"Астана банкінің" фермерлер алдындағы қарызы өтелді

636

Банктің қаржылық тұрақсыздығына қатысты туындаған мәселеге нүкте қойылды.  

"Астана банкінің" фермерлер алдындағы қарызы өтелді

Азық-түлік келісім шарт корпорациясы астықты интервенциялық сатып алу бағдарламасы аясында фермерлерден шамамен 11 млрд теңгеге 261 мың тонна бидайды сатып алған болатын. Сатып алу www.minagro.kz интернет-ресурсында астық қолхаты ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылған.

Ақпараттық-есептік орталыққа қызмет көрсететін "Астана банкінің" қаржылық тұрақсыздығына байланысты 5 қатысушы корпорацияға өткізген бидайы үшін ақша алмаған. Ал фермерлер алдындағы банктің қарызы – 197 млн теңге.

Корпорация ақпараттық-есептік орталықтың есепшотына ақшаны уақытылы жіберіп, бағдарлама бойынша өз міндеттемесін толық орындаған. Сондай-ақ корпорация астық өндірушілердің проблемаларын шешуге мейлінше көмектескен. Атап айтқанда, корпорацияның араласуымен ақпараттық-есептік орталық қаржының белгілі бір бөлігін фермерлер алдындағы банктің қарызын өтеуге жіберіп отыратындығы туралы шешім қабылданды.

Шешімге сәйкес, осы жылдың 7 маусымында фермерлерге 36,9 млн теңге аударылса, 30-31 шілдеде қалған 160,2 млн теңге жіберілген. Осылайша, "Астана банкінің" фермерлер алдындағы 197 млн теңге көлеміндегі қарызы толықтай өтелді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу