Жер алам десең, бизнес жоспар жаз

11651

Әлеуметтік желілерде бой көтерген жер мәселесіне лайықты түсініктемелер берілді.

Жер алам десең, бизнес жоспар жаз

Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан немесе үйлеген қазақстандықтарға жер сатпақ түгіл, оны жалға беруге де тыйым салатын заң жобасы жақында өмірге жолдама алмақ.

Жалғыз Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем елдерінде жер қасиетті ұлттық құндылық болып табылады. Өйткені ол қазіргі ұрпақ жасаған игілік емес, ата-баба қасық қаны қалғанша қорғап, қалдырған мирас. Сондықтан бұл мәселе шалт қимылды емес, аса сезімталдықты талап етеді.  

Ел үкіметі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын парламентке енгізді. Жобаны 2016 жылы халықтың жер сатуға қарсылығынан кейін құрылған "Жер реформасы жөніндегі комиссия" әзірледі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі уақытта Қазақстанда жер кодексінің наразылыққа тамыздық болған бірқатар нормаларына мораторий күшінде тұрғанын айтады. Ол мемлекет басшысының 2016 жылғы 6 мамырдағы "Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға шектеу енгізу туралы" жарлығымен және "Жер кодексінің кейбір нормаларының күшін тоқтата тұру туралы" 2016 жылғы заңмен бекітілген болатын. Мораторий 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін сақталады. Ал оның күші біткен соң не болады? Оған дейін жаңа заң күшіне еніп, мораторийді алмастыруға тиіс.

Нәтижесінде, Қазақстанда жерді шетелдіктерге ғана емес, тіпті қазақстандықтарға да сатуға тыйым салынады деп күтілуде.

Бірден айта кетелік, жаңа заң жобасында тек қазақстандық аграршыларға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтап қалу қарастырылады. Егер кезінде кейбір қызуқанды қоғам белсенділері мен қайраткерлер ұсынғандай, "ұзақ мерзімді жалға алуды" да жойғанда, онда отандық агроөнеркәсіптік кешенге дамымай қалу қаупі төнуі ықтимал. Сол себепті, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беруге де тосқауыл қойып, жалға беруді тек қазақстандық аграршыларға ғана қалдыруға депутаттар қарсы болмай отыр.

Сонымен бірге, жаңа заң жалға беру жүйесін толық өзгертпек. Енді аграрлық бизнес жүргізілетін жерлер әкімнің туыс-жолдасына, не билікте сөзі өтімділерге емес, тек конкурста жеңіп шыққан кәсіпкерге ұсынылады.

Осы мақсатта Қазақстанда жаңа орган – "бірыңғай жер комиссиясы" құрылатын болады. Оның құрамы қалпымен шенеуніктерден тұрмайды, заң жобасында мүшелерінің кем дегенде (артық болса бола берсін, бірақ кем болмасын) 50%-ға "Атамекен" КҰП, қоғамдық кеңестер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұруға тиістігі бекітілген. Комиссия отырыстары міндетті түрде дыбыс және бейнеқұрылғыларға жазылады. Комиссия шешімімен келіспеген кез келген тұлға оны сотқа бере алады.

Жерді жалға алу құқығын жеңіп алумен іс тынбайды. Ол адам енді қоғамдық бақылауға алынады. Осы мақсатта "ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың тұрақты мониторингі" енгізіледі: жер телімінің қаншалықты дұрыс пайдаланылып жатқанына 5 жыл ішінде жыл сайын тексеру жүргізіледі. Егер заң бұзса, онымен контрактіні бұзып, жерді мемлекет кері қайтарып алады. Егер бәрі оңды болса, мамандар жердің құнары кемімегенін, керісінше, жалға алынғалы бері нәрлене түскенін анықтаса, контракт ұзартылады. Әйткенмен, бақылау жойылмайды. Тек сирейді: жалға алу мерзімі біткенше, суармалы жерлер бойынша – әрбір 3 жылда, ал тәлімді алқаптарда 5 жыл сайын бақылау жасалып тұрады.

"Бұл шаралар ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді және ұтымды пайдалануға, пайдаланылмайтын жерлерді анықтауға және айналымға тартуға мүмкіндік береді. Жерді пайдалануды қоғамдық бақылаудың рөлі артады. Сондай-ақ жер пайдаланушылардың жауапкершілігін көтеруге ықпал етеді", – дейді ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, бұған дейін бір қолға берілетін ауыл шаруашылығы алқаптарының көлеміне шектеулердің жоқтығы "латифундистердің пайда болуына соқтырды". Бұл мемлекеттің "фермерлердің жаңа буыны үшін жерді ұсыну мүмкіндіктерінің де шектелуіне әкелді".

Осыған байланысты заң жобасында бір жеке және заңды тұлғаға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғарғы) көлемін республика, облыс және әкімшілік аудандар (қалалар) шегінде белгілеу, ол үшін тиісті әдістемесін әзірлеп, бекіту көзделеді.

Бұл ретте жердің оңтайлы мөлшері "әр өңірдің мамандануына және табиғи-ауыл шаруашылық аймағына қарай жеке-жеке белгіленетін" көрінеді. Қалай болғанда, жаңа заң бір қолда ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен көлемде жинақталуына тосқауыл қоюға бағытталған. 

Құжатта шетелдік азаматтармен некеде тұратын қазақстандықтарға, сондай-ақ кез келген үлестегі, тіпті 1 пайыз болса да, шетел капиталы қатысатын қазақстандық заңды тұлғаларға шекаралық аймақтағы жерлерді жалға беруге тыйым салу қарастырылған. Бұл шаралар ұлттық қауіпсіздікті және Қазақстанның аумақтық тұтастығын қамтамасыз етеді.

"Жоба халықтың жеке малдарын жаю үшін қажетті жайылымдық жерлер ауданын анықтайды. Өйткені елдімекендер маңындағы қолданыстағы жайылымдар халықтың қажеттіліктерін қанағаттандырмайды, әрі ол жерлер деградацияға ұшырайды. Елдімекендер айналасында бос жайылымдар мен шабындықтар жоқтың қасы: олар негізінен бұрын жекеменшікке немесе жалға беріліп қойылған. Әкімдіктер жүргізген алдын-ала есептеулерге сәйкес, ауылдардың жайылымдарға деген мұқтаждығы бүгінде 27,7 млн гектарды құрайды. Сондықтан халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігі енді осы жоба бойынша "мемлекеттік мұқтаждықтарға" жатқызылады", – деді вице-министр.

Демек, бұрын сатылып кеткен жерлерді мемлекет кері алады.  

Бұған қоса, халыққа жеке тұрғын үй құрылысы үшін тегін берілетін жер учаскелерін де "мемлекеттік мұқтаждық" қатарына енгізу жоспарлануда. Қазір бүкіл ел бойынша әкімдіктерде жер мен үй кезегінде 1,2 миллионнан астам адам тұрған көрінеді.

Фейсбук сияқты әлеуметтік желілер арқылы таратылып жатқан ақпараттарды жоққа шығарған мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов аталған заң жобасын жалпы отырыста талқылауға парламенттің төменгі палатасы әлі кіріспегенін айтады.

"Тіпті заңның жобасымен және салыстырмалы кестесімен танысқандардың өзіне бұл құжатты арнайы түсіндірусіз ұғыну қиын. Себебі, құқықтық тіл болғандықтан, мұнымен маманданған түрде айналыспайтын адамдардың заң жобаларын қабылдауы күрделі. Мен жұмыс тобының мүшесі ретінде бірнеше басты жайттарына тоқтала кеткім келеді. Біріншіден, заң жобасы – Жер реформасы комиссиясының шешімі болып табылады. Екіншіден, ол ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға енгізілген мораторийді бекітуге, тіпті оны күшейтуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы жерлері тек отандық аграршыларға ғана ұсынылады. Үшіншіден, жерге қоғамдық бақылау енгізіледі. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға және қорғауға бақылау қатайтылады", – деді депутат.  

Кезінде Жер реформасы комиссиясына мүше болған, тәуелсіз сарапшы Мұхтар Тайжан бұл заң жобасы бойынша енді отандық фирмада шетелдіктің ең құрығанда бір пайыз үлесі болса, оған жер берілмейтінін растайды.

"Былтыр елдің алаңдаушылығын ұғынған елбасы біздің комиссияны құрды. Комиссия бірнеше ай жұмыс жасап, 11 ұсыным түзді. Жаңа заң жобасы комиссия ұсынымдары негізінде әзірленіпті және біз қабылдаған хаттамаларға 100 пайыз сәйкес келеді. Оған мен кепіл бере аламын. Жер тек Қазақстан азаматтарына ғана беріледі. Егер фирмада шетелдіктің кез келген, тіпті 1% үлесі болса, оған жер жалға да берілмейді. Сондай-ақ енді әр ауыл маңындағы жерлерді ешкім жалға ала алмайды, ол жерлер бәріне ортақ болады және ауылдықтарға малдарын бағуына қалдырылады", – деді ол.

Вице-министрі Ерлан Нысанбаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы барлық жерлерді Қазақстан азаматтарына жалға беру бұрынғыдай сырт көзден таса емес, бұдан былай ашық жүргізілетінін және мемлекеттің барынша бақылауында болатынын мәлімдейді. Заң бойынша жер азаматқа бірден 49 жылға беріле салмайды.

"Тек конкурстық негізде беру тәртібі орнатылады. Оны өткізудің ашықтығы үшін конкурстық комиссияның құрамына қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдері енгізіледі. Конкурс туралы хабарландыру БАҚ-та және әкімдік пен ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайттарында жарияланады. Конкурсқа қатысушылардың ұсынысында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің бизнес жоспары, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын құру, индикативті көрсеткіштерді орындау және басқа да міндеттемелері қамтылуға тиіс", – деп түйді вице-министр.

Осылайша, жер алам деушілерден енді сауатты бизнес жоспар жазуға үйрену талап етіледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу