Жол бойындағы бизнес қаншалықты жайқалып келеді?

2633

Жолаушыларды қарапайым ғана, таза әрі жылы дәретханалардың жоқтығы тығырыққа тіреп отыр. Ал "ЭКСПО-2017" көрмесінің жақындап қалғаны анау...

Жол бойындағы бизнес қаншалықты жайқалып келеді?

"Атамекен" палатасында Инвестиция және даму министрлігі туризм индустриясы департаменті мен ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті, сондай-ақ "Қазавтожол" ұлттық компаниясы өкілдерінің, бизнес-қауымдастықтың қатысуымен кеңес өтті.

Қазіргі уақытта "Ұлт жоспары – 100 нақты қадам" бағдарламасының 58-қадамын жүзеге асыру мақсатында "Қазавтожол" АҚ республикалық мақсаттағы автомобиль жолдарының бойында қызмет көрсету жағдайын дамытуға байланысты құзырет иеленгені белгілі. Сонымен қатар бүгінгі таңда елімізде 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатқаны белгілі. Осының аясында, республикалық бюджет пен жекеменшік инвесторлардың қаржысын тарту есебінен, бекітілген талаптар аясында 260 нысанның жаңаша кейіпте құлпыратыны жоспарланған екен.

"Бүгін біз бизнеске қай нысандардың табысты екенін түсінгіміз келеді. Ешқандай кіріс әкелмейтін жерлерге бизнесмендердің аттап баспайтыны анық. Мемлекет осыны ескеріп, кәсіпкерлікті инвестиция құюға ынталандырғаны жөн. Мүдделі әріптестеріміз бағдарламаны іске асыруға белсенді атсалысқанын қалаймыз", – деп шара мазмұнын айқындады "Атамекен" КҰП басқарушы директоры, кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры Дина Мамашева.

КҰП департамент жетекшісі әзірге елімізде таңсық ұғым, "жұмсақ" инфрақұрылым жайын қозғады. Сарапшылардың пікірінше, жай ғана қара жолды төсеп, бұл ұғымды айналып өту, тіршілік тамырын бүлкілдеткен күрежол бойын гүлдендіре алмайды. "Жұмсақ" инфрақұрылымды жақсарту мәселесі басты қызметті тұтынушы тараптардың барлық сұранысты қамтып отыр.

Тағы бір маңызды мәселе, инвестиция және даму министрінің бұйрығы арқылы, өткен жылы жол жиегіндегі нысандардың А, В, С және D санаттары тұрғысында орналасу сызбасы айқындалған.

Өз кезегінде, жиын барысында, аталған министрлік үкімет басшысының хаттамалық нұсқауын орындау үшін "Қазавтожол" компаниясымен бірлесе отырып, тиісті сервис нүктелерін Ұлттық стандарт шарттарына сәйкестендіру жөніндегі шаралар жоспарының жобасын әзірлеп, кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға қажетті іс-қимылдарды қарастырғаны мәлім болды. Өзекті тақырып тұрғысынан алғанда "Қазавтожол" ұлттық компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Рустам Исаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, 2015 жылдың 27 қазанындағы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына сай, компанияға жол сервисін өркендету өкілдігі жүктелген. Бүгінгі күні жол бойындағы сервис нысандарының болашақ орналасу сызбасы мен 2020 жылға дейінгі жол бойындағы сервистің даму бағдарламасы өңделіп, жергілікті атқарушы органдарымен келісілген. Осымен бірге, жанармай құю бекеттерімен, қоғамдық тамақтану нысандарымен, жергілікті және шетелдік инвесторлармен, сондай-ақ басқа да жол қызметінің операторларымен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Барлық мүдделі жақтарды, оның ішінде облыстық әкімдіктер мен "Атамекен" палатасы ой-ұсыныстарын ескерген райда, жол бойындағы сервис нысандарын салу мен дамытуға бағытталған желілік келісімшарт өңделген. Компания "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізі бойындағы бес облыстағы кәсіпкерлермен уағдаластықтарға қол қоюды көздеп отыр. Бұл халықаралық дәліздің транзиттік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыруға септігін тигізіп, кәсіпкерлерге қызмет көрсету нысандарын дамыту үшін толық қолдау көрсетуге, сондай-ақ тұтастай алғанда, жол секторының дамуына мультипликативті әсер етпек.

"Жол сервисі саласында 25 мыңға жуық адам еңбек етеді. Демек, қолға алған игілікті істің маңызы зор. 260 нысан жайына тоқталсақ, олардың басым бөлігінің іргетасы қаланған, тек жағдайын қажетті деңгейге келтірген абзал. Осылайша ұлттық стандартқа теңесуде 2016 жылғы 30%-дан тыс, 2017 жылы 52%, 2018 жылы 76%, 2019 жылы белесті толық бағындыру межеленіп отыр. Жол жиегіндегі сервиске тамақтану, сауда орындары, көлік жөндеу қосындары, мотельдер мен кемпингтер кіреді. Былтырғы жылдың жаз айындағы көрсеткіш бойынша, елдегі жолдардың бойында 2 мыңнан астам нысан орналасқан. А, В, С, D санаттарына бұлардың 81%-ы сай келмейді. Ең көп таралғаны жан-жақты жабдықталған, жылы санитарлық торабы бар жанармай құю бекеттерінен тұратын D санаты. Ұяты жоқ, жолға шыққан жандардың бәрі дәретхана іздеп әуреге түседі. С санатында кешен міндетті түрде жолаушы жайлы тынығатындай жуынатын, тамақ ішетін бөлмемен қамтамасыз етілуі керек. А мен В санаттары ұқсас, бірақ алғашқысының "құрығы ұзындау". Мысалы автотұрағы күзетіледі, көңіл көтеретіндей ойын-сауық жайы болады", – дейді Рустам Исаев.

Кеңесте "Қазавтожолдың" меншікті бағдарламасында жаңа көлік дәліздеріндегі 31 нысанның республикалық бюджет қаржысына тұрғызылатыны сыналды. Өйткені кейіннен бизнеске табысталып, жалға берілуі болжанғанымен, кәсіпкерлердің бастапқы сәттен құрылысқа тартылмауы біраз кірісінен айырып отыр.

КҰП шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің сарапшысы Әділбек Орымбаевты нысандар арасындағы кеңес етілген қашықтықтар жайы қызықтырды. Жанармай бекеттері бір-бірінен 40-50 шақырым, тамақтану нүктелері, шұғыл сауда орындары 30-60 шақырым аралықта орналасуы керек.

Инвестиция және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің өкілі бизнесті қолдап, жолдағы қызметке жұмылдыру мақсатында "Бизнестің жол картасы" бағдарламасына өзгерістер енгізуді, бүгінде сәнді автокеруендерді лайықты баптауды ұсынды.

Өз жауабында туризм мамандарынан тарихи, көрікті мекендердің танымалдылығын ұтымды пайдалану арқылы жол бойындағы бизнесті дамытуға үлес қосуды сұраған Рустам Исаев тың нысандарды халықаралық стандарттағы картаға қосуға күш салып жатқанын, нәтижесінде транзитпен өтетін шетелдік жүргізушілер ол ақпаратты көзі шалса, аялдау мүмкіндігі артатынын мәлімдеді.

Бизнес-ортамен ынтымақтастықта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мүмкіндіктерін сарқа пайдалануды ұсынған Дина Мамашеваға "Қазавтожол" компаниясының басқарушы директоры толық жоба құжаттарымен бөлісуге әзір екенін жеткізіп, жергілікті атқарушы биліктің жер телімін сатып алуы яки жалға алуы сынды жайды таразылау қажеттігін алға тартты.

"Кәсіпкерлермен қарым-қатынаста түйткілді мәселелердің әрқайсысы жеке сарапталады. Бұл орайда типтік-модульді арзан құрылымдар жайын ойластырып отырмыз. Себебі қымбат ғимараттардың, автокөлік ағымының төмендігін ескерсек, өзін ақтамайды", – дейді автожол компаниясының басқарушы директоры.

Ұлттық компания өкілі кәсіпкерлерді белгілі бір ынталандыру тәсілдері ретінде нысандарды инвестициялық жобалар қатарына қосу, үкімет бағдарламалары арқылы "Даму" қорының көмегімен жеңілдікпен несиелеу тетіктерін айтып ақталды. "Атамекеннің" мұрындық болуымен жұмыс тобын, нысандар иелерінің басын қосатын қауымдастық құру мұқтаждығы сезіледі. Жекеменшік қаражатты сәтті кәдеге жарата білген Түркия тәжірибесі зерделеніп отыр. Жол сервисіне қатысты осы жылы "Қазавтожол" АҚ орталықтандырылған еншілес кәсіпорнының тұсауы кесілмек. Сондай-ақ, біртұтас бренд пен дизайнға шығармашылық байқау жарияланады деп күтіліп отыр. Бірнеше тілдегі ұтқыр қосымша, ақпараттық тақта жүргізушілерге алдын ала ақпарат беріп тұрады.

"2017 жылдың үшінші тоқсанында нысандарды қосымша түгендеп шықпақпыз", – деп ойын түйіндеді кеңестің басты спикері Рустам Исаев.

Жиынға қатысушылар шаралар жоспарын егжей-тегжейлі талқылап барып қабылдау керек деп шешті. Себебі құжаттың уақтылы әрі ыждаһатты орындалуына кім жауапты екені әлі белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу