Бурабайда "Диснейленд" пайда болады

1669

Ол Орталық Азияда баламасы жоқ ірі жоба атанбақ.

Бурабайда "Диснейленд" пайда болады

Бурабайда қазақстандық диснейлэнд пайда болады. Ол "Бурабайлэнд" деп аталады. Орталық Азия аумағында баламасы жоқ жаңа нысан отандық және шетелдік туристерді магниттей тартады деген сенім зор.

"Бурабай даму" бірыңғай ақпараттық-анықтамалық орталығының басшысы Азамат Баймұқановтың айтуынша, 2012 жылдан бері Щучинск-Бурабай курорттық аймағында "Қазақстандық Лапландия" тақырыптық саябағы жұмыс істеп тұр. Оның ашылуына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұйытқы болған.

"Лапландия қысқы туризм саласындағы ең жақсы өнімдердің бірі. Қазір "Four season" тұжырымдамасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біз бұл алаңды одан әрі дамытатын боламыз. 1 мамырда қайта құруға жабыламыз. Бұл жер қайта жасақталып, "Бурабайлэнд" ойын-сауық саябағы деп аталатын болады", – дейді Азамат Баймұқанов.

Оның айтуынша, "Бурабайлэнд" диснейлендтің баламасы секілді. Оны қазақстандық диснейленд деп атаса да болады.

"Мұнда ойын-сауық алаңдары көптеп орналасатын болады. Цирк алаңдарын ашу да жоспарлануда. Бұл тек балаларды ғана емес, үлкендерді де қызықтырады деген сенімдеміз", – дейді орталық басшысы.

Ал жазғы уақытта этно-турды дамыту жоспарланып отыр. Бұл ретте, саяхатшылар қымыз, шұбат секілді ұлттық сусындардың жасалу жолын өз көздерімен көре алатын болады. Ол үшін арнайы орын әзірленбек.

"Туристер ұлттық сусындардың жасалу жолын үйреніп, олардың емдік қасиеті туралы мағлұмат алмақ. Бұдан бөлек, "Абылайхан алаңы" секілді орындай дайындалуда. Онда ЕХРО-ға ұқсас тамаша мұражай құрылады. Ондағы дүниелердің бәрі 3D форматында көрсетіледі. Яғни, келушілер арнайы көзілдірік киіп, қазақ халқының мәдинетімен, тарихымен танысуға мүмкіндік алады", – дейді Азамат Баймұқанов.

Атап өтерлігі, қазақстандық лапландияны жасауда Швейцарияның тәжірибесіне назар аударылған. Оны швейцариялық лапландияның баламасы десе де болады.

"Бурабайлэндтің Орталық Азияда баламасы жоқ. Біз оны Финляндияның тәжірибесіне сүйене отырып әзірледік. Бұл – нағыз лапландия, бірегей жоба. Әрине, көлемін сіл кішірейтіп, өзіміздің ұлттық нақышымызды қостық. Бірақ негізгі тұжырымдамасы өзгерген жоқ", – дейді "Бурабай даму" бірыңғай ақпараттық-анықтамалық орталығының басшысы.

Азамат Баймұқановтың айтуынша, Щучинск-Бурабай курорттық аймағына келетін шетелдік туристердің саны артып келеді. Мәселен, ақпан айында Бурабайға 20-дан астам елден туристер келген. Олардың қатарында ТМД елдерін қоспағанда, Түркия, Италия, Германия, Франция, Үндістан секілді ірі мемлекеттердің өкілдері бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу