағы орын болсын, жақсы бағаны күтіп, сатып жібергенге дейін оны жалға бере тұруға болады. Тіпті ол инвестициялық табыс әкелмегенімен, қаржаттардың сақталуын қамтамасыз етері анық.

Белгілі кеңесші Макс Диллеев кірісті құрал ретінде "Бинарлық опционды" ұсынады.

"Бинарлық опцион қазіргі кезде қаржы салудың ең пайдалы түріне айналып отыр. Ол өте қарапайым, өйткені небары 2 шарттан ғана тұрады және олар – "жоғары" және "төмен" деп аталады. Оның "бинарлық" деп аталуы да сондықтан. Мәніне тоқталсақ, сіз қандай да бір активті, мәселен, акциялар, мұнай, алтын, не қор индекстерін таңдайсыз және өз шартыңызды көрсетесіз: ол актив құнының "төмендейтінін" не "жоғарылайтынын" болжайсыз. Мәміле мерзімі шекті анықтайды. Мысалға, сіз BMW акцияларына опционыңызды салып, котировканың өсу шартын 15 минутпен шектеуіңіз мүмкін. Егер сол 15 минут ішінде акция бағасы өссе, сіз 70-80% көлемінде бекітілген табысқа ие боласыз. Бұл ретте активтің қаншаға өскені маңызды емес, маңыздысы – сіз болжағандай өсуі ғана. Тіпті 1 пунктке өссе де, пайда табасыз", – деді сарапшы.  

"Төмендеу" опционын таңдасаңыз, керісінше, акцияның құнсыздануы кіріс әкеледі.

Бұл ақпарат ағынында еркін жүзген оқырман қауым үшін нағыз аламан бәйге болып табылады. Айталық, сіз ертең жаңа iPhone саудаға шығатыны туралы жаңалық оқыдыңыз. Бұл Apple акциялары ертең өсуге бет алады дегенді білдіруі ықтимал. Егер артынша ол өнімнің саудасы жарға жығылса, демек, "Эйпл" акциясы құлдырауы ғажап емес.

Бинарлық опционға бір минуттен айға дейінгі мерзімге қаржы салуға болады. Бұл ретте табыс мөлшері бәрібір өзгеріссіз қалады және активке байланысты 70-80% мөлшерінде шектеледі.

Ендеше жаңалық оқу да пайдалы іс.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу