Ақ түтек боран астаналықтарды әбігерге салды

2421

Ақ түтек боран астаналықтарды әбігерге салды

Бүгін атмосфералық ағындарға байланысты ел аумағының басым бөлігінде қар жауып, желмен бірге бұрқасын соғуда. Ақ түтек боранға байланысты жолдар жабылып, әуежайдың да жұмысын уақытша тоқтатылды. Толықырақ Еркін Шәкірұлы баяндайды.

Астанада түн ауа басталған боранның беті қайтар емес. Салдарынан Астанадан қатынайтын барлық жол жабылып, қала маңына қатынайын ондаған қоғамдық көліктің қызметі тоқтатылды.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

"Құрметті астаналықтар мен қала қонақтары! Ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында көшеде барынша абай болуды сұраймыз. Аса қажеттілік болмаса, мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес береміз. Бұрқасын жел болған жағдайда далада қалған болсаңыз, қауіпсіздік шараларын сақтауларыңыз қажет"

Бүгін мектептер мен колледждер де жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Алайда ескертпені аңдамай шығып кеткен 7 жастағы Руслан есімді бала жоғалып, абырой болғанда қайта табылды.

Ауа райының қолайсыздыңынан елордадағы әуежай да уақытша жабылды. Жолаушыларға рейстері туралы ақпаратты әуе компанияларының колл-орталықтарынан анықтауына болады.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

"Төтенше жағдайлар департаменті кез-келген жағдайда 112 нөміріне хабарласуды сұрайды. Дәл қазір қаладағы барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде"

Таңнан бері бір қала елорданың өзінде 60 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Желдің қатты болғаны сонша "Шығыс Ильинка" елді мекеніндегі тұрғын үйлер жарықсыз қалды. Есіл аудандық баспасөз қызметінің мәліметінше оқиға таңғы сағат 5-16-да болған. Бір мезетте 4 бірдей жарық келетін вакуум істен шыққан. Дәл қазір оқиға орнында арнайы жылдам бригада жұмыс істеп жатыр. Ал Астана қалалық әкімдігі Сауран, Достық көшелерінде және Заречная елді мекенінде жоспардан тыс жарық сөндірілуі мүмкін екенін хабарлады.

Синоптиктердің болжауына қарағанда, қалада бұрқасын мен қардың жаууы әлі 3 күнге жалғасады. Бірақ ертең бұрқасынның беті қайта бастайды. Батыстан, солтүстік-батыстан секундына 9-14 метрлік жел соғып, түнде ауа температурасы -11...-13 градусқа дейін төмендейді деп болжануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу