Салықтар - біз үйреніп қалғандай, тек міндет пен ауыртпалық қана емес. Салық заңнамасын білсеңіз, бұдан үнем көруге де болады екен. Мысалы, ипотека төлегенде.

Шегерім дегеніміз не?
«Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер туралы» кодекс еліміздің азаматтарына төлемдердің жартысын салықтық шегерімдерге қою құқығын береді. Алматы қаласындағы мемлекеттік кірістер департаментінің жауапты басқармасының аbctv.kz-ке түсіндіруі бойынша, салық кодексінің 166-бабы «күнтізбелік жыл бойына әрбір ай үшін төлемдердің мерзімділігіне қарамастан» бірқатар салық шегерімдерін қарастырады.

Шегерімге қоюға болатындар: 
1) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және табысты есепке жазу күні қолданыста болатын ең төменгі жалақы мөлшеріндегі, табыс есебіне жазылатын тиісті айдағы сома. Бір жылдағы салық шегерімінің жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және ағымдағы жылдың әрбір айының басында қолданыста болатын ең төменгі жалақы мөлшерінің жалпы сомасынан аспауға тиіс;

2) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген мөлшердегі мiндеттi зейнетақы жарналарының сомасы;

3) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес өз пайдасына енгізілетін ерікті зейнетақы жарналарының сомасы;

4) жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша өз пайдасына енгiзетiн сақтандыру сыйлықақыларының (егер шартта сақтандыру сыйлықақыларын бөліп төлеу көзделген жағдайда – мерзімдік сақтандыру жарналарының) сомасы;

5) Қазақстан Республикасының резидентi жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөнiндегi iс-шараларды жүргiзуге тұрғын үй құрылыс жинақ банктерiнен алған қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге бағытталған сомалар;

6) осы баптың 6-тармағында белгіленген мөлшерде және шарттарда медициналық қызметтерге (косметологиялық қызмет көрсетулерден басқа) ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар.


Бұл не береді?
Салықтар бойынша үнемдеуге мүмкіндік береді. Сізден жеке табыс салығын аз мөлшерде ұстайтын болады. Жобалық есеп мынадай: жұмыскердің айлық еңбек ақысы 100 000 теңге делік. Жеке табыс салығымен ұсталатын табысты анықтау үшін 1 АЕА (24 459 теңге), зейнетақы жарнасы (10%), сыйақы сомасы (шамамен 15 000 теңге) алынып тасталады. Қалған сомаға 10% салық салынады.

Менің басымда ипотекалық несие бар. Демек, маған ЖТС төлемеуге бола ма?

Олай емес. Тек тұрғын үй құрылыс жинақ банктерінен алынған ипотекалық несиелерді ғана шегерімге қоюға болады. Ал Қазақстанда мұндай банк жалғыз – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі.

Менің ТҚЖБ-да несием бар. Осы несиені қалай шегерімге қоюға болады?

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі ипотекалық несиеңіз бойынша шегерімді қолдану үшін өз жұмыс берушіңізге жұмыскердің табысын анықтауда осындай шегерімдерді қолдану туралы өтініш жазу керек. Есіңізде болсын, шегерімге айлық қарыздың сомасы емес, тек қарыз бойынша сыйақы сомасы ғана қойылады.

Сонымен бірге мемлекеттік кірістер департаменті мынаны естен шығармауды ұсынады. Салықтық шегерім құқығы тек бір жұмыс берушіден ғана табыс алып отырған салық төлеушіге оның берген өтініші негізінде және түрғын үй құрылыс жинақ банкімен банктік несие алу туралы келісімшартты ұсынғанда беріледі. Егер сіз екі жерде жұмыс істейтін болсаңыз, онда бірден екі жұмыс берушіге мұндай өтінішті беруге болмайтыны есіңізде болсын.