Жегені желкесінен шықты

4077

20 млн теңге пара алған қорғаныс министрлігінің басқарма бастығы 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жегені желкесінен шықты

Айыпталушылар 2016 жылдың тамызынан бастап желтоқсанына дейін ҚР қарулы күштерінің әскери бөлімшелеріндегі жеке әскери құрамын тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу байқауын өткізуде сыбайлас жемқорлыққа жол берген. Сот бес шенеуніктің 69 млн теңге көлемінде пара алғанын анықтады.

Бұл іс бойынша ең қатал жаза қорғаныс министрлігі бас материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасары Тілеміс Жұмағазиевке шығарылды. Оған 366 баптың 4 бөлігінде көзделген мүлкі тәркіленумен 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Сонымен қатар ол подполковник шенінен айырылды. Оның орынбасары Ермек Шәріпов мүлкі тәркіленумен 10 жылға сотталды. Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының қызметкері Рустамжан Гапировке де дәл осындай жаза түрі кесілді.

Қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитетінің бұрынғы қызметкері Ербол Ибадуллаев қылмыскерлерге қолдау көрсеткені үшін бес жыл, үш айға дейін бас бостандығынан айырылды.

ҚР қарулы күштерінің бас қаржылық инспекциясының қызметкері Қуандық Тілеубаев екі жыл және үш айға сотталды. Ал пара бергені үшін алты кәсіпкер – Сәуле Сартаева, Айсара Медеуова, Төлеутай Кәрімов, Дулат Асылбекұлы, Майя Молдабекова, Қарлығаш Сыздықова екі жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Әскери соттың мәліметі бойынша, бұл коммерциялық фирмалардың басшылары байқаудан қалайда жеңіске жету үшін бірігіп, келісімшарт сомасының 12% көлемінде байқау комиссиясының  төрағасы Төлеміс Жұмағазиевке, оның орынбасары Ермек Шәріповке, сондай-ақ әскери мекеме мен мемлекеттік органдардың өзге де лауазымды қызметкерлеріне пара берген.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың 8 тамызында ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚР ҚМ БМТҚБ бастығының орынбасары Тілеміс Жұмағазиевті Сәуле Сартаева мен Майя Молдабековадан параның бір бөлігі 20 млн теңгесін алу кезінде ұстаған болатын.

Үкім 15 күннен кейін заңды күшіне енеді. Осы уақыт ішінде тараптар шағым жасай алады.

"Сот үкімі әділетсіз деп есептеймін. Аталған үкімнің заңдылығы мен негізділігіне біз апелляциялық тәртіпте шағымданамыз", – деп мәлімдеді журналистерге Тілеміс Жұмағазиевтің қорғаушысы Ержан Қожахметов.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу