Еуроодақ пен Канада АҚШ-тың үстінен ДСҰ-ға шағымданбақ

1049

Еуроодақ пен Канада АҚШ-тың үстінен ДСҰ-ға шағымданбақ

АҚШ санкциясына наразылық танытқан Еуроодақ Дүниежүзілік сауда ұйымына шағымданбақ, деп хабарлайды Atameken Business.

Еурокомиссия мүшелері Трамптың шешімі халықаралық ережелерге қайшы келеді деген пікірде. Айтуларынша, еуропалық болат пен алюминий АҚШ қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейді. Сондықтан, мәселені келіссөз арқылы шешу керек.

Естеріңізге сала кетсек, АҚШ-тың сауда министрі Уилбур Росс бүгіннен бастап Еуропа импортына 25 пайызға дейін шектеу қойылатынын айтқан болатын.

"Еуроодақ қарымта қайтаратын болады. Бүгін – әлемдік сауда үшін қаралы күн. Біз дереу Дүниежүзілік сауда ұйымына шағымданып, осы жүгенсіздікке қарсы шара қолданамыз. Мәселе әлемдік сауда туралы болып тұрғанда сыңаржақ шешім шығару –жөнсіз әрекет", - дейді  Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер.

Канада да дәл осындай жағдай. Елдің премьер-министрі АҚШ-пен сауда келіссөзін жүргізуге мүдделі емес. Ол да тарифтерге қатысты Дүниежүзілік сауда ұйымына шағымданбақ. Сонымен қатар Америка импортына қарсы санкция салмақшы. Енді осы елге АҚШ-тан тасымалданатын, жалпы құны 12,8 млрд доллар болатын тауарға шектеу қойылады.  

"Бұл тарифтер – ақылға сыйымсыз. Өкінішке орай, америкалық әкімшілік күні ертең өкінішке соқтыратын шешім қабылдады. Одан да әріптестікті нығайтып, бірліксіз тірліктің болмайтынын түсінгені жақсы еді. Ешбір елдің экономикасы басқа елдермен байланысты жандандырмайынша, дамымайды. Өзгелерді өзіне қарсы қоюды ақыры жақсылыққа апармайды",- дейді Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу