Құрманғазы мен Динаның домбырасы көпшілік назарына ұсынылады

1098

Құрманғазы мен Динаның домбырасы көпшілік назарына ұсынылады

Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының мәлімдеуінше, президент жарлығымен бекітілген жаңа мереке – ұлттық домбыра күнінде "Қазақ Елі" монументінің алдында жалпыхалықтық мәдени шара ұйымдастырылады.

Келесі айдың алғашқы күні өтетін игі іс аясында киіз үй тігіліп, қазақ ұлттық аспаптарының музейі ашылады.

"Музейде Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов сынды ұлы тұлғалар, музыканттар ойнаған домбыралар көпшілік назарына ұсынылады. Домбыраның күмістей сыңғырлаған үні төгіліп тұратын мұндай ауқымды шара елордада бұрын-соңды болмаған", – деді Астана қаласы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Ұлттық домбыра күні музыканттар халық шығармаларын орындайды, ортеке өнерін көрсетеді. Ал қонақтарға домбыра жасау барысына куә болады.  

"Домбыра – асыл мұра" атты концертте Секен Тұрысбек, Айгүл Үлкенбаева, Нұржан Тәжікенов, Асылбек Еңсепов, "Арт Домбыра" триосы өнер көрсетеді. Мұнымен қоса Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, "Отырар Сазы" ұлттық аспаптардың фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының ұлттық аспаптар оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі және Ақтау қаласының қазақ ұлттық аспаптар оркестрі тыңдарманның құлақ құрышын қандырады.

Айтпақшы кез келген адам сахнаға шығып, домбыра тарта алады. Бұл үшін www.asyldombyra.kz сайтына онлайн тіркелу қажет. Үміткер "Көңіл ашар", "Адай", "Балбырауын", "Ерке Сылқым", "Сарыарқа" күйлерін жатқа білуі тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу