Бюджет қаражатын игеру қарқыны жақсарды

1108

Бюджет қаражатын игеру қарқыны жақсарды

Қаржы министрі Әлихан Смайылов 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Министр мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) жоспардан 102,6%-ға асыра орындалғанын жеткізді. Бюджетке 7,38 трлн теңге қаржы түсті. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 232 млрд теңгеге көп. Республикалық бюджет кірістерінің жоспары 102,1%-ға және жергілікті бюджеттер 104%-ға орындалды.

Қаржы министрі жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың 11 айымен салыстырғанда бюджет қаражаттарын игеру қарқыны біраз жақсарғанын атап өтті. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ға игерілсе, республикалық – 98,6%, жергілікті бюджеттер – 98,2% орындалған.

ҚР қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, республикалық бюджетке 5,3 трлн теңге кіріс түсті, бұл 2017 жылдың жылдық жоспарынан артығымен орындалды. Шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтардың жылдық жоспары 109 млрд теңгеге және 38 млрд теңгеге асыра орындалды.

Кірістердің өсу қарқыны 120% құрап, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бюджетке 873 млрд теңге көп түсті. Олар негізінен салық түсімдерінің есебіне келеді.

Республикалық бюджеттің шығыстары осы жылдың 11 айында 8,7 трлн теңгені немесе 98,6% құрады. ҚР ҚМ деректеріне сәйкес, жыл қорытындысы бойынша, республикалық бюджет шығыстарының орындалуы 99,6% деңгейінде күтілуде.

"Есепті кезеңде өңірлерге 698 млрд теңге мақсатты трансферттер бөлінді. 668 млрд теңге немесе 95,6% жергілікті деңгейде игерілді. 30 млрд теңге орындалмады. Оның 2 млрд теңгесі – үнемдеу сомасы. 28 млрд теңге игерілмеді. Бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткіштен 34 млрд теңгеге төмен", – деді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу