Астанада мамандары жоқ ХҚКО ашылады

1183

Цифрлық ХҚКО-ларға келген адамдардың өздері мамандардың кеңесіне зәру. Сондықтан мемлекеттік корпорация халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды алғашқы орынға қойып отыр. 

 Астанада мамандары жоқ ХҚКО ашылады

Алдағы сәрсенбіде Астанада ХҚКО мамандары жоқ ХҚКО ашылады. Бұл туралы бүгін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды abctv.kz.

Оның айтуынша, 12 желтоқсанда елордада салтанатты түрде тұсауы кесілетін Қазақстандағы тұңғыш "Электрондық қызметтер орталығы" – халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа буынына айналмақ.

Қазіргі кезде мемлекеттік корпорация арқылы 598 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Бұл Қазақстандағы арнайы тізілімде бекітілген барлық мемлекеттік қызметтердің 80%-ы.

11 ай ішінде мемкорпорация 30 миллионнан астам қызмет көрсетіпті, оның 16 миллионға жуығы немесе жартысынан астамы электрондық форматта.

Әзірше барлық мемқызметтерді электронды түрде алуға болмайды. Мекеме осы мәселенің түйткілін тарқатуға тырысуда. Мәселен, бүгінде реестрдегі 741 мемлекеттік қызметтің тек 454-і, яғни 61% ғана электрондық форматта қолжетімді. Жыл өткен сайын электрондық жолмен көрсетілетін қызмет саны өсіп отырады, 2020 жылы оның үлесі 90%-ды құрауы тиіс.

Оның үстіне, цифрлық ХҚКО-ларға келген адамдардың өздері мамандардың кеңесіне зәру: компьютер тілін бұқара жаппай түсіне бермейді. Сол себепті, енді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өз алдына жаңа миссия белгілепті.

"Цифрлық мемлекет қалыптастыру барысында азаматтардың цифрлық жаңашылдықтарға деген қызығушылығын тудырып, оларға оның қыр-сырын үйретіп, үнемі еліктіріп отыру қажет. Сондықтан да бүгінде мемлекеттік корпорация "халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды" өзінің жаңа миссиясы ретінде белгілеп отыр", - деді Аблайхан Оспанов.

Көрсетілетін электрондық қызметтер санының артуына байланысты мемлекеттік корпорация бұдан былай халық арасында қызметтерді онлайн алуды үйрететін шаралар өткізіп, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырмақ. Бұл мақсатта республикамыздағы барлық ХҚКО-лар жаңғыртылып жатыр. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторының аймағы 60%-ға дейін ұлғайтылуда, онда кеңес беруші мамандар азаматтарды электрондық портал қызметін өз бетінше пайдалануды үйретеді.

Сонымен қатар биылдан бастап, цифрлық ХҚКО-лар ашыла бастады, онда оператор мамандар қызмет көрсетпейді, тек кеңес берушілер өздігінен қызмет алушы азаматтарға бағыт-бағдар береді. Цифрлық ХҚО-лар Астана, Алматы, Шымкент және Қостанай қалаларында жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу