"Базарда аяқ киім сататын кәсіпкерді интернет бизнеске әкелу керек"

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
2619

Ол үшін бір жерді жалға алып, оған ақша төлеудің қажеті жоқ.

"Базарда аяқ киім сататын кәсіпкерді интернет бизнеске әкелу керек"

"Қазпошта" АҚ Астанада алғашқы "E-commerce center" орталығын – электронды коммерция өкілдеріне арналған бөлімшесін ашты. "Қазпошта" енді бұндай бөлімшелерді Алматы мен облыс орталықтарының бәрінде ашпақ. Электронды коммерция орталығының негізгі қызметі және оның кәсіпкерлерге тигізетін пайдасы туралы сұрақтардың жауабын алу үшін "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусинге бірнеше сұрақ қойған едік.

- Бағдат Батырбекұлы, бұл орталық Астанадағы ғана емес, Қазақстандағы алғашқы электронды коммерциялық бөлімше екен. Жобаның мақсаты туралы, жалпы "е-коммерциялық" орталық не үшін қажет, айтып беріңізші?

- Біріншіден, Астанада алғашқы электронды коммерция орталығы ашылғанын қуана хабарлаймын. Бұрын бұндай бөлімшенің баламасы жоқ еді. Жақын күндері Алматы мен облыс орталықтарының барлығында осындай бөлімшелер ашамыз. Жалпы 2017 жылдың жарты жылында бүкіл Қазақстанды электронды коммерция бөлімшелерімен қамтымақпыз. Бұл жобаны неге қолға алдық десек, Қазақстанда электронды коммерция нарығы жылына орташа есеппен 25-30 пайызға артып келеді екен. Сондықтан интернетте сауда жасайтындарға және сатып алушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін "Қазпошта" АҚ электронды коммерция орталығын ашуды қолға алды. Жалғыз Астанананың өзінде "Қазпошта" 40 интернет дүкенге қызмет көрсетіп келеді. Бірақ бұрын оларға қызмет көрсететін орын болмаған. Олар өзге тұтунышылар сияқты кезекке тұрып, мысалы 15 сәлемдемесін реттеп, оны жүйеге енгізгенше 2-3 сағат уақытын жоғалтатын. Әрі осы уақыт ішінде өзге қызмет түрлеріне кезекке тұрғандар көбейіп кететін. Ал Астанада ашылған алғашқы е-коммерция орталығында интернетпен сауда жасайтын адам небәрі 5-10 минут ішінде өз сәлемдемесін рәсімдей алады. "Қазпоштада" 2 сағат кезекке тұрғанша, кофе ішіп, өзгелермен әңгіме құрып, бизнесін дамыта береді.

Екінші жаңалық, бұрын бізбен жұмыс істейтін серіктестерге аванс кітапшасын беретінбіз. Аванс кітапшасы – кеңес үкіметінен қалған нәрсе. Соны серіктестерімізге беруге тура келетін. Яғни біздің серіктес "Қазпошта" арқылы сәлемдеме жіберген сайын кәсіпкер осы аванс кітапшасының бір бетін, біз бір бетін толтыратын едік. Ең жаманы әрі күлкілісі – біздің серіктес осы аванс кітапшасын үнемі қолында алып жүруі керек еді, ал біз ол жоғалып қалмасын деп, аванс кітапшасын тығып отыратын едік. Интернетте сауда жасайтын адамға кеңес үкіметінен қалған кітапшаны ұсынудың өзі күлкілі еді, олар оны пайдаланғысы да келмейтін. Сондықтан интернет дүкендері бар серіктестерімізге арнап аванс кітапшасының орнына банк карточкасын дайындадық. Міне, интернет кәсіпкерлікті дамыту үшін бірнеше жаңалық енгізіп жатырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арқылы, өзіміздің серіктестер арқылы барлық қазақстандықты интернет бизнеске шақырамын. Интернет арқылы сауда жасауға, интернет бизнеспен шұғылдануға шақырамын. Өйткені интернет бизнес ағын сияқты. Ағынға қарсы тұруға болмайды, ағынмен ілініп, ағынмен бірге жүзіп кету керек. Сол үшін біз ыңғайлы жағдай жасап жатырмыз.

- Сонда интернет бизнесі бар адам электронды коммерция орталығына қандай құжатпен келуі керек?

- Ешқандай қағаз керек емес. Біздің post.kz деген порталға өзінің құпия сөзі арқылы кіріп, сәлемдемелерді рәсімдейді. "Е-коммерция" орталығына келіп, сәлемдемесін алып кетеді, сонымен болды. Кәсіпкерден керегі карточка – яғни жоғарыда мен айтқан карточка арқылы төлем жасайды, ал біздің беретініміз – квитанция. Басқа ешқандай құжат керек емес.

- Е-коммерция орталығы қанша кәсіпкерге қызмет көрсете алады?

- Астанадағы 40 интернет кәсіпкер үшін бұл орталық жеткілікті. Ал Flip.kz сияқты ірі интернет дүкендер өз тапсырыстарын "Қазпоштаға" реттеген қалпында жеткізеді. Ал кішігірім кәсіпкерлер осы е-коммерция орталығына әкеле берсе болады, осы жерде іріктеп береді. Егер Астанаға бір орталық аздық етсе, коммерция орталықтарының санын көбейтеміз.

- Жыл сайын "Қазпошта" неше интернет сәлемдеме жеткізеді?

- Санмен айтар болсақ, біз 2015 жылы интернет арқылы 8 млн сәлемдеме, 2016 жылы 10 млн-нан сәл ғана көп сәлемдеме тасымалдадық. Сәлемдемелердің түр-түрі бар. Тіпті екі адам бір-бірінен дүние сатып алады да, соны жібереді. Кейбірі "Али-экспрес" арқылы, кейбірі "OLX" арқылы сатып алады, кейбері тіпті "Инстаграм" арқылы сауда жасайды.

- Жалпы мұндай шараны қолға алудың басты мақсаты қандай? Әлде нарықтан шетелдік "ойыншыларды" ысыру ма?

- Өте дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Егер біз "Али-экспресс", "Амазон" сияқты "алыптарға" қарсы тұрамыз десек, бұл мүмкін емес. Бірақ біз олармен бәсекелесе аламыз. Мысалы, базарда тұрып, аяқ киім сататын кәсіпкерді алайық. Оның өз тұтынушылары бар, базарға барып, таңдап, көріп, сатып алатын. Енді сол кәсіпкер неге тауарын суретке түсіріп, интернет арқылы сатпасқа? Ол бәрібір тауарын базардың қоймасында сақтап отыр ғой?! Оның бағасы да өзгермейді. Сондықтан біздің мақсатымыз – тауар сататындарға интернет арқылы сауда жасауға мүмкіндік беру. Ол үшін бір жерді жалға алып, оған ақша төлеп жатқан жоқ. Біздің бір ғана мақсатымыз – Қазақстанда интернет бизнесті дамыту. "Али-экспреске" төтеп беру мүмкін емес – себебі оның өз нарығы бар. Бірақ "біздің кәсіпкер неге интернет арқылы сата алмайды" деген сұрақ туады. Осы электронды орталық арқылы сол нарықтың дамуына ықпал еткіміз келеді.

- Кәсіпкерлерге осындай мүмкіндіктің барын қалай хабарлайсыздар?

- Біздің елімізде кәсіпкерді қолдауға арналған тетік көп. Әртүрлі бағдарлама бар, "Даму" қоры арқылы да көп несие беріліп жатыр. Міне, менің ойымша, кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаларға өзгерістер енгізу керек. Сол бағдарламалардың ішіне интернет арқылы сатуды индикатор ретінде қойса, жақсы болатын еді. Жалғыз "Қазпоштаның" ғана қолынан келетін мәселе емес. Барлық мемлекеттік орган, барлық мүдделі тарап осы ағынды ілгерілетуі керек. Шетелдерге қарасақ, олардың интернет сауда нарығы бір жылда 400 пайызға дейін артып отыр. Ал бізде бұл көрсеткіш 25-30 пайыз. Бұл динамика жағынан жақсы, бірақ оны әрі қарай дамыту керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу