"Ертіс-Cinema" кинофестиваліне 20 елден 207 жұмыс түсті

734

"Ертіс-Cinema" кинофестиваліне 20 елден 207 жұмыс түсті

Павлодарда "Ертіс-Cinema" І халықаралық қысқаметражды кино және деректі фильмдер кинофестиваліне 20 елден 207 жұмыс түсті. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы Исатай Хикметов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Фестивальге қатысу үшін 20 елден 207 жұмыс қабылданды, – деді  Исатай Хикметов. - Олардың арасында Ресей, Англия, Армения, Австралия, Үндістан, Израиль, Иран, Ирак, Канада сынды елдер бар. Сонымен қатар, Ресей мен Қазақстаннан да қызықты кинолар бар. Іріктеуден өткен 64 жұмыстың 15-і деректі фильм болса,  49-сы - ойын киносы. Жалпы қысқа уақыт аралығында барлық жұмыс қаралды".

Журналист-документалист Салауат Темірболатұлы фестивальде ұсынылатын туындылар түрлі жанрлар мен техникада орындалғанын айтты.

"Классикалық жанрдан бастап, андеграунд жанрында түсірілген туындылар баршылық,- деді Салауат Темірболатұлы. - Сондай-ақ, әскери, комедия, мәдениет, әлеуметтік драма, бүгінгі қоғамның мәселелерін айқын айшықтайтын жанрлар бар".

Ұйымдастырушылар қазылар алқасында 13 адам болатынын тілге тиек етті.

"Фестивальдің қазылар алқасында танымал режиссер, сценарист, ақын және кинорежиссер Ермек Тұрсынов келеді, - деді кинорежиссер Людмила Лебедева. - Тізімде жерлесіміз, Ресейдің халық әртісі, танымал кинорежиссер Владимир Хотиненко, продюсер және режиссер, радио және телевидение Еуразиялық Академиясының вице-президенті У Цзян, режиссер, сценарист, әртіс Сатыбалды Нарымбетов, киноәртіс Фархат Әбдрайымов, Қазақ ұлттық өнер институты театр, кино және ТВ факультетінің деканы Талғат Тайшанов бар".

 Естеріңізге сала кетсек, "ЕРТІС-CINEMA" халықаралық кинофестивалі "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру щеңберінде өткізіледі. Ауқымды мәдени шараның басты мақсаты талантты жас сценаристер, режессерлер мен операторларды анықтау және оларға қолдау көрсету.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу