Жапондық талғамға арналған аймақ

3032

Еліміздің арнайы экономикалық аймақтары (АЭА) Қарағандыда инвестиция үшін бәсекелесіп көрді. 

Жапондық талғамға арналған аймақ

"Жергілікті кәсіпкерлермен алғаш рет танысуым. Қарағандыға, жалпы Қазақстанға сапарымыз танысу мақсатында ұйымдастырылды. Қазақстан – жас мемлекет. Сондықтан онымен байланысымыз енді-енді жанданып келеді. Бұл ел туралы көп білсек дейміз", – деді abctv.kz-ке Ресей және ТМД экономикасы "Ротобо" жапон ғылыми-зерттеу институтының директоры Мики Вадзима Қарағандыда өткен "Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтардың таныстырылымы" атты халықаралық форумда.

Шараны "Каzаkh Invest" ұлттық компаниясы" АҚ Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

"Бұл республикадағы АЭА-ның басқарушы компанияларының, АЭА резиденттерінің, уәкілетті мемлекеттік органдар мен әлеуетті шетелдік және отандық инвесторлардың келіссөз жүргізуіне арналған алаң. Өз кезегінде алаң еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіруге күш салады", – деді "Каzаkh Invest" басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев.

Мұндай форум Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Форумға қатысқан инвесторлар еліміздің түрлі бағыттағы арнайы экономикалық аймақтарымен танысуға мүмкіндік алды.  

"Біздің өңір – Қазақстандағы ірі облыстың бірі. Халық саны 800 мыңды құрайды. Арнайы экономикалық аймақтың негізгі құрылымдары 2014 жылы салынған болатын. Сол уақыттан бері аймаққа жаңа кәсіпорындар орналаса бастады. "Сарыарқа" АЭА-ның өзіндік артықшылықтары бар. Атап айтқанда, инфрақұрылымы жақсы дамыған, стратегиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан және 400 МВт электр қуаты бар. 1 кВт электр қуатының ең жоғары шектік құны – 12 теңге. Бүгінде арнайы аймақта алты зауыт жұмыс істейді. Олар қара және түсті металлургия, машина құрастыру, құрылыс материалдарын өндіру, химия, фармацевтика секілді бағыттарды қамтиды. Оларға нарықтан сұраныс бар. Гидравликалық жабдықтар, тау-кен техникасы, ауыл шаруашылығы техникасы, кокс концентраты, болат таспаларды орау, лифт жабдықтарын өндіру үшін учаске қарастыруға дайынбыз", – деді "Сарыарқа" АЭА-ны таныстырған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

"Біз мұнай-химия және химия кластерін дамытуға әзірміз, – деді "Павлодар" АЭА" АҚ басқарма төрағасы Александр Зореев. – Қазір аймақта 40 млрд теңгеге өнім өндіретін 7 кәсіпорын жұмыс істейді. 2020 жылға қарай олардың саны 17-ге жетеді. Хлор өңдеуді ұйымдастыратын инвесторлар керек".

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының "Оңтүстік" АЭА-ы былғары бұйымдарын, қағаз және тоқыма өндірісін дамытуға ниетті. "Оңтүстік" АЭА басқарушы компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айбек Тұрсынғалиев былай деді: "Біз өз-өзімізді толық қамтамасыз етіп отырмыз.  Осы жылдың 9 айында 25,5 млрд теңгенің өнімін өндірдік. Оның 3,7 млрд теңге тұратын бөлігін Германияға, Ресейге, Корей Республикасына, ҚХР-ға импорттадық. Қытайдың "Синьсин" тоқыма өнеркәсібі паркінде өз өкілдігімізді аштық. Жуырда өңірде жеті мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 17 жоба бойынша шешім қабылданады. Бұл тығыз қоныстанған біздің аймақ үшін маңызды фактор".

Форумда "Сарыарқа" АЭА аумағында жүзеге асырылған жобалардың бірі – "Recycling Company" компаниясы жобаларының таныстырылымы өтті. Аталған компания ескі автокөліктерді қайта өңдеу арқылы болат, түсті металл өндіретін зауыт пен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорын салды.

Еркебұлан Қыздарбек, Анатолий Иночкин

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу