Көне Сарайшық қаласының қағазға түскен сызбасы табылды

2027

Көне Сарайшық қаласының қағазға түскен сызбасы табылды

Атырау облысында орналасқан көне Сарайшық қаласының қағазға түскен сызбасы табылды, деп хабарлайды khabar.kz.

Бұған дейін 3/2 бөлігін Жайық өзені шайып кетті деп есептелетін. Енді табылған жаңа дерек бойынша қала орнында қайтадан қазба жұмыстары қолға алынды. Хан Ордалы Сарайшық Ұлы Жібек жолындағы аса сәулетті кіндік қала болған. Қазақ хандығының алғашқы астанасы туын тіккен жер.

Ұзындығы 300, ені 50 метр жерде қазба жұмыстары күн санап қыза түсуде. Ғалымдар мен студенттер аршылған жердің топырағын сүзіп, әр тастың сырына үңілуде. Археологтар олжаға кезікті. Тереңдігі 1,5 метрден табылған XVII ғасырда соғылған тиындар мен әшекей бұйымдар мамандардың көңілін бірден аударды.

"Бет жағынан орта ғасырлық монеталар табылып жатыр. Сонымен қатар қаптама плита табылды. Бұл енді сол уақытта үлкен ғимараттардың сыртын қаптаған, сырлы бояумен боялған тас", - дейді археологиялық ғылыми зерттеу секторының меңгерушісі Бақтыгүл Хасанова.

"Қазіргі аршылып жатқан орында Хан Сарайының ордасы және ауқатты адамдар қоныстанған шахирстан болуы мүмкін", – дейді мамандар. Себебі күйдірілген қыштан қаланған қабырға сынықтарының бедері мен безендірілуі ерекше. Тарихшылардың үмітін жаққан таяуда Мәскеу мұрағатынан табылған көне қала сызбасы болды. 1760 жылдары еліміздің батыс өңірін аралаған ресейлік ғалым-археолог Алексеев Сарайшық қаласының орналасу тәртібін, сақталған ғимараттарды анықтап белгілеп кеткен. Қазір ол картаны қазақстандық ғалымдар басшылыққа алуда.

"Біз қарастырған Сарайшық қаласының тең жартысынан көбін су шайып кетті деген жоба дұрыс болмай шықты. Өйткені карта бойынша Сарайшықтың 80%-ы толық сақталғанын көрсетіп отыр. Сол карта бойынша XVIII ғасырдағы бұрын біз тек аңыз деп жүрген көптеген нәрселердің жобасы анықталды. Ол картада Жәнібектің Секер көлінің орны, Хан көлі деген көлдердің орны белгілі болып отыр. Сонымен бірге Қасым ханның кесенесінің орны да осы картада жақсы көрсетілген", - деді , археологиялық экспедицияның жетекшісі Марат Қасенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу