«ҚазМұнайГаз» барлық МӨЗ-де энергетикалық аудит жүргізеді

19 Қараша 2018 18:18
«ҚазМұнайГаз» барлық МӨЗ-де энергетикалық аудит жүргізеді, «ҚазМұнайГаз» ҰК, МӨЗ, энергетикалық аудит

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жаңғырту және қайта құрудан кейін барлық мұнай өңдеу зауыттарында энергетикалық аудит жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнай-газ саласының ұлттық компаниялары энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың жол карталарын әзірледі. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 2021 жылға дейін энергия ресурстарын тұтынуды 4,5 млн гигаджоульға төмендетуді жоспарлап отыр. 2017 жылы аталмыш компанияның отын энергетикалық ресурстарды тұтыну көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда 0,7 пайызға қысқарған болатын», - деді энергетика министрі Қанат Бозымбаев бүгінгі үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту мультипликативтік әсерге ие болады.

«Цифрландыру шеңберінде жақын арада Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында жабдықтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету жобалары жүзеге асырылатын болады. Бұл жүйе профилактикалық тексерулер мен жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ, кем дегенде, 3 жылдық күрделі жөндеу кезеңіне ауысуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жабдықтардың сенімділігі 8-10 пайызға артады деп күтілуде. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жаңғырту және қайта құрудан кейін барлық мұнай өңдеу зауыттарына энергетикалық аудит жүргізуді жоспарлап отыр», - деді Қанат Бозымбаев.