Бокстан Қазақстан құрамасы халықаралық турнирде көш бастады

590

5 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленген Қазақстан әйелдер құрамасы жалпы есепте алғашқы орында тұр. Екінші орында Ресей, үшінші сатыда Сербия құрамалары орналасқан. 

Бокстан Қазақстан құрамасы халықаралық турнирде көш бастады

Сербияның Сомбор қаласында әйелдер боксынан "Ұлттар кубогі" халықаралық турнирі мәресіне жетті. Аталған сында Қазақстан құрамасы 5 алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz. 

Турнир қорытындысы бойынша, Алуа Балқыбекова (48 келі), Дина Жоламан (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) және Ләззат Күнгейбаевалар (+81 келі) чемпион атанды.

51 келідегі финалдық жекпе-жекте әлем чемпионы Назым Қызайбай өзінің отандасы Ангелина Лукасқа есе жіберді. 

Алуа Балқыбекова финалда ресейлік Юлия Чумгалакованы жеңсе, Дина Жоламан төрешілер шешімімен венгриялық Сабина Шуцстан басым түсті. 

Турнирдің үздік боксшысы атанған Римма Волосенко хорватиялық Сара Берамнан мықтылығын дәлелдеді. Аса ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева ресейлік боксшы Александра Дмитриевадан алтынды тартып алды. 

Осылайша, 5 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленген бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы жалпы есепте көш бастады. Екінші орында Ресей, үшінші сатыда Сербия құрамалары орналасқан. 

Қазақстандық боксшылар ересектермен қатар, жастар мен жасөспірімдер арасында да топ жарып, Суперкубокті иеленді. 

Сербиядағы "Ұлттар кубогі" халықаралық турниріне әлемнің 20 мемлекетінен 170 спортшы қатысқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу