10-қабаттан құлаған баланы қағып алған жігітке 500 мың теңге сыйақы берілді

884

Артем Карев сын сағатта қалайша балконға шыққанын есіне алды.

10-қабаттан құлаған баланы қағып алған жігітке 500 мың теңге сыйақы берілді

Астанада 10-қабаттан құлап кеткен 7 жасар баланы құтқарған Артем Карев Астана әкімдігі табыстаған 500 мың теңгелік сыйақыны қайда жұмсайтынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Ақшаға зәру емеспін. Өзім жайлы әлеуметтік желідегі ақпараттарды қарап отырып, терезелерді баланың құлап кету қаупінен сақтайтын қорғаныс құрылғысын жасайтын адамды көзім шалып қалған еді. Менің ойымша, ең дұрыс шешім - биік қабаттарда тұратын, алайда терезеге қорғаныс құрылғысын қоюға шамасы жоқ адамдарға көмектесу", - деді Артем Карев Астана әкімдігінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Ол сонымен бірге, өзі құтқарып алған баланың туған-туыстарымен әлі кездеспегенін айтты.

"Мен баланың туған-туыстарын көрген жоқпын. Әлбетте, бәрінің басына жай түскендей болып жатқан шығар. Тіпті анасы ауруханаға түсті деп те естідім", - дейді ол.

Артем Карев сын сағатта қалайша балконға шыққанын есіне алды.

"Үйде отырғанымда балконға мені біреу жетелегендей көрінді. Содан барып біреулердің дауысын естіп қалдым. Төменге қарасам, көптеген адамдар жоғары жаққа қарап, айғайлап тұр. Жоғары қарадым да, баланы көзім шалып қалды. Бала анасын шақырып, жәрдем сұрап ілініп тұр екен", - дейді Артем Карев.

Айта кетсек, бүгін Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов бүгін 10-қабаттан құлаған 7 жасар баланы құтқарған  Астана тұрғыны  Артем Каревты марапаттаған болатын. Бейбіт күннің батыры атанған жас жігітке 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Кеше Астана тұрғыны Артем Карев 10 қабаттан құлап кеткен 7 жасар баланы құтқарып қалған еді. Оқиға Сарыарқа ауданының Жеңіс даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінде 24 қыркүйекте болған.

"Таңғы 10:16-да Жеңіс даңғылындағы 28-үйде жас баланың 10-қабаттан құлау қаупі туралы хабар келіп түсті. 10:22-де оқиға орнына Астананың №2 арнайы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жеткен және олар келгенше баланы құтқарып үлгерген", - деп хабарлаған еді ҚР ІІМ ТЖ комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу