"Jumore" электронды алаңымен әріптестік орнатылды

Артур Мискарян Артур Мискарян
2561

Трансшекаралық электронды саудамен айналысатын қытай компаниясы B2B тауарларын сату үшін өзінің электронды алаңын таныстырды.

"Jumore" электронды алаңымен әріптестік орнатылды Фото: kursiv.kz

2016 жылдың қыркүйегінде Шанхайда "Атамекен" КҰП пен  қытайлық "Zhejiang JUMORE E-Commerce Co., Ltd" компаниясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, соған сәйкес қытай сауда алаңында Қазақстанның экспорттаушы кәсіпорындары туралы ақпарат жариялау жоспарланды.Қытай компаниясы электронды трансшекаралық саудамен айналысады, химиялық сала, түсті металдар, пайдалы қазбалар, болат және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатады. "Jumore" электронды алаңының жұмысын қаржылық орталық, өндірістік өнеркәсіпті қолдау орталығы және логистикалық орталық қамтамасыз етеді.

Астанада өткен таныстыру жиынында "Zhejiang JUMORE E-Commerce Co., Ltd" компаниясының президенті Лю Хонгсианг қытайдың сауда алаңында Қазақстанның кез келген беделді компаниясы өз өнімін көрсете алатынын мәлімдеді.

"Қазақстан компанияларының ауқымы мен өнім мөлшері назарға алынбайды, барлық компанияның өтінімі қаралады. Егер сіздің өніміңіз стандартқа сай болса, оған қатысты ескерту болмаса және адал компания ретінде  көпшілікке танылса, онда өніміңіз біздің алаңда ұсынылуы мүмкін", - деді Лю Хонгсианг.

"Атамекен" КҰП өкілдерінің ойынша, қытайдың электронды сауда алаңы отандық өндірушілеріміз үшін халықаралық нарыққа шығар жол болып табылады.

"Jumore интернет-алаңы Қазақстан тауарларын ҚХР-ға экспорттауда үлкен әлеуетке ие деп есептеймін, себебі ол шикізат немесе дайын өнімді қажет ететін қытай кәсіпорындарының көтерме тапсырыстарын өзіне жинақтаған. Коммерциялық интернет-алаңдарды пайдалану біздің өндірушілерімізге халықаралық нарыққа шығып, қысқа мерзімде делдалсыз импорттаушылармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді",- деп мәлімдеді  "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

"Jumore" электронды алаңында үш павильон бар: ұлттық павильон – онда түрлі елдердің компаниялары, ұлттық ерекшеліктері, бәсекеге қабілетті салалар және туризм мүмкіндігі туралы ақпарат жарияланады; провинциялық павильон – мұнда қытай провинцияларының компаниялары ұсынылған; бренд павильонында түрлі салалар бойынша күллі әлемнің үздік кәсіпорындары орналастырылған.

Қазіргі кезде "Jumore" алаңында Канада, Ресей, АҚШ, Мексика, Боливия, Коста-Рика мен Перудің ұлттық павильондары бар. Қытайдың электронды алаңында кәсіпорын және оның өнімі туралы ақпарат орналастыру тегін. Алайда алаңда ұсынылған кәсіпорын саны көбейген кезде қызмет көрсету үшін ақы алынады деп жоспарланған.

"Қызмет көрсету үшін ақы алу жүйесін енгізу қарастырылып жатыр, бірақ Қазақстан "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасына қатысатындықтан және Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас жасайтындықтан айта кеткім келеді, сіздерден алатын төлемақы мөлшері көп болмайды. Сондай-ақ компания біздің алаң арқылы табыс тапқаннан кейін ғана, одан ақы алынады. Бұл сома тапқан табыстың азғантай пайызы болмақ. Біз үшін ең бастысы – өзара табысты қарым-қатынас жасау", - деді Лю Хонгсианг.

Артур Мискарян​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу