"Биттің қаупінің күштілігі сонша, тонды отқа салуға тура келеді"

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
9494

Латын әліпбиіне көшу – мезгіл мәселесі.

"Биттің қаупінің күштілігі сонша, тонды отқа салуға тура келеді"

Осыдан үш жыл бұрын елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан – 2050" Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында: "Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады", – деген болатын.

Сол кезде бұл мәселе қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болып, жұрт бүгін көшіп кететіндей күйге еніп еді. Міне, содан бері үш жыл өте шықты. Елбасы латын қарпіне көшу мәселесін жақында жарық көрген "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында тағы да көтерді. Осыны күтіп отырған қоғам да "темірді қызған кезде соқ" демекші, дереу талқыға салды.  Дәлірегінде осы жолы латын қарпіне көшуді жеделдету керек екенін айтуға ашық кірісті.

Мәселен, тарихшы Талас Омарбеков: "Елбасы мұны бірнеше рет айтты және  2025 жылға шегеріп жатқанын білеміз. Биыл әліпбиді анықтап, келесі жылы маман даярлап, оқулық шығару қолға алынсын деген мәселені көтерді. Меніңше, өте дұрыс. Кешіктірудің қажеті жоқ. Бірақ мынаны есте ұстау керек. Біздің халқымыз латын әрпін толық меңгерген жоқ. Оның алдындағы араб қарпін де меңгерген емес. Өйткені араб қарпі Ахмет Байтұрсынұлының редакциялауымен бұрынғы шағатай жазуының үлгісімен салыстырыла отырып, жаңаша жазылған. Сондықтан Ахаң да сол әріпті сақтап қаламын деп талай айтыс-тартысқа барды. Ал енді мұндағы қиыншылық мынау. Біздің тарихты оқыған кейінгі толқын қазақ-орхон жазуын да, араб әрпін де, латынды да меңгеріп алған. Содан кейін кириллицаға көштік. Яғни бұрынғы ұрпақтың бәрі кириллицаны қалай судыратып оқысақ, бәрін де солай оқыған екен деп ойлайды. Сол жағын елге анықтап түсіндіруіміз керек. Шын мәнінде латын қарпі киіз үйлерде сауат ашу науқаны кезінде үйретілген. Қазақтың көпшілігі сондай болды. Латын әрпін толық меңгерген жоқ. Жекелеген әріптерді ғана білді. Меніңше, араб қарпінен латынға, одан кириллицаға көшу халықты мәңгүрттендіру үшін, орыстандыру саясатын күшейте түсу үшін жүргізілді. Ал ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, біз отарлаған империядан алыстауымыз керек. Ең бастысы – орыстандыру саясатынан қол үзу қажет. Ал кириллицамен біз ешқашан бұл саясаттан құтылмаймыз. Өйткені Абай сияқты сынасақ, қазақтың өзі мәңгүрттендіру саясатына байланысты бірнеше топқа бөлініп кетті. Біріншіден, Ресейге көшуге дайын отырған орыс-қазақтар бар. Екінші, орысша оқығанмен, жүрегі "қазақ" деп соғатын орыстанған қазақтар бар. Үшінші, ұлт дегенде жанын беретін, "қазақ аман болса болды" деген шектен шыққан радикалдар бар. Төртінші, басқа ұлтпен салмақты түрде салыстыра қарайтын, өз ұлтын жақсы көретін қазақтар бар. Империалистік саясат қазақты осындай дәрежеге жеткізді. Петропавл, Павлодар атауын ауыстыра алмай жүргеніміз, қазақтың әлі толық тәуелсіздік алмағаны дегенді айттым. Бұл мәселені ашық айтпасақ болмайды. Латын қарпіне көшіп, өз ішіміздегі азаматтарға сауал тастауымыз керек. "Мына әліпбиге көшсең бізбен біргесің, көшпесең, өкпелеме іргеде тарихи отаның тұр...", – деп ашық айтатын кез келді", – десе, белгілі ғалым Дандай Ысқақ: "Осы уақытқа дейін саяси жағы кідіріс тудырды. Отарсыздандыру процесі жүрмей, кешігіп қалдық. Шын мәнінде, 25 жылға кешіктік. Тәуелсіздік алған жылдары екпінмен, қарқынмен бастап кету керек еді. Біз "әліптің артын бақтық". Ол да дұрыс шығар. Тілді қолға аламыз деп бүлініп жатқан елдер де бар. Қазір саяси билік бұл жағдайды қолға алды. Әлемдік жағдай дер кезінде күн тәртібіне қоюға түрткі жасады. Қазір бірнеше нұсқалары айтылып жатыр. Ең негізгі нұсқа – қазақтың барлық төл дыбыстары енген ұлттық әліпбиі болуы керек. Екінші,  қазіргі техника жетістіктеріне байланысты ағылшынның дайын әліпбиін алып, қазақтың бар дыбысын салайық деген пікір бар. Бірақ мұнда ұлттық дыбыстар қалып қояды. Үшінші, қазақтікі де, ағылшындікі де емес, түркі халықтарының бірлігін қамтамасыз ететін түркі әліпбиін жасайық дегендер болды. Түркі кеңесі 1990 жылдары 34 әріптен тұратын ортақ әліпби жасады. Сондықтан латынға көшкен елдердің тәжірибесін пайдаланып, түркілік ортақ әліпби жасайық деген де пікір айтылуда. Мысалы, түріктер латынға көшкенде екі-үш дыбысты жоғалтып алыпты. Олар осыны ескеруге кеңес берді. "Қазақстан ортақ түркілік әліпби жасаса, жаһандануға жұтылып кетпес үшін біз де қолдар едік. Науқан басталып кетті. 25 жыл бойы ұлттық мемлекет ретінде ұлттық мәселелерді көтере алмай келдік. Кейбіреулер "Бұл саясат қой" деп сенгісі келмейді. Биыл әліппе қабылдап, 2025 жылы көшуіміз керек деген бүгін ғана айтылған сөз емес. Бұл 10 жыл бұрын да елбасының стратегиялық бағдарламаларында бар болған. Комиссия құрылып, жалпыхалықтық талдау ұйымдастырайын деп жатқан соң сенуге болады деген сөз", – деді.

Ал бұл тұрғыда саясаттанушы Дос Көшім не дейді? "Меніңше, негізгі мәселелер айтылды. Шындығында, бұл мақаланың жариялануы – күтпеген жағдай. Екінші мәселе, әрбір бағыттағы адамдар таңдап алатын нәрселер бар. Жалпы айтылған, ұлттық мәселеге және үкіметке нақты бағытталған жайттар тілге тиек етілген. Меніңше, қай тілді таңдап алудан гөрі, қай жазудан құтылу мәселесі маңызды. Павлодардың атауын ауыстыруға байланысты жиын өткізгенде тұрғындар әртүрлі атау айтып дабыра болды. Әңгіме қандай атау беруде емес, Павлодар атауынан құтылуда. Сондықтан ең бірінші мәселе – кириллицадан құтылу. Біздің немерелеріміз 200-ден астам ресейлік газетті оқи алмайтын жағдайға жетуі керек. Орыстың идеологиясынан құтылу қажет. Біреулер "Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма" дейді ғой. Осы жолы биттің қаупінің күштілігі сонша, тонды отқа салуға тура келеді. Шындығында, реформа жасау оңай емес. Бір ғасырдың ішінде бір жерге үш рет операция жасау қиын. Біз де үшінші мәрте отаға түскелі жатырмыз. Бірақ мұның бәрімізге керектігі айдан анық. Бұл мәселеге кешенді түрде келген дұрыс. Қорқатын нәрсе – атқарушы билік қандай реформа жасаса да біз, елбасы ойлағандай тиянақты атқаратынына сенбейміз. Біріншіден, реформаны орыстілді қызметкерлер шын көңілден жасай ала ма? Олар мемлекеттік, ұлттық реформа десе, шалқасынан түседі. Екіншіден, 25 жылдан кейін де "кириллицаға адамдар үйреніп алдық, латынмен қатар жүре тұрсын" десе, онда алысқа бармаймыз. Әуелі әңгіме латын тілін үйреніп, содан кейін көшеге жазу емес, алдымен көшедегі мекеменің бәрі латынша жазылып, жұрт содан үйренуі керек. Қазақтың өз арасында да кері тартатындар бар. Мәселе туындаған сайын ондай пікір айтушылар қылаң береді. Адам тыныш өмір сүргісі келеді. Қиыншылық болады. Бүкіл халық, билік болып жұмыс істейтін кез осы. Бар салмақ зиялы қауымға түседі".

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым: "Ең басты мәселе – ұлттық бірлікті сақтау. Бүгінгі мектептегі бала емес, келесі ұрпақтың Ресейдің даңғаза етіп жүрген символикалық орыс әлемінен құтылудың бір жолы. Бұл сөзсіз, саяси, өркениеттік таңба. Әріп кішкентай ғана нәрсе сияқты. Бірақ көшедегі жазба, кітап аты басқаша болса, балабақшаға барған, мектеп бітірген ұрпақ елдегі тарап жатқан орыс газетін оқи алмайтын жағдайға жетеді. Бұл – мақсат. Оның артында құн төлемі бар. Біздің буын үшін комфорт мәселесі туындайды. "Кезінде жазған бірталай мақалаларым бар еді. Бәлкім, латын қарпіне кейінірік көшсек болар еді" деп жүре берсек, онда бұл мәселе сөзсіз кешіге береді. Әр буын өзінше өзімшіл. Осы жылдың аяғына дейін бір нұсқаға келсек деймін. Бұл – өзімізді өзіміз құтқару жолы. Мәселен, жаман ауруға қарсы химиятерапия жасалады. Былай қарағанда, адамның жанын қажытып, ағзасын тоздыратын нәрсе сияқты көрінеді. Бірақ шын айыққың келсе, оны амалсыз орындайсың. Бұл да сол сияқты ұлт ағзасын жөнге келтірудің, кезінде шалдыққан дерттен емдеудің жолы. Екінші мәселе, негізгі қарсылық орыстілді баспасөзден келеді. Бізге үнемі Өзбекстанды алға тартып, "солар сияқты болып қиналасыңдар!" дегенді айтады. Бірақ әзірбайжандар, түркімендер еш қиналмай латынға өтіп кетті. Кейбір азаматтар "осы кезге дейін жарияланған дүниелерді латын қарпімен басу керек" дегенді айтады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Шынын айтсам, қазақ кеңестік жазушыларының 80-90 % шығармасын оқу мүмкін емес. Оның дұрыс жолы, әр жазушыға арналған сайтын жасау керек. Интернетке шығармасын жүктеу керек.

...Ақорданың атауын латынша жазып қойса, еліміздегі мекемелердің ертесіне-ақ өз ақшасына ауыстырар еді. Осының айналасында экономикалық арандатулар да орын алуда. Біреулер қайдан алғанын білмеймін, 35 млрд доллар кетеді деп жүр. Меніңше, ондай ақша тұрмайды. Қазір біз мемлекеттік ақпараттық тапсырысты, мәдениет саласына бағытталған ақшаны дұрыс игере білсек, соның өзі жетеді. Біздің бүкіл жылдық бюджетіміз 35 млрд теңгеге жетпейді. Биыл қыркүйекте мектепке баратын қазақ бүлдіршіндер 86 %-ға жетеді. Ал қазақтар 71 %. Жыл сайын қазақтың саны 1-1,5 % - ға өсіп отыр. Мұны бизнес те түсінуде. Банктер латын қарпіне біртіндеп өтіп келеді. Бренд атауын үш тілде жазған тиімсіз. Бүгінгі бизнеске керегі – қазіргі қазақ ұрпағы. Демек бизнестің латынға өтуге қарсылығы жоқ сияқты. Еш әріп, дыбыс жоғалмайтындай зерттеп, алып шықсақ болды", – дейді. Өз кезегінде латын әліпбиінің бірнеше жобасын ұсынған тіл ғалымы Әлімхан Жүнісбек: "Өткен ғасырдың 1950 жылдарының ортасында қазақ жазуына реформа жасалды. Ол кезде де айтыс-тартыс болды. Бірақ ол саяси реформа еді. Астарында не жатты? Мақсат – қазақ тілінің айтылуын, жазылуын орыс жазуына икемдеу. Сол реформаның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Осы реформаның бағдарымен өскен көзі ашық тіл мамандарының өзі бас тарта алмауда. Қазіргі әліпби – қазақ әліпбиі емес, орыс-қазақ әліпбиі. Сондықтан латын әліпбиіне өту науқанын бір әліпбиден екіншісіне өту емес, қазақ жазуына реформа жасау деп түсінген дұрыс. Ахмет Байтұрсынұлы "Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін" деген екен. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, бүгін-ертең балабақшаға баратын ұрпақ үшін жасалып жатқан тірлік", – десе, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова: "2007 жылы алғаш рет тапсырма беріліп, шетелдік тәжірибені зерделей бастадық. Салааралық республикалық комиссия құрылып, әзірбайжан, өзбек, түрік ғалымдарымен кездестік. Осы процедураны жүргізіп, басы-қасында болған ғалымдармен тілдестік. Өзбекстанда бізге әліпби таңдау ісі – ең маңызды іс екенін жыларман боп жеткізді. Сонда ғалым Әбдірахманов: "Әліпбидегі графемаларды таңдауды ғалымдарға беру керек. Өзбекстандағы комиссия құрамындағы он екі адамның тек екеуі ғана тіл маманы болды, қалғандары шенеуніктер еді. Соның кесірінен біздің айтқан пікіріміз сыртта қалды. Себебі технологияға икемді, қаражаты аз жұмсалатын, пернетақтадағы 26 графеманы ғана алдық", – деді ғалым Әбдірахманов. Оның айтуынша, мысалы, "ш" дыбысын ағылшын тілінде "sh" деп таңбалайды. Бірақ бізде "с" мен "х" әріптерінің де тіркесі бар. Мысалы, "асхана" сөзі. Асхананы ағылшындар сияқты жазсақ "ashana", яғни "ашана" болып оқылады. Сонда өзбекте ең жиі кездесетін есім – Исқақ. Оны "Ishak"  деп жазғанда, барлығы "Ишак" деп оқыған. Ешқашан тілді техникаға икемдеуге болмайды, техниканы тілге икемдеу керек. Тіл ғасырлар бойы өмір сүреді. Мысалы, түріктер латын әліпбиіне көшкен кезде техника да болған жоқ. Өздері қабылдаған қаріп бойынша пернетақта жасап алды. Кейіннен "қ" әрпін жоғалтып алдық деп шулады. Түркиядағы "қ" әрпі қазақ тіліндегі "қ" әрпінен бөлек. Түріктердің әдеби тілінің негізіне Стамбұл диалектісі алынған, бұл – оғыз тектілердің тілі. Оғыз текті түріктердің тілінде "қ" жұмсартылып, "к" болып  айтылады. Ал Анадолы түріктері – қыпшақ тектілер, олар "қ" әрпін анық айтады. Осыдан кейін түріктер "Q" пернатақтасын енгізді, онда "қ" таңбасы бар. Кез келген ұлт өзінің ұлттық мүддесі үшін техникаға қаржы құюда аямау керек, бұл болашаққа құйылған қаржы. Құжаттар өтпеді, бағдарлама жасалмады деп кідіріп қалмай, барлығын ретімен жасақтаған абзал. Меніңше, қазір әліпбиді ауыстырудың пісіп тұрған кезі. Саясаттың, халықтың, мемлекеттің тілге бет бұрған шағы. Ал өзбектер ғалымдардың көмегіне сүйенбегендіктен, өкініштері көп болды. "Латынға көшкенде, кириллмен жазылған мәдени мұра қайда қалады?" деген сұраққа әзірбайжандар әдемі жауап берді. "Әзірбайжанның болашағы үшін қажеті жоқ мұраларды кириллден ауыстырылған жоқ. Қайта болашаққа қажетті дүниені реттеп алу мүмкіндігі туды", – дегенді қадап айтты Анар Фазылжанова. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы: "Латынға көшу – заман талабы. Біздің ойлау жүйеміз әуелі басқаларды ойлайды. Неге? Қытай ұлттық мүдде тұрығысынан "Басқалар не дейді?" деп елеңдемейді. Басқалар да. Сондықтан біз алдымен ойлау жүйесіне реформа жасау керек. Ұлтымыз тұтастанған түрде кірісуі қажет. Қытайдағы қазақтар қуанып отыр. Ал Қытай қазақтың латынға көшуін қатты күтіп отыр. Қытай латын әліпбиіне 1 жылда ғана өтті. Ешкімнен сұраған жоқ. Зиялы қауым бірауыздан көтеріп алу керек. Егер кешігіп қалсақ, тарихи тұрғыдан өкініп қаламыз. 25 жылғы тәжірибе бәрін ұғындырды. Қазақ ұлты көркеймейінше, қазақ елі мәңгілік болмайды", – деді.

Елімізге латын әліпбиінің ауадай қажеттігі тек Президент латын әліпбиіне көшу мәселесін тілге тиек еткен кезде ғана айтылады. "Сең қозғалды, енді не тұрыс?!" деп өршеленіп кететін тұстарымыз да жоқ емес. Алайда мұны құрғақ сөзге ұластырмай, шындап кірісуге не кедергі? Бұған да елбасының пәрмені керек. Әйтпесе, үш жыл сайын ауық-ауық талқылап, жылы жауып қоя берсек, латын қарпіне жақын арада көшпейтініміз анық.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу