Жыл қорытындысы: сатылымға салық салынбайды

18629

Үкіметтің ҚҚС-ты сатылымға салынатын салықпен ауыстыру ниетінен бас тартуы өтіп бара жатқан жылы Қазақстанның салық салу саласындағы басты жаңалығы болды.

Жыл қорытындысы: сатылымға салық салынбайды

Еске салсақ, мұндай алмастыру мүмкіндігін қарастыруды президент Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың мамыр айында үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. "Күрделі әрі түсініксіз қосымша құн салығының (ҚҚС) орнына саудаға салынатын салықты енгізу мәселесін егжей-тегжейлі зерттеу қажет, - деді мемлекет басшысы, – Қазір бізде ҚҚС қайтару бойынша дербес бизнес құрылды, ненің қайдан келіп жатқаны түсініксіз. Адам ашықтан-ашық ҚҚС-ты қайтарумен айналысып жүр, ҚҚС барлық салықтан асып түсетін салыққа айналды. Егер біз ҚҚС-ты саудаға салынатын салыққа ауыстырсақ ұтамыз, рәсімді әлдеқайда жеңілдетеміз".

Сол кезден бастап осы ауыстыруға қатысты талай пікірталас өтті, сөйтіп өткен жылдың қараша айында сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев 2015 жылдың соңына қарай үкімет бұл ауысым қажет пе, жоқ па деген мәселе бойынша толық тоқтамға келе алмайтынын мойындаған болатын. "Бұл мәселе 2016 жылы қарастырылатын болады. Осы мәселеге сәйкес берілген тапсырмалар бар, біз бизнеспен және жаңа саясатты құру бойынша кеңесшілермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз", - деді министр. Сондай-ақ ол сол кезде әлі болжалып отырған салық салудың жаңа жүйесін бизнес үшін "тиімсіз" деп айту әлі ерте деген болатын.

Ұлттық палата сатылым салығының жолын кесті

Алайда осы жылдың наурыз айында  бизнес аталған ұсынысқа деген көзқарасын нақты білдірді, осыдан соң үкіметтің де осы мәселеге қатысты айқын пікірі қалыптасты. ҰЭМ салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмірин саудаға салық салу тауар сатудың әр кезеңінде, яғни саты-сатымен іске асырылатын болады деп мәлімдеді. Мұндай сызба бойынша салықты қайтару мүмкін емес, саудаға салынатын салық 5% мөлшерінде болады деп болжанды. Жеңілдік жасау тәртібі, Азамат мырзаның айтуынша, қолданыстағы ҚҚС шеңберінде негізделуі мүмкін болды.

Білім беру, медицина қызметтері, халықаралық тасымал сияқты делдалдық сипат алмайтын, әлеуметтік тұрғыдан маңызы бар тауар мен қызметтің сатылымына салық салмау  ұсынылды. Сонымен қатар қолданыстағы кейбір жеңілдік те жойылуы мүмкін еді. Дәлірек айтсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушыларға салынатын ҚҚС бойынша 70%-дық жеңілдік; сынақ әдісімен салық төлеу; еркін экономикалық аймақтарда сатылатын тауарларға нөлдік мөлшерлеме,  түрлі түсті және қара метал сатуға, тұрғын үй қорын басқару және пайдалану қызметтеріне, бос қоймалардың аумағында өндірілген тауарға, нотариус қызметіне, адвокаттық қызметке, лоторея билеттеріне, тазартылған асыл металдарға, тұрғын үй ғимараттары мен жер телімдеріне салынатын салықтан босату.

ҰЭМ-нің есебі бойынша, сауда салығын енгізу еліміздің бюджетіне жыл сайын қосымша 800 млрд теңге түсіруі мүмкін еді. "Электрондық шот-фактураны қолдану, бақылау-кассалық аппараттарды енгізу, шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп кешеніне салынатын арнайы салық тәртібінен бас тарту сауда салығының міндетті шарттары болып табылады", - деп баса айтты Азамат Әмірин наурыз айында кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасында өткен отырыста.

КҰП басқармасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов болса, оған жауап ретінде, сауда салығын енгізу бизнестің алты саласына қалай әсер ететінін талдайтын мәлімет ұсынды. "Әрине, өнім құнының өсуі байқалады. Сауда салығының 5% мөлшерлемесін ескерсек, тауарлар 9-15%-ға қымбаттайды. Шағын және орта бизнес субъектілеріне қауіп төніп тұрғанын байқаймыз. Біздің есебіміз бойынша, Қазақстанда 1,3 млн кәсіпкерлік субъектісі бар, оның 930 мыңы – жеке кәсіпкер. Жеке кәсіпкерлердің 41%-ы сауда-саттық саласында жұмыс істейді. Ұсынылып отырған жаңалық бойынша сауда-саттық саласы патенттелетін субъектілер қатарына  кірмейтіні айдан анық, олар кіріс пен шығысты есептеуге мәжбүр болады. Сәйкесінше, осы салаға қауіп-қатер төнеді деп есептейміз. Қауіп тым жоғары – шамамен 200 мың кәсіпкер", - деді Рустам Жүрсінов. 

Одан бөлек, Ұлттық палатаның ойынша, ҚҚС-ты жаңа салық түріне алмастыру отандық экпорттаушылардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Себебі олардың өнімінің құны өзге шетел өнімдеріне қарағанда әлдеқайда қымбатқа түседі. Ал Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников болса бұл саладағы кәсіпорындар салық алмастырылған кезде банкрот болатынын айтты.

"Аталмыш сауда салығын айналымға салынатын салық қағидасы бойынша енгізу ұсынылады", - деп назар аударды "Еуразиялық топ" ЖШС-нің өкілі Марина Бачурина. "Кез-келген айналым салығы салық төлеушіні айналым қаражатынан тазартуға жұмыс істейді. Егер бізден айналым қаражатын алса, бұл біздің тиімділігіміздің төмендеуі, инвестицияның, еңбекақы төлеудің көзі болып табылатын табысымыздың төмендеуі деген сөз", - деп қадап айтты Марина Бачурина.

Сондай-ақ ол мемлекеттік мекеме сауда салығын енгізу әдістемесін ұсына отырып, алыс болашақта тигізетін әсерін есептеу қажет деп түйді. Мысалға, бизнесті ірілендіру нәтижесінде жеке тұлға табыс көзінен айрылады, ішкі өндіріске қарағанда импорт көлемінің көбеюі ішкі өндірушінің қысқаруына әкеледі, осыған сәйкес, ішкі салық қоры да қысқарады.

КҰП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов ҰЭМ 2017 жылдан бастап ҚҚС бойынша шекті 30000 АЕК-тен 3234 АЕК-ке дейін төмендетіп, ҚҚС-ты сауда салығына алмастыру мүмкіндігін қарастыруды доғармағанын айтады.

"Шынын айтсақ, әзірлеушілердің ойы бізді таң қалдырды. Олар, бір жағынан, шектік соманы төмендетсе, екінші жағынан - 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС-ты тоқтатпақ болды. "Сіз сауда салығына ауыстырмақ болып отырған салық бойынша шектік соманы не үшін  төмендетесіз?" деп сұрадық. Барлығы шиеленісіп кетті, түсінбестік тудырды. Қыркүйек айында да қоғамдық тыңдауда біз қайтадан осы мәселені әзірлеушілердің құлағына жеткіздік. Бұл сұраққа жауап берілмеді. Шілде айында ҰЭМ "екі жаққа да тиімді" нұсқа ұсынды: "Жақсы, 10 есеге төмендету сізді ынталандырмайды дейсіз, онда кезең-кезеңмен төмендету мәселесін қарастырайық", - деді ол abctv.kz-ке берген сұхбатында. – Барлығына түсінікті болу үшін ашып айтайын, қазіргі мәселе мынадай: 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап он еселік төмендету нормасы бар Салық кодексі бойынша өмір сүріп жатырмыз. Біз бұл норманы алып тастайтын болып келістік. Бірақ енді олар уәж ұсынып отыр: бұған дейін 10 есеге төмендетуді ұсынған, ал енді 2020 жылға дейін кезең-кезеңмен бес рет 30 млн-ға дейін төмендетпекші. 2018 жылы бастап, 2020 жылға дейін аяқтаймыз, осыған келісейік".

Ақыр аяғында біздің дәлелдерімізді үкімет түсінді – 2016 жылдың желтоқсан айында Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев КҰП отырысында сауда салығының енгізілмейтінін айтты. "Бизнес мәселе қойды, өте қиын мәселе, біз жан-жақты талқыладық. Үкіметте жыл басынан бастап көптеген шетел кеңесшісі жұмыс істеп, мәселені талдады және барлығының айтатыны бір  - біздің елімізге сауда салығын енгізу жөнсіз деп танылды", - деді Бақытжан Сағынтаев.

ШОБ есепке алынады

Парламент қабылдаған өзгерістерге сәйкес, қолданыстағы салықтың шектік сомасы (30 000 АЕК) 2017 жылға дейін сақталады, одан әрі 2020 жылға қарай кезең-кезеңмен 15 000 АЕК-ке дейін (31,8 млн теңге) төмендетіледі. КҰП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов заң жобасын қарастыру барысында ҚҚС-ның шектік сомасын төмендетуді бір жылға шегіндіруге мүмкін болғанын айтады – бұдан бұрын ҚҚС 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірден 30 мың АЕК-тен бірден 3234 АЕК-ке дейін, яғни 10 есеге дейін төмендетілмек болды.

"Ең бастысы, біз айтып отырған он еселік төмендету барлығын есеңгіретер еді. Біздің мәлімет бойынша, әңгіме 80 мың туралы болып отырған жоқ, яғни біз мемлекеттік кіріс комитетінің 2013 және 2012 жылғы мәліметтерін негізге алдық. Себебі, көптеген мәлімет біздің қолымызға жеткен жоқ, шынын айтсам, жобаны әзірлеушілермен диалог атүсті  өтеді, тиісті адамдар келіп өз кестелерін көрсетеді, өз болжамдарын келтіреді - деді Абылай Мырзахметов abctv.kz.-ке берген сұхбатында. - Өкінішке орай,  мұндай үлгіде диалог жүргізу өте қиын, себебі біздің қолымызда нақты дерек болмайды. Десе де біз оны таптық. Сол мәліметке сүйенсек, 2013 жылы 6 млн теңгеден жоғары табыс тапқан 400 мың кәсіпкер саналды. Осы 400 мың кәсіпкер бір мезетте ҚҚС салығын төлейтін болып шығады. Бұл барлығын есеңгіретіп жібереді".

Салық салудың осы және өзге мәселелері жаңа Салық кодексін дайындау үстінде кешенді талқылауға болады деп есептейді Абылай мырза.

Осыған байланысты КҰП базасында жаңа салық кодексіне ұсыныс енгізетін сараптама тобы құрылды. Оның құрамына Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Ораз Жандосов, Рақым Ошақбаев, Жарас Ахметов, Ғалым Құсайынов секілді экономистер кірді.

Болашақта болатын бір өзгеріс мәлім болды: салық жинаушылар шетелдің интернет-ритейлдері мен Instagram-дағы сатушыларды қолға аламыз деп сөз берді: бүгінгі күні әлеуметтік желілерде тауар сататын ритейлдердің қызметін ешкім қадағаламайды, қарапайым дүкендерге қарағанда, олар ешқандай салық төлемейді. "Біз бұл мәселені зерттеп жатырмыз және қарастырып болған соң, салық заңнамасына тиісті өзгеріс енгіземіз. Ақпараттық технология саласын да жетілдіруге тырысамыз. Заң жобасын келесі жылға жоспарлап отырмыз, ол жылдың бірінші не екінші жартысында дайын болады. Уақыт көрсетеді", - деген болатын қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов қазан айында.

Республикалық интернет-қауымдастығының мәліметі бойынша, Қазақстанда тек интернет-саудамен айналысатын 50 ірі компания  есептеліп отыр. Олардың барлығы заңды түрде жұмыс істейді және сәйкесінше салық төлейді. Осылайша шетелдің интернет-алаңдары, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тауар сататын шетел сатушыларының олармен салыстырғанда артықшылығы бар болып отыр.

Осы жылы қолданылсқа енген салық заңнамасының нормалары арасында өз ипотекалық қарызын мемлекет қаражаты есебінен қайта қаржыландырған жеке тұлғалардың салықтан босатылуын атауға болады. Салықтық жеңілдік тұрғын үй мен ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын тиімдірек іске асыру үшін енгізілді. Бұрын екінші деңгейлі банк немесе ипотекалық ұйым қарызын кешірген тұлға осы соманың 10%-ын салық ретінде төлеуге міндетті болған. Жаңа норма 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайта қаржыландырылған барлық тұрғын үй және ипотекалық несиеге қатысты.

Сөз соңында тағы бір айта кететін жайт: жалпы мағлұмдауды енгізуді 2020 жылға дейін шегіндіруге шешім қабылданды, бірақ бірден енгізу ұсынылып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу