Жас талантты үрлеп сөндіріп алмайықшы...

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2898

Еркебұлан Сейідахмет деген талантты жас футболшымыз 17 жасында "Қазақтың Мессиі" атанды.

Жас талантты үрлеп сөндіріп алмайықшы...

“Тұлпарды” тай кезінен танығандар

Қазақ футболында бір дарынды жас футболшы жарқ етіп көзге түсті. Болашақта ол әлем футболының қазақтың сайын даласынан шыққан жарық жұлдызы бола ма, әлде жанбай жатып сөне ме, ол тек өзіне байланысты. Өйткені қазір оған қызығып отырғандар көп. Енді тек шеберлігін шыңдай түсер дұрыс жолды жазбай таңдай білу қажет.

Биылға дейін оның талантты шабуылшы екенін азын-аулақ адам ғана білді. Тараздағы облыс біріншілігінде ойнайтын "Монтажник" командасының басшысы мен бапкерлері, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов 4 ақпан күні 17-ге толған Еркебұланның бойындағы талантын елден бұрын таныды. Тәрбиелеп шығарса, танымал футболшы болатындығын күні бұрын білді.

Гранаткин мемориалында

Биылға дейін Қазақстан-U17 құрамасын жаттықтырған, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 19 жасқа дейінгі бозбалалар арасындағы ел құрамасына аға жаттықтырушы болып бекітілген Александр Кузнецов жыл басында Еркебұланды Нева жағалауында өткен "Гранаткин мемориалы" халықаралық турниріне апарды. “Томағасын” сыпырып, 7-22 қаңтар аралығында Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен дәстүрлі додаға салды.

Бірінші ойында-ақ көпшілік Еркебұланның өнеріне сүйсінді. Ал екінші матчтан кейін қырағы көз мамандардың өздері "мына бала қалай ойнайды-ей, ә!" деп тамсана бастады... Қазақстан-U19 құрамасымен кездескен өзге елдердің жеткіншектері Еркебұлан Сейідахметке ерекше көңіл бөліп, басқан ізіне аңдып, үшеулеп-төртеулеп қарауылдайтын болды.

Осы турнирде Қазақстан бозбалалары тұңғыш рет финалға шығып, күміс жүлде олжалап қайтты. Финалда тек дода қожайындарынан, яғни Ресей құрамасынан 0:1 есебімен ұтылды. Оған дейінгі матчтарда қарсыластарының бәрін жеңді. Ал Еркебұлан "Гранаткин мемориалы" халықаралық турнирінің ең үздік шабуылшысы атанды (тағы бір жас ойыншымыз, атап айтқанда, Айдос Орал осы доданың ең үздік жартылай қорғаушысы болып танылды).

"Зенит-Ж" сапында

Көп ұзамай Еркебұлан Сейідахметті Ресейдің қалтасы қалың "Зенит" клубы сынақтан өтуге шақырды. Бірақ негізгі құрамына емес әрине, өзімен жасты жасөспірімдер сапында сынап көрді. Қазақтың жас футболшысы ресейліктердің 10-25 ақпан аралығында Кипрде өткен оқу-жаттығу жиынына қатысып келді. Әрі жаттығу жиыны барысында алыстан тамаша гол соғып, бүкіл футбол мамандарын тәнті қылды...

Осы жиын барысында Санкт-Петербор клубының қазақтың жас талантымен биыл келісімшартқа отыра алмайтындығы көпшілікке мәлім болды. Өйткені ФИФА ережесі бойынша, 18 жасқа дейінгі жас футболшылармен халықаралық трансферге қатаң тыйым салынған.

Әйтсе де, Ресей клубы Еркебұланды Италияда өткен халықаралық турнирге алып барды. "Зенит-Ж" жасөспірімдер арасындағы "Viareggio Cup" турнирінде үш-ақ ойын өткізді. Яғни топтық кезеңнен аса алмады. Десек те, АҚШ-тың "Атлетик Юнион" деп аталатын клубымен өткен соңғы матчта қазақтың қарадомалағы төрт гол соқты.

Бұл ойында "Зенит-Ж" 8:0 есебімен жеңіске жетіп, Еркебұлан матчтың басында, бар-жоғы 30 минуттың ішінде теңбіл допты төрт мәрте қақпа торында тулатты. Енді оған еуропалықтар да сүйсініп, өнеріне тәнті болушылар саны арта түсті. Ал "қазақтың Мессиі" Италиядағы турнирден соң Таразға қайтып келді.

Ресей агенті қазақ жанкүйерлерінің қытығына тиді

Келе сала "Тараз" футбол клубымен бір жылға келісімшартқа отырды. Анығын айтқанда, "Монтажник" бір жылға жалға берген. Бір жылдан кейін не болары белгісіз. Дәл қазір Еркебұланға қызығушылар көп. Өйткені бір жылдан кейін оны қалтасы қалың командалардың бірі қып-қызыл ақшаға сатып алуы да мүмкін ғой...

Бір қызығы, Ресейдің кейбір мамандары қазақтың талантты жас футболшысына қызығып, оған Ресей азаматтығын алып беру туралы сөз қозғапты. Нақтырақ айтқанда, Дмитрий Селюк деген ресейлік футбол агенті "Спорт экспресс" газетіне берген сұхбатында:

"Ресей құрамасына жас таланттарды іздеп тауып, тарту керек, мәселен, посткеңестік кеңістіктен, оларға азаматтық алып беру керек. 17 жастағы Қазақстанның жас футболшысы Гранаткин мемориалында ерекше көзге түсті. Оның аты-жөні ұзақтау. Біз оны Еркош деген лақап атымен атаймыз. "Зениттің" жеткіншектерімен бірге жаттықты, Италияда төрт гол соқты. Қазір оған испандықтар көз салып, қызығып отыр! Неге ресейлік клубтарға оны өздеріне тартып, азаматтық алып бермеске? Тек жұмыс жасау керек..." – деген.

Тұздық

Бұл әрине, қазақ жанкүйерлерінің қытығына тиді. Бірақ "Монтажник" командасының басшысы Георгий Хутиди де, "Тараз" клубының президенті Махамбет Дүйсембаев та, сондай-ақ Қазақстан-U19 құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов та "Еркебұлан тек Қазақстан құрамасында ойнайды, тек қазақ елінің намысын қорғайды" деп отыр.

Ендеше, іске сәт, Қазақ елінің мамандары! Сіздеге сендік! Сіздер жас талантымызды “тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай” жетілдіріп, Қазақ футболының көгіне шығарады деп сенеміз.

Ал біз... абайлайықшы, ағайын! Сұқтанбайықшы, жамағат! Көзі бар, құшағы ыстық халықпыз ғой. Жас балаға көзіміз өтіп кетпесін... “Маздатып жағамыз” деп үрлеп сөндіріп алмайықшы... Сабыр, сабыр, ағайын...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу