Алматыда "102" тұтқасында отыруға 32 оператор керек

1061

Жұмыс тәртібі күрделі, жалақысы да мәз емес 

Алматыда "102" тұтқасында отыруға 32 оператор керек Фото: caravan.kz

Алматыда "102" тұтқасында отыратын операторлар саны көбеймек. Үміткерлер іріктеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Соңғы кезде 102 қызметіне наразы жұрт көбейді. Осыған орай, қызметті жақсартуды қолға алмақпыз. Тәулік бойы қызмет атқаратын 102 операторларының санын арттырамыз. Бізге кемі 32 адам керек", -деді брифингте қалалық ІІД шұғыл басқару орталығының басшысы Андрей Квашнин. 

Қазіргі таңда сынақ мерзіміндегі 10 адам тестілеуден өтуге дайындалып жүр. 

"Қаласаңыздар, келіңіздер. Жұмыс тәртібі күрделі, жалақысы да мәз емес. 12 сағаттық жұмыс уақытында 1 сағат қана үзіліс беріледі. Жарты сағаты ас ішуге, 15 минуттан екі рет қажеттілік туындаған жағдайда босатамыз. Айлық 40 мыңнан аспайды", - деді ШБО басшысы.

Аз жалақыға қарамастан, үміткерлерге қатаң талап қойылады. Заңнан хабары бар , сауатты, екі тілді меңгерген, ағылшын тілін білгені артық етпейтін, жоғары білімді , моральді тұрғыда мықты азаматтарға есік ашық. 

"Бізге пернетақтада мәтінді тез теретін, жағдайды түсіне алатын адамдар керек",-деген Андрей Квашнин, орталықта 20 жылдан бері қызмет етіп келе жатқандардың бар екенін де айта кетті. 

ІІД уәде еткендей, егер қызметкерді ішкі істер органындағылар аттестациядан өткізсе, оның мансабы да өспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу