Ақтөбе облысында 35 мың адамның еңбекақысы өседі

948

Бердібек Сапарбаев өңірдегі өнеркәсіптің дамуы жайында баяндады.

 Ақтөбе облысында 35 мың адамның еңбекақысы өседі

ИДМ басшысы Жеңіс Қасымбек Ақтөбе өңіріндегі кәсіпорындардың басшылығымен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Тау-кен компанияларының  ұжымдарымен кездесуді ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі өнеркәсіптің дамуы жайында баяндады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономиканың аталмыш саласы 5,7% өскен, 1,3 триллион теңгеден астам сомаға өнім өндірілді. Қолданыстағы кәсіпорындардың оң динамикасы жаңа өндіріс, жүктеме, жаңғыру және цифрландыру есебінен қамтамасыз етілген.

"Басты міндет – экономика өсімінің қарқынын 5 пайыздық деңгейде қамтамасыз ету. Болжамдарға сәйкес, жыл соңына дейін Елбасының тапсырмасы орындалатын болады. Әлеуметтік даму – Президент саясатының негізгі басымдықтарының бірі, бұл соңғы кезекті Жолдауда тағы да дәлел. Елбасы тапсырмасымен 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі еңбекақыны 1,5 есе – 28 мыңнан 42 мыңға көтеру жоспарлануда. Ақтөбе облысында 35 мың адамның еңбекақысы өседі. Учаскелік дәрігерлер мен медбикелерге үстемеақы қосылып, тәрбиешілер мен балабақша қызметкерлерінің, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы өседі деп күтілуде, - деді Бердібек Сапарбаев.

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, былтыр Қазақстан бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 11 млн шаршы метрден асып, 100 мыңнан аса отбасы жаңа баспаналы болды. Биыл елімізде 12 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілмек, бұл Қарағандының немесе Павлодардың тұрғын үй қорына тең, яғни Қазақстан жыл сайын бір үлкен қала салады.

"Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысының көлемі жағынан қашанда көшбасшылар бестігінде. Сондықтан министрлік облыс әкімдігінің барлық бастамаларын қолдауға әзір. Біз келесі жылы облыста құрылыс көлемін арттыра алатынымызды көріп тұрмыз. Өйткені тұрғын үй бағдарламаларына біз бөлген әрбір теңге құрылыстың нақты көлемін табады және нақты азамат өз жағдайын жақсартады", - деп атап өтті министр.

Ол индустриалық даму жайында айта келе қазіргі таңда өнеркәсіпті қолдау және дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың өңделген экспорт көлемін 2022 жылға қарай 1,5 есе, экспорттаушы кәсіпорындар санын 300-ден 450-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жеңіс Қасымбек жұмыс сапары аясында сондай-ақ, құрылыс компанияларының ұжымдарымен және Хромтау қаласындағы "Восход - ORIEL" ЖШС ұжымымен кездесті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу