Алматыда ертең Конфедерация кубогы басталады

1500

Алматыда ертең Конфедерация кубогы басталады

3-4 желтоқсанда  Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында спорттық жекпе-жек және күш қолданатын спорт түрлері конфедерациясы кубогының финалдық кезеңі өтеді, деп жазады egemen.kz.

Тұңғыш рет бокс, күрес, дзюдо және таеквондо (WTF) спортынан бірлескен командалық жарыс ретінде өткізілетін шараның жалпы жүлде қоры — 125 млн теңге. Конфедерация кубогы үшін қатысушы командалар  жеребе бойынша төрт топқа бөлінген еді:

"А" тобы: Қызылорда облысы, Алматы облысы, Астана және Алматы қаласы.

"B" тобы: ШҚО, БҚО, СҚО және Ақмола облысы.

"С" тобы: ОҚО, Павлодар облысы, Қостанай облысы, Қарағанды облысы.

"D" тобы:  Жамбыл облысы, Ақтөбе облысы, Атырау облысы  және Маңғыстау облысы.

Іріктеу кезеңінің нәтижесінде, грек-рим күресінен жартылай финалда Алматы облысы Оңтүстік Қазақстан облысымен кездессе, Солтүстік Қазақстан құрамасы Жамбыл облысымен жолығады.

Еркін күрестен Алматы облысының жартылай финалдағы қарсыласы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан өңірі ақтөбеліктермен белдеседі.

Дзюдодан финалға берілер жоладама үшін қызылордалық спортшылар Қарағанды құрамасымен таласса, Шығыс Қазақстан облысы жамбылдық дзюдошылармен татамиге шығады.

Таеквондодан Алматы қаласы ОҚО спортшыларымен күш сынасады. Ал, Батыс Қазақстан облысы Жамбыл құрамасымен кездеседі.

Сонымен қатар, жартылай финалда бокс кездесулері де өтеді. Бұған дейін үздік төрт команда анықталған. Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Астана қаласы финалға шығатын мықтыларды анықтайды.

Сондай-ақ, Конфедерация кубогының финалдық кезеңіне Елдос Сметов (Жамбыл облысы, дзюдо), Әділбек Ниязымбетов (Маңғыстау облысы, бокс), Нұрсұлтан Мамаев (ОҚО, таэквондо), Жансай Смағұлов (Қарағанды облысы, дзюдо), Ержан Шынкеев (Қарағанды облысы, дзюдо), Расуль Калиев (ШҚО, еркін күрес), Нұрмахан Тінәлиев (Алматы облысы, грек-рим күресі), Аслан Кахидзе (Алматы облысы, еркін күрес), Берік Әбдірахманов (Маңғыстау облысы, бокс) сынды танымал спортшылар да қатысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу