Астанада 32 тонна қалдық қайта өңдеуге тапсырылды

771

Астанада 32 тонна қалдық қайта өңдеуге тапсырылды

Астанада тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау бойынша жобаның алғаш рет қорытындысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сілтеме жасап.

Сегіз күн ішінде 117 сары контейнерден екінші рет қайта өңдеуге болатын 31 тонна 780 келі қоқыс шығарылды. Астаналық тұрғындардың көбісі сары контейнерге макулатура, шыны, пластик бөтелкелерді, полиэтилен пакеттері мен аралас заттарды тастайды.

Мамандар бөлек жиналған аталмыш көрсеткішті қанағаттанарлық деп отыр. Күн сайын "құрғақ" қоқыстарды жинаудың қарқыны артып келе жатқаны байқалады. Әсіресе "Ақжайық" ТК, Сауран 12, Сауран 9, Мәңгілік ел 19 тұрғындары белсенділік танытуда. "Құрғақ" фракцияға арналған контейнерлерді бөлек қоқыс тасымалдайтын техника жинап шығады. Жиналған шикізаттар Астанадағы зауытта екінші рет қайта өңдеуден өтеді. 

Естеріңізге сала кетейік, Астанада қоқысты бөлек жинау екі фракцияда жүзеге асырылады: "құрғақ" (пластик, қағаз, әйнек, металл) және "дымқыл" (тамақ қалдықтары және басқа). Аулаларға орнатылған "сары" түстегі жаңа контейнерлер металл, пластик, шыны, макулатура, электронды техникаларға арналған. Бұл "құрғақ" фракция деп аталады.

Қалған тұрмыстық қалдықтарға (тамақ қалдығы) жасыл контейнер арналған. 

Жоба шеңберінде қоқысты бөлек жинау үшін күз айына дейін 6276 контейнер орнатылмақ.

Қоқысты бөлек жинаудың пилотты жобасын жүзеге асыру қоқыс полигонының көлемін қысқартып, елде қайта өңдеу саласын дамытып, табиғи ресурстарды сақтап, үнемдеуге мүмкіндік береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу