KAZ Minerals жарты жылда қанша тонна мыс өндіргенін жариялады

992

Компания алты айда 139,6 мың тонна мыс өндірді.

KAZ Minerals жарты жылда қанша тонна мыс өндіргенін жариялады

KAZ Minerals жарты жылдағы жұмыс қорытындысын жариялады, деп хабарлайды abctv.kz.

KAZ Minerals тобы 2018 жылдың алты айында 139,6 мың тонна мыс өндірген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға артық.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында компания 118 мың тонна мыс өндірген болатын.

Компания таратқан мәліметке сүйенсек, биыл мыс өндірісінің ұлғаюына Ақтоғай кен байыту комбинаты айырықша үлес қосқан. Нақтырақ айтсақ, комбинаттағы сульфидті кенді өңдеу көлемі едәуір артқан.

Павлодар облысының аумағында орналасқан Бозшакөл кен байыту комбинаты алты айда 49,8 мың тонна мыс өндірсе, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен байыту комбинаты 60,5 мың тонна өнім шығарған. Ал Қырғызстан жеріндегі Бозымшақ кен байыту комбинатының алты айда өндірген өнімі 29,3 мың тоннаға тең.

Бұдан бөлек, KAZ Minerals жарты жылда 24,9 мың тонна мырыш концентратын, сондай-ақ 89,8 мың унция алтын және 1,637 млн унция күміс өндірген.

Компанияның жарты жылда сатылымнан түскен табысы 1,098 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жалпы табысымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Табыстың өсуіне Ақтоғай кен байыту комбинатындағы мыс өндірісінің 22%-ға ұлғаюы, сондай-ақ Лондон металл биржасындағы мыстың орташа құнының 20%-ға көтерілуі оң әсер еткен.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу