Жігітіміз – күміс, қызымыз – қола

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1962

Нью-Делиде өтіп жатқан Азия чемпионатының екінші күні Қазақстан балуандары ел қоржынына бір күміс және бір қола жүлде салды.

Жігітіміз – күміс, қызымыз – қола

Грек-рим күресінен бес медаль

Үндістан боз кілемінде жалауын желбіреткен Азия чемпионатында грек-рим күресі шеберлері өз белдесулерін толықтай аяқтады. Екінші күнгі белдесулерде Қазақстан қоржынына бір күміс жүлде түсті. Сөйтіп, біздің "классиктеріміз" Нью-Дели төріне төселген кілемнен бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Барлығы – бес жүлде.

59 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Мейрамбаек Айнағұлов көпшілікті тәнті етіп, финалға шықты. Әуелі, ширек финалда Солтүстік Корея балуанын бір жарым минуттың ішінде арлы-берлі лақтырып, үстем түсті (9:0). Жартылай финалда Қытай қыранын да бұйым құрлы көрмеді. Кілем үстінде шыр айналдырып, екі минуттың ішінде жеңіске жетті (9:0). Өкінішке қарай, финалда жапон Киничиро Фумитадан 1:2 есебімен ұтылып қалды. Күміс!

85 келідегі Азамат Құстыбаев ширек финалда қырғыз Аскат Бейшебековті 5:3 есебімен ұтты. Бірақ жартылай финалда Иран балуаны Хоссейн Ахмад Ноуриге 2:3 есебімен есе жіберіп алды. Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде қытай Фей Пенгтен 1:2 есебімен ұтылып қалды. Бұйырғаны – бесінші орын. 

Өкінішке қарай, 71 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Әбунасыр Өмірзақ бірінші айналымда Корея балуаны Джихун Кимнен айласын асыра алмады (2:3). Қарсыласы ширек финалдан өткенімен, жартылай финалда ұтылып, Әбунасыр қола жүлде үшін күресу мүмкіндігінен де үмітін үзді. Азия чемпионатын 9-орынмен тәмамдады.

Қыздар құрлық біріншілігін қола жүлдемен бастады

Әйелдер арасындағы еркін күрестен Азия чемпионаты бүгін басталып, екі салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Қыздар күресінен бірінші күні біздің елге бір қола медаль бұйырды.

Ең ауыр салмақта (75 келі) бақ сынаған Гүлмарал Еркебаева үшін Азия чемпионатының басы қатты басталды. Боз кілемге ширек финалда шығып, Қытай спортшысы Палихаға 2:8 есебімен есе жіберіп алды. Бірақ қарсыласы финалға шығып (тіпті ол чемпион атанды), қола жүлде үшін белдесу мүмкіндігіне ие болды. Әрі осы мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Моңғол аруы Уртнасан Ган Очирді бірден астына басып, қозғалтпай жатып алып, жарты минуттың ішінде жеңіске жетті. Гүлмарал – қола жүлдегер!   

63 келідегі Нелли Гульназарян алғашқы белдесуінде жапон аруы Аяна Гемпейге қайрат көрсете алмады (0:10). Қарсыласы финалға шығып, қола жүлде үшін күресу құқығына ие болған. Бірақ жұбаныш белдесуінде Қытай қызына да шамасы жетпеді (0:8).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу