Астанада көлік картасын автобустан сатып алуға болады

628

Астанада көлік картасын автобустан сатып алуға болады

Астананың қоғамдық көліктеріне сараланған тариф енгізілгеннен кейін жолаушылар көлік картасын автобустарда сатып ала алады, деп хабарлайды elorda.info.

"Сараланған тариф енгізілісімен автобус кондукторлары көлік картасын сататын болады", - деді "Астана ЛРТ" ЖШС баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.

Сондай-ақ маусым айынан бастап көлік карталарын Qiwi-терминалдар арқылы комиссиясыз толтыруға болады.

Науат Азанбаева өткен жылдың желтоқсан айында көлік картасын қолданған жолаушылардың көрсеткіші 7 пайыз болса, қазіргі күні 36% жеткенін атап өтті.

"Көлік карталарын тұтынушылардың санын 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Рас, кейде RTVM-терминалдарда сатылымға карта болмай қалады. Себебі, қазір жолаушылардың тарапынан картаға деген қажеттілік артты", - деді ол.

Оның айтуынша, кейде адамдар терминалдарды дұрыс пайдаланбай, соның салдарынан құралдар істен шығып жатады.

"Ақша қабылдайтын жерге картаны салып, соның әсерінен терминал жұмыс істемей қояды. Біздің қызметкерлеріміз ұдайы шығып, автоматтардың жұмысын бақылап отырады", - деді Азанбаева.

Айта кетейік, елордада сараланған тариф шілде айының ортасында енгізіледі. Көлік картасын пайдаланушылар үшін жол ақысы - 90 теңге, ал қолма-қол төлем жасайтын жолаушылар үшін қалалық көлікте қатынау -180 теңге, ал экспрессте - 250 теңгені құрайтын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу