Доллардың қымбаттауы кімге тиімсіз

Биржа мен айырбастау пунктерінде 362 теңгеден жоғары көтеріліп бара жатқан доллар қаржы реттеушісі үшін сын екені айқын. Ұлттық банкті сынаушылар жағдайды өз пайдасына қолданып қалуда.

Доллардың қымбаттауы кімге тиімсіз

Валюта нарығы шиеленіскен жағдайда қалып отыр. Санкцияның әсерінен төмендеген рубль, ФРЖ мөлшерлемесінің өсуі және инвесторлардың дамушы нарықтардан кетуі, сондай-ақ төмен құлдырап бара жатқан лира мен мұнай бағасы шыңырау шегіне жеткен сияқты. Ал доллар болса өз қарқынынан қайтпай тұр.

Сарапшылар доллар бағамы 380 теңгеге дейін жетеді ме әлде бұрынғы 335-340 теңге шамасына қайтып келеді ме деп болжам жасаудан жарысқа түскендей. Ұлттық банк ақпараттық тұрғыдан өте жылдам әрекет етті. Америкалық валюта еліміздің айырбас пунктерінде қымбаттап, адам шошырлық сандарды көрсете бастауы мұң екен, Ұлттық банк орын алып отырған жағдайға сыртқы факторлар, яғни геосаяси шиеленіс, дамушы елдердің валютасының әлсіреуі және резидент емес-инвесторлардың нарықтан кетуі әсер етті деп, резидент еместердің қолындағы Ұлттық банк ноталарының көлемі наруыз айындағы 454 млрд теңге шамасынан шілдеде 185,5 млрд теңгеге дейін төмендегенін дәлел ретінде келтірді. Реттеуші валюта нарығындағы жағдайды қадағалап отырғанын және қажет болған жағдайда теңге бағамының едәуір және қысқамерзімді тұрақсыздандырғыш құбылмалығын ретке келтіру үшін интервенция жасайтынын жария етті. Екінші мәлімдемені Ұлттық банк бірнеше күн өткеннен кейін, теңге құлдырау шегіне жеткен кезде хабарлады.

Сонымен қатар қаржыгерлердің реакциясына қарап, олардың реттеушіден сендіруді  ғана емес, нақты әрекетті күткенін көруге болады. Депутат, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамаловтың теңге бағамының құбылмалығын девальвация, оның өзінде бірмезеттік қана емес, баяу жүріп жатқан девальвация дегені отқа май құйғанмен бірдей болды. Девальвация мен долларсыздандыру жайында сөз қозғаған депутат теңгеге сенгендер алданып қалғанын, алдағы уақытта девальвацияны әрбір сыртқы жағдаймен байланыстыратын болады деп қатты кетті.

Аманжан Жамалов теңге бағамына қатысты жағдай халық пен кәсіпкерлерді алған бағытынан адастыратынын айтты. Ал Ұлттық банк болса теңгенің әлсіреуінің экономика мен жалпы ел үшін жағымсыз салдарын бағалап отырған жоқ. Тіпті бюджеттік бағдарламаны іске асырудың өзі орындалмай қалуы мүмкін, өйткені бюджет бір доллар 340 теңге бағамы бойынша жасалған.

"Жақында Ұлттық банк басшысымен кездескен кезде мемлекет басшысы бағамның құбылмалығы белгілі бір шектен шықпауын және ол азаматтардың әл-ауқатына әсер етпеуі керектігін айтқан болатын. Ұлттық банк нақ осы міндетті атқара алмады. Бүгінгі күні бағамның өсуіне қатысты нақты себептер алыпсатарлық "жүгенсіздік" шегіне жетті, ал бұл халық пен бизнестің  девальвация одан әрі болуы мүмкін деген болжамына негіз болып отыр. Бұл жағдайда шұғыл және шешуші шаралар  қажет", – деді халық қалаулысы.

Валюта бағамының еркін айналымы саясатын алға тартқан Ұлттық банк теңге бағамын қадағалаудан қаншалықты қағажу қалғанының бағасын білікті экономистер бере жатар. Дегенмен теңге бағамына әсер етіп отырған сыртқы факторлармен қатар, қазір нақты ашып айтылмай отырған ішкі факторлардың да әсері бар. Халық соны білгісі келеді.  Осындай шиеленіскен жағдайда ресми түсініктеме беруге тиіс адамдар көбінесе істің мәнісін ашып айтпайды да, үйде отырып тон пішетіндерге мүмкіндікті беріп қояды.

Бүгінгі теңгеге қатысты жағдайда қарапайым халыққа бір ғана нәрсе түсінікті, ол импорт қымбаттап, бағаның өсетіні. Қаржыдан шамалы болса да хабары бар адам болатын болса, ол дүйсенбі және сейсенбі күні биржадаға доллардың рубльмен ара қатынасы мардымсыз болғанын, ал теңгенің жылдам төмендегенін байқаған шығар. Реттеуші тарапынан қатаң интервенцияның болмайтынын байқаған алыпсатарлар осы мүмкіндікті пайдаланып, доллардың бағасын одан сайын шарықтатып жіберді.  Күзгі импорттың бағасы қанша доллармен белгіленетінін білмеймін, бірақ жекелеген банктер бағамның айырмашылығынан жақсы пайда көргенін айта аламын. Сондай-ақ бұл алыпсатарларға пайда табуға мүмкіндік беретін еркін нарықтың негізгі функциясы.

Долларға қатысты жағдай басқа маңызды трендті көрсетті. Қатты құлдыраған теңге бағамы, былайша айтқанда, жоспарланған болмаса да орын алған девальвация Ұлттық банкті сынаушылардың пікір айтуына жол ашып берді. Енді қазір реттеуші қандай шешім қабылдаса да, ол ұтылады. Қымбат доллар мен импорт жоспарланған дәліздегі төмен инфляцияны жоққа шығарады. Бағамды тоқтату үшін базалық мөлшерлемені көтеру экономикаға арналған арзан ақша идеясын бұғаттап тастайды да, қаржы министрлігіне өз қарыздары бойынша көтерілген сыйақыны төлеуге, ал Ұлттық банкке теңге массасын өзіне пайдалы шарт бойынша жасауға мәжбүр етеді. Долларды бірден төмендетететін болса, валюта қорының жартысы күйіп кетеді және халық қалаулыларының ашу-ызасы өршиді.

Ұлттық банктің қандай да бір шешім шығаруына уақыт аз қалды, ал жағдай өздігінен шешілмесі анық. Көптеген сарапшының пікірлеріне сүйенер болсақ, дамушы елдердің валютасының төмендеу тренді ұзаққа созылады, ал бұл әртүрлі қолайсыз жағдайды одан сайын көбейтіп жіберу мүмкін.

Ұлттық банктың жұмысына қатысты сын-пікірлер жаңа іскери маусым басталғанда тағы күшейетінін айтуға болады. Егер банк секторын жосықсыз ойыншылардан тазалау тұтынушы үшін тиімді болды десек, онда бағаның өсуі – халықтың, бизнес пен үкімет, депутаттардың  монетарлық биліктен күткені емес. Ал енді себеп табылған екен, онда оны толығымен қолданып қалады. 

 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін