Біртанов пен Исекешев ана өліміне байланысты премьер-министрге жауап берді

728

Біртанов пен Исекешев ана өліміне байланысты премьер-министрге жауап берді

Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР денсаулық сақтау министрі мен Астана қаласының әкімінен елорда перзентханасындағы ана өлімінің себебін сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, барлық қажетті тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

"Барлығы шілде айында болғандықтан, патологиялық, анатомиялық, морфологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр, зерттеу жұмыстары біткен соң толық ақпарат береміз. Жалпы қазір Астана қаласындағы амбулаториялық деңгейде әйелдерге қандай қызмет көрсетілгенін тексеріп жатырмыз. Арнайы штаб құрылған. Астана қаласының әкімдігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда үлкен мәселелер бар деп айтуға болмайды, кей жағдайда барлығы әйелдердің өз денсаулығына байланысты болады. Перинаталдық орталыққа тексеру жұмыстарын жүргіздік. Санитариялық, эпидемиялық режимде бәрі дұрыс. Әрі қарай жұмыс істейміз және қосымша ақпарат береміз", - деді Елжан Біртанов үкімет отырысында.

Сондай-ақ, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те қайғылы оқиға бойынша премьер-министр алдында жауап берді.

"Барлық жағдайлар бойынша жетекші медициналық орталық мамандарының қатысуымен консилиум өткізілді және барлығы Денсаулық сақтау министрлігімен талқыланып, нақты іс-әрекет жоспары түзілді. Сондай-ақ, тәуелсіз сараптама жүргізу үшін және акушерлік-гинекологиялық көмек үшін Еуропаның мықты деп саналатын мамандарын шақырып отырмыз. Мәселе бақылауда", - деді Әсет Исекешев.

Айта кетейік, кеше Астананың №2 перинаталды орталығында босанған келіншек көз жұмды. Дәрігерлер шақалақты аман алып қалды. Оған дейін елордадағы №1 перинаталдық орталықта үш әйел көз жұмған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу