Астаналық полицейлер кәсіби мерекелерін атап өтті

792

Астаналық полицейлер кәсіби мерекелерін атап өтті

Бүгін "Астана" концерт залында Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында, Қазақстан полициясы және мемлекеттік қызметкер күнін мерекелеуге арналған салтанатты кеш өтті. Ел тыныштығы мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген полицейлердің мерекелік іс-шарасына шаһар басшысының орынбасары Қосман Айтмұхаметов арнайы келіп, әкімнің құттықтау хатын оқып берді.

Кеш барысында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі  Қалмұханбет Қасымовтың құттықтау хаты оқылып, Ішкі істер департаменті басшысы, полиция генерал-майоры Марат Қожаев барлық қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, салтанатты марапаттау рәсімін өткізді. 

"Полицияда қызмет ету әрқашан батыл, игілікке жақын, жамандыққа жаны қас азаматтардың ісі болып қала бермек. Полиция біздің қоғамның тыныштығын сақтауда талмай еңбек етуде", - деді М.Қожаев.

ІІД басшысы ішкі істер органдары ардагерлеріне және қызмет бабында қайтыс болған қызметкерлердің еңбегіне, батырлығына ерекше алғысы мен ілтипатын білдірді.

"Бұл күні жас мамандардың тәлім-тәрбиесіне, маман ретінде қалыптасуына үлкен үлесін қосып келе жатқан, қызметтің үздік үрдісін мұра ретінде қалдырып, баға жетпес тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, қызмет бабын орындау барысында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қолдау көрсетіп келе жатқандары үшін алғысымды білдіремін", - деді ол.

Шарада бірқатар қызметкерлер ІІМ министрі және ІІД басшысы бұйрықтарымен шен алып, ерен еңбегімен көзге іліккен қызметкерлерге мадақ және алғыс хаттар табысталып, қуанышқа бөленді. Іс-шара мерекелік концертке ұласып, эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу