Алматыда "Әлем Барысы" анықталмақ

968

Бәсекеге 29 елдің балуаны қатысады. 

Алматыда "Әлем Барысы" анықталмақ

2 желтоқсан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен "Әлем Барысы" түйе балуандар арасындағы әлем чемпионаты өтеді.  Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылып отырған бәсекеге 29 елдің балуаны қатысады. Шетелдік спортшыларға Қазақстанның бес балуаны төтеп береді.

19 қарашадан бастап қазақ күресінен Қазақстан Ұлттық құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Жиын нәтижесі бойынша бас жаттықтырушы Ерлан Естек бастаған бапкерлік кеңес "Әлем Барысында" ел намысын қорғайтын балуандарды іріктеді. Олар: төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Барысы жеңімпазы Айбек Нұғымаров, Айбат Сейтен және Ерсұлтан Мұзаппаров, биылғы Қазақстан чемпиондары Руслан Әбдіразақов пен Нұрдәулет Жарылғапов.   

2014 жылы xалықаралық турнир ретінде тұсауы кесілген "Әлем Барысы" бүгінде қазақ күресінен абсолютті әлем чемпионаты деңгейіне өсті. Былтыр Астанадағы "Барыс Аренада" Айбек Нұғымаров "Әлем Барысы" атанса, қазақ балуанына ақтық белдесуде лайықты қарсылас бола алған грузин спортшысы Гурам Тушишвили еді. Ал, үшінші орынға Ержан Шынкеев жайғасты.

Биылғы біріншіліктің жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде 10 миллионы жеңімпазға тиесілі. 6 миллион екінші, 3 миллион теңге үшінші орын иегеріне табысталады. Дәстүр бойынша, алтын, күміс және қола белбеулер де қарастырылған. Сонымен қатар, биыл алғаш рет "жеңіске деген талпынысы үшін" номинациясы бойынша 1 миллион теңге сыйақы да бар. Жанкүйерлер де жүлдесіз қалмайды. Көрермендер арасында Renault Logan автокөлігі ойнатылады.

"Әлем Барысы" қазақ күресінің  әлем чемпионатын "QAZAQSTAN" және "QAZSPORT" телеарналары  2 желтоқсан күні сағат 12:45-те тікелей эфирде көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу