Құмар Ақсақалов: Инвесторларға жер таба алмадық

22 Ақпан 2018 10:08

Петропавлда бұдан былай жер телiмдерi ашық аукцион арқылы сатылатын болады. СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов жер қатынастары басқармасының кеңейтiлген алқа отырысында осылай деп мәлiмдедi, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Бұрын жер сату саудасы облыс орталығында өткiзiлмейтiн едi. Соның кесiрiнен қазiр қалада бос жер учаскелерiнiң тапшылығы байқалады.
«Қалада бос жер телiмi жоқтың қасы. Инвесторларға жер таба алмадық. Бәрiн 10 жыл бұрын сатып жiберген, аукционсыз. Ендi жер телiмдерi тек ашық аукцион арқылы сатылу керек. Жердi алғаннан кейiн онда нысан тұрғызу қажет, өйтпеген жағдайда қайтарып аламыз», — дедi өңiр басшысы.
Жер телiмдерiн сату кезiнде барлық жағдайларды ескерген жөн. Әсiресе, демалыс орындарында жердi сатуға тыйым салынды.
«Адамдар демалатын орындарда жердi мүлдем сатуға болмайды. Бiзде саябақта жердi үй тұрғызуға сатып жiберген. Дәл жаяу жүргiншiлер өтетiн жерге баспана тұрғызу еш қисынға келмейдi», — дедi Құмар Ақсақалов.
«Бұл шаруалар не жұмыс iстемейдi, не бiреулерге еңбек етуге мұрша бермейдi. Жалақы төлемейдi, тыңайтқыштарды енгiзбейдi, технологияны сақтамайды. Осының кесiрiнен тұрғындар зардап шегуде. Мұндай жер иеленушiлердiң қатары жыл санап азайып отыру керек. Заң ондай жұмысты жүргiзуге мүмкiндiк берiп отыр. Мен сiздi осы қызметке сол үшiн тағайындадым», — дедi облыс әкiмi.
Айта кетсек, былтыр облыста 188 мың гектар жер мемлекеттiң меншiгiне қайтарылған.