Казкоммерцбанк қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын сатып алды

610

Казкоммерцбанк қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын сатып алды

Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру шеңберінде Қазақстан Ұлттық банкі экономиканы ұзақ мерзімді кредиттеуді қамтамасыз ету бойынша, ипотекалық кредиттеуді дамыту арқылы тұрғын үйді қолжетімді ету бойынша жұмыс істеуде.  Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев үкімет отырысындағы "Әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің орындалуының 2018 жылғы 5 айдағы қорытындылары туралы" сөзінде айтты, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

"Банктердегі қор мерзімін ұзартатын құралдарды заңнамалық деңгейде енгізу жоспарлануда. Мысалы, жинақ депозиттерін енгізу банктерге барынша ұзақ және болжамды қорландыру береді", - деп атап өтті Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы.

Данияр Ақышев ұзақ мерзімді кредиттеуді дамыту мақсатында банктер 200 млрд теңгені 7-20-25 бағдарламасының шеңберінде таяу жылы алатынын, оны ипотекалық кредиттеуге жұмсайтынын айтып берді. Болашақта сома 1 трлн теңгеге жетеді, бұл банктердің ипотекалық портфелінің ағымдағы көлемін 2 трлн теңгеге дейін екі есе көбейтуге мүмкіндік береді.

"Банктер 200 млрд теңгені 5 жылға БЖЗҚ қаражатын банктердің облигацияларына инвестициялау бағдарламасы шеңберінде алады. Облигацияларды орналастыру нарық ойыншыларының міндетті тепе-тең қатысуын болжайтындықтан, банктер тарту сомасын екі есе көбейтеді. 1,2 трлн теңге - қалыпқа келтіру бағдарламасына қатысушы банктер беретін кредиттер сомасы. Бүгінгі күні 865 млрд теңге қайта қаржыландырылды, оның ішінде 170 млрд теңге сомаға жаңа кредиттер берілді. Қалыпқа келтіру бағдарламасының шеңберінде банктер 654 млрд теңге мөлшерінде 15 жылға реттелген қарыз алды, ол таяу уақытта кредиттеуге жіберілуі мүмкін. Казкоммерцбанк қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын 1 трлн теңгеге сатып алды. Бұл қаражатты банк кредиттеу үшін босатады", - деп түсініктеме берді Ақышев.

Оның айтуынша, тұтастай алғанда, банк секторының тұрақтылығын арттыру бағдарламасы, 7-20-25 бағдарламасы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облигациялық бағдарламасы шеңберіндегі жаңа қарыздарды қосқанда, банктердегі ұзақ қордың жалпы сомасы алдағы бір жарым-екі жылда 3,5 трлн теңгеге ұлғаяды. Бұл көрсеткіштер бір жағынан, ұзақ кредиттік ресурстарды жеткілікті ұсынуды қамтамасыз етеді. Екінші жағынан – экономикадағы инфляциялық қысымның күшеюіне әкелмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу