"Астана Арландары" Ресей "Патриоттарынан" басым түсті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1438

Бүгін "Астана Арландары" Таразда WSB жобасындағы төртінші кездесуін өткізіп, Ресей клубын 4:1 есебімен жеңді.

"Астана Арландары" Ресей "Патриоттарынан" басым түсті

"Астана Арландары" AIBA-ның WSB жобасындағы кезекті кездесуін өткізіп, төртінші турда да басымдық танытты. Таразда Ресейдің "Patriot Boxing Team" клубын жеңіп, екі тур бұрын WSB-ның плей-офф сатысында бақ сынау құқығына қол жеткізді.

"Астана Арландары" төрт кездесу өткізіп, төртеуінде де жеңіске жетті. Әуелі Ресейде "Patriot Boxing Team" клубын 3:2 есебімен ұтты. Одан соң Талдықорғанда өзбектің "Uzbek Tigers" командасын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Бұдан кейін Атырауда Қытайдың "China Dragons" деп аталатын клубын 5:0 есебімен тас-талқан қылды.

Ал бүгін Тараз төріне керілген шаршы алаңда Ресей боксшыларынан басым түсті. Ал ресейліктер бұл маусымда бір-ақ рет жеңіске жеткен болатын. Екінші турда Қытай боксшыларын ұтып (4:1), өткен турда Ташкентте өзбектерден 0:5 есебімен күйрей ұтылды. Ең ауыр салмақтағы боксшымыз Қазақстан құрамасымен Германиядағы турнирге кетпегенде, бізден де күйрете ұтылулары мүмкін еді. Енді бүгінгі жекпе-жектерге тоқталып өтейік:

52 келі: Олжас Сәттібаев – Вячеслав Ташкараков – 3:0 (30:27, 30:27, 30:27)

"Астана Арландарының" капитанына Ресей боксшысы үш-ақ раунд төтеп берді. Олжас деңгейінің жоғары, тәжірибесінің мол екендігін бірінші раундтан бастап көрсете білді. Үшінші раундта Ташкараков жарақат алып қалды. Төреші оның денсаулығына зиян тимеуін ойлап, жекпе-жекті тоқтатты. Сөйтіп Сәттібаев биылғы маусымдағы екінші жеңісіне аса қиналмай қол жеткізді. 

60 келі: Закир Сафиуллин – Артур Субханкулов – 3:0 (49:46, 49:46, 49:45)

Закир де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Екінші раундта-ақ қарсыласының мұрнын қанатты. Ресей боксшысы жаны сірі жігіт екен, мұрнынан аққан қанға қарамай айқасты. Бірақ Сафиуллиннің соққылары нық әрі пәрменді болды. Артурды ес жиғызбай төпелеп, биылғы маусымда екінші рет қарсыласынан үстем түсті.      

69 келі: Асланбек Шымбергенов – Шахабас Махмудов – 3:0 (50:45, 49:46, 50:45)

Ресей боксшысы жекпе-жек басталмай жатып, "аспанға" қарғып, төрешілер көзіне түсуге тырысты. Гонг үні естілген бетте алға қарай атылып, ұмтылумен болды. Асланбекке қарсы жүгіріп, тықсыра түсуге тырысты. Бірақ... бірақ Шымбергеновтің қуатты соққылары басына дәл тиген соң, әжептәуір "жуасып" қалды. Асланбек оған төбелескен және құшақтап алып, түйіп қалуға тырысқан емес, дұрыс тактика қолданған жеңетіндігін көрсетті.   

81 келі: Арман Рысбек – Павел Силягин – 2:1 (48:47, 47:48, 48:47)

Нұрдәулет Жарманов Галледегі (Германия) дәстүрлі турнирге кетіп, "Арландар" Арман Рысбекке мүмкіндік берді. Арманның қарсыласы өзінен биік екен. Бірақ қолының ұзындығын пайдаланудың реті келмеді. Рас, Силягин көп қимылдады, соққыларын да оңды-солды жаудырды. Бірақ қазақ боксшысының соққылары нық, пәрменді болды. Рингтегі төреші бір рет тіпті есеп ашып, Силягиннің нокдаунға түскендігін әшкере қылды. Ал Арман оңтайлы сәтті күтіп, ринг ішінде "ойланып", көп жүріп алғандығы болмаса, қарсыласынан басым түсті.

+ 91 келі: Олжас Букаев – Магомед Омаров – 0:3 (45:50, 45:50, 45:50)

Қамшыбек Қоңқабаев та Галледегі турнирге кеткен. Әрі Германияда бірінші орынға ие болып, алтынмен апталды. WSB жобасында алғаш рет рингке шыққан Олжас өзінен әлдеқайда биік Ресей боксшысынан ұтылып қалды. Бес раунд бойы тырысып бақты, бірақ қолдары ұзын, бойы биік қарсыласына қайратын өткізе алмады.

Сөйтіп, "Астана Арландары" төрт рет жеңіске жетіп, 12 ұпаймен "С" тобында көш бастады. Енді бұл топтағы ешбір ұжым қазақ клубынан асып түсе алмайды. Әрі соңғы екі турда "Арландар" жеңіледі деп ойламаймыз...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу