"Үкімет пен Ұлттық банк дұрыс стратегияны таңдады деп ойлаймын"

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
15915

Қайрат Келімбетов Bloomberg сұрақтарына жауап берді.

"Үкімет пен Ұлттық банк дұрыс стратегияны таңдады деп ойлаймын" Фото: reuters.com

"Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Bloomberg Markets-ке берген сұхбатында Қазақстанда қаржы қызметі нарығын құру, инвесторлардың сенімі және елдің қытай үкіметімен ынтымақтастығы жайлы әңгімеледі. Сұхбат Гонконгта өткен Х Азия қаржы форумы барысында алынған.

– Сіздер Қазақстанда қаржы қызметі индустриясын құрып жатырсыздар, алдарыңызда қандай міндеттер тұр? Қытай бастамасымен іске асып отырған "Бір белдеу – бір жол" жобасына қатысты елдің жоспары қаншалықты мықты? Сонымен бірге сіздер басқа нарыққа, Батыс нарығына шығуға себепкерсіздер. Осыдан қандай да бір қосымша пайда табасыздар ма?

– Біздің мақсатымыз – Қазақстанда жаңа платформа, "Астана" халықаралық қаржы орталығын Дубай халықаралық қаржы орталығының үлгісінде құру. Ынтымақтастық жайын сөз етер болсақ, онда бұл бағытта жұмысты бастап кеткенімізді айтқым келеді. Қазақстан, Пәкістан мен Иран сияқты бұл бастама барысында негізгі серіктестер есебінде Қытай үкіметі таңдап алынған болатын.

Мен Қазақстанға келетін шетелдік инвестиция қарқынымен біршама таныстым. Осы бағытта Нидерланд, Ұлыбритания және АҚШ көш бастап тұр, ал Қытай тек төртінші орында.

- Тікелей Қытайдан келетін шетелдік инвестициялар көлемін қалай арттырмақсыздар? Қанша дегенмен сіздер шекаралас елсіздер ғой.

- Қазақстан негізінен Еуропа одағымен сауда жасайды, одан кейін Ресеймен және Қытаймен сауда жасайды. Қазақстан өз экономикасын әртараптандырмақшы, сондықтан біз жаңа өндірістік активтерге, инфрақұрылымдарға және жаңа қызметке баса көңіл бөліп отырмыз. Біздің ойымызша, бұған Қытай үлкен үлес қосады.

– Мұнай бағасының төмендеуін және Ресей экономикасындағы құлдырауды қалай қабылдадыңыздар? Банк жүйесіне үлкен қысым жасалып жатқанын есепке ала отырып, қаржылық қиындықтан шығуды қалай жоспарлап отырсыздар?

– Үкімет пен Ұлттық банк дұрыс стратегия таңдады деп ойлаймын. Егер монетарлы саясатқа тоқталар болсақ, Қазақстан 2015 жылдың тамыз айында инфляциялық шектеуден және курс бағамының еркін айналымынан өтіп кетті. Бұл сыртқы әсерді жоюға көмектесті. Қазына саясаты бойынша бюджетті алдағы үш жылда мұнайдың бір баррелі 40 доллар деңгейінде болады деп есептедік. Бірақ заң үстемдігіне, экономиканы әртараптандыруға, сонымен бірге жекешелендіруді және қаржы қызметі орталығын құруда құрылымдық реформа маңызды болды.

– Алдағы уақытта еліміздің ірі банктерінің бірі – "Қазкоммерцбанкті" құтқаруда ел экономикасы тағы бір қаржы институтының қарызын қайта құрылымдай ала ма?

– Бұл мәселені үкімет, ұлттық банк және банк қауымдастығы қарап жатыр деп ойлаймын. Қазақстан мұндай жағдайды бұдан бұрын да бастан өткерген. 2008, 2010 жылдары банк секторы қиындықтарға тап болып, кей банкке банкрот болу қаупі төнген болатын. Үкімет, реттеуші және ұлттық әл-ауқат қоры банк секторын қалыпқа келтіруге көмектеседі деп ойлаймын.

Инвесторлар сеніміне келер болсақ, олардың Қазақстан туралы түсінігі үнемі ойдағыдай болып шыға бермейді. Қазір үш несиенің бірі қызмет көрсетпеді немесе қайта құрылымдаудан өтіп жатыр.

Қазақстанда несиенің 10%-ы жұмыс істемейді. Бұған соңғы бес жылда қол жеткіздік. Ал АХҚО құру – жаңа инвестициялық ахуалды құруға жұмыс істеп жатқанымызды көрсетеді. АХҚО ағылшын құқығы принципіне негізделеді, ал бұл біздің аймаққа тиімді.

– Корпоративті басқару қалай іске асып жатыр? Ұлттық банк ұлттық зейнетақы қорының және қор биржасын иеленіп отыр делік. Мысалы облигацияны сатып алу келісіміне қатысты тергеу жүріп жатқаны белгілі.

– Қазақстанда корпоративті басқаруды жақсартуға көңіл бөліп отырмыз. Бұл мақсатқа жетудегі ең үлкен жетістігіміз – мемлекеттік активтерді жекешелендіру болды. Елдегі ЖІӨ-нің 40%-ын құрап тұрған құрамында "Самұрық-Қазына" қоры бар ірі компаниялар алдағы бес жылда жекешелендіріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу