Қазақстанның Тұрақты өкілі БҰҰ Бас хатшысына сенім грамоталарын табыстады

1143

Қазақстанның Тұрақты өкілі БҰҰ Бас хатшысына сенім грамоталарын табыстады

2017 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Бас хатшы Антониу Гутерришке сенім грамоталарын тапсырды. Рәсім ұйымның Нью-Йорктағы штаб-пәтерінде өтті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Рәсімнен кейін болған сұхбат барысында Қайрат Омаров пен Антониу Гутерриш бір-бірін қызметтеріне кірісулерімен жылы құттықтап, Қазақстанның БҰҰ-мен әріптестігінің одан әрі дамитындығына сенім білдірді. Қазақстандық дипломат еліміздің басшылығы атынан жанжалдарды болдырмау, бітімгершілік, бейбіт орнату мен ұзақмерзімді тұрақты даму салаларындағы көпжақты жігерлерге ықпалдасу жөніндегі Ұйымның жаңа басшысының жоспарларын қолдайтындығын білдірді.

Тұрақты өкіл сұхбаттасушысын Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі басымдықтары жайлы хабарландырып, Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша ғаламдық ұйымның жетекшілігімен халықаралық жігерлерді жандандыру маңызын ескерді.

Өз кезегінде Бас хатшы Антониу Гутерриш Нұрсұлтан Назарбаевпен 2016 жылғы 23 қарашада Астанада өткен кездесуін жылулықпен еске ала отырып, Қазақстанның халықаралық сахнадағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Ол әлемнің барлық мемлекеттерімен, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің барлық тұрақты мүшелерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан ел ретіндегі Қазақстанның едәуір беделін басып айтты. БҰҰ басшысының айтуынша, бұл аймақтық қақтығыстарды реттеу мен ғаламдық қауіпсіздіктің басты мәселелері бойынша қайшылықтарды еңсеруге ықпалдасады.

Осыған байланысты, Антониу Гутерриш басқарып отырған ұйымның Қазақстанмен саяси диалог пен практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу